ОТБАСЫ МЕРЕЙІ – МЕМЛЕКЕТ МЕРЕЙІ

397 Views

Ауданымызда отбасыларды татулық пен бірлікке үгіттеп, ынтымақтастық пен ауызбіршілікке шақыратын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің марапаттау рәсімі өтті. Өнегелі құндылықтарды жаңғыртып, отбасы мәртебесін жоғарылатуды мақсат тұтқан «Мерейлі отбасы» байқауы 2013 жылы басталған. Осы конкурстың аудандық кезеңінен құжаттары мен еңбек нәтижелері талаптарға сай, қоғамдық өмірдегі қол жеткізген табыстары мен еңбектері елеулі екі отбасы облыстық кезеңге жолдама алып, өз өнерлерін үлкен өңірде көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Шаңбаевтар отбасы – ынтымағы мен бірлігі жарасқан үлгілі отбасылардың бірі. Ордалы отбасының тірегі, киелі шаңырақтың отағасы Шаңбаев Шалданбай ақсақал – соғыс ардагері, шөбере мен шөпшек көрген ардақты ата. Әдеп ту­ралы ұмытқан әдепкі өмірде қазақтың құндылықтарын сақтап, салт-дәстүрлерін сыйлап, әдет-ғұрыптарын бұзбаған Шаңбаевтар отбасы көпке үлгі, талайға тағылым екені шындық. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев «Бүгінгі жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымдарымен емес, TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Жастардың ел дегенде жігері тасып, жер дегенде жүрегі жанып тұру үшін ақсақалдардың кесімді сөзі, ақ жаулықты әжелердің шешімді ақылы керек. Осы қасиеттер бұл отбасылардан анық аңғарылып тұр», – деді.
Ырысы мен ынтымағы жарасып, «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне өткен отбасылардың тағы бірі – Дәлібаевтар отбасы. Бұл отбасы 2018 жылы Құлан ауылынан 75 орындық «Aziza» жекеменшік бөбекжай-бақшасын ашып, балалардың саналы һәм сапалы тәрбие алу үшін барлық мүмкіндікті жа­са­ған. Дәлібаевтар отбасы қайырымды­лықты да ұмытпай, аз қамтылған отбасы­ларға көмек көрсетіп келеді. Мәселен, 2019 жылы Қорағаты ауылындағы тұрмысы төмен жалғызбасты анаға 4 бөлмелі үй сатып алып берген. Жиында аудандық ардагерлер Кеңесінің төр­ағасы Бижанов Қожайхан бірлігі бекем, татулығы мығым отбасылар туралы сөз сөйлеп, алдағы жарысқа сәттілік тіледі. Ол «Сіз­дер жайсаң бабадан, айтулы атадан, абыройлы әкеден тәлім-тәрбие алып – берекелі отбасыға, мерекелі әулетке айналдыңыздар. Сіздердің тамырлары­ңыз тереңде жатыр. Бұтақтарыңыздың бүтін, жапырақтарыңыздың жасыл, ағаштарыңыздың мәуелі болып, жемістеріңіздің жайқалып тұрғаны сондықтан. Бата мен пейілдің, ақ ті­лек пен ізгі ниеттің арқасында үлкен жетістікке жетіп отырсыздар. Сіздерге сәттілік серік болсын, облыста өте­тін жарыстан жеңімпаз болып оралуларыңызға тілектеспін», – деп, жастарға өз батасын берді.

Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ.

 

Поделиться ссылкой: