Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Биыл төрт түлікке арналған азық ауыз толтырып айтарлықтай бітік шыққан. Аспаннан нұр жиі жауып, нөсерлі жауын дархан даланы өз қамқорлығына алғандай көрінеді. Ендігі мақсат – Жаратқанның шарапатынан шашау шығармай, оны дер кезінде жиып алу. Ол үшін дәл қазір аудан дихандары күннің ыстығына қарамастан, егін алқабында ерінбей еңбек етуде. Өткен аптада олардың жағдайын жақын білу үшін аудан басшысы Ернар Есіркепов арнайы барып, мал азығын дайындау жұмыстарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Жағдайды жан-жақты бағамдап, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын берді.
Бүгінде алқаптағы жұмыстар қыза түскен. Алтын түстес алқапты дала кемелері еркін көсеп келеді. Осыдан-ақ, ауылшаруашылығы техникаларының маусымдық жұмыстарға сақадай сай кіргенін анық аңғаруға болады.
Аудан басшысы ең әуелі ауданда бірінші болып егінге орақ салған «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің егіс алқабына барды. Серіктестік басшыларымен жеке тілдесіп, жұмыс барысымен танысты. Содан соң «Ернар» шаруа қожалығына барып, атқарылып жатқан ілкімді істерге өз бағасын берді. Жалпы биыл аудан аумағының 136 671 гектарына ауылшаруашылығы дақылдары себілген. Оның 55 200 гектары күздік бидай болса, 53 073 гектары арпа. Бүгінгі күнге дейін 10203 гектар масақты дәнді дақылдар орылған. Аты аталған жұмыстарға барлығы 29 комбайн жұмылдырылған. Егіс алқаптарын аралаған аудан басшысы жұмыс күшін арттырып, науқанды уақтылы аяқтау аса маңызды екенін ескертті.
– Былтырғы құрғақшылықты ешкім ұмыта қоймаған болар. Еліміздің батыс бөлігін айтпағанда, өткен жылы мал азығына деген тапшылық біздің өңірде де анық аңғарылды. Ал, биыл жағдай өзгеше. Жаңбырдың жиі жауғанының әсерінен өнімділік артып отыр. Бұл – қуантарлық жағдай. Ендігі басты мақсатымыз – оны дер кезінде жинап алу. Жүйелі жоспар, айқын мақсат жұмысты жеңілдетеді. Сондықтан да мүмкіндігінше жұмыс күшін арттырып, орақ науқанын жедел аяқтауымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, әр сағатымыз санаулы, – деп шаруаларға сәттілік тіледі.
Агросалаға жаңа технологияны енгізу – бүгінгі күннің басты талабы. Өкінішке орай, оны жақсы түсінетін шаруалар біздің қоғамда тым аз болып тұр. Неге екені белгісіз, кейбір шаруалар осы бір тиімді әдіске жаппай көшуге құлықсыз. Әйтпесе, жасалып жатқан түрлі көмектер мен жайлы жағдайлар жоқ емес, бар. Оған айқын дәлел ретінде Тереңөзек ауылының төңірегіндегі 121 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясымен пияз дақылын отырғызған «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының бүгінгі атқарып отырған жұмыстарын үлгі ретінде келтіруге болады. Аралау барысында аудан әкімі Ернар Серікәліұлы аталмыш шаруа қожалықтың жұмысымен де танысып, жасалып жатқан жүйелі жұмысқа жоғары бағасын берді.
Арнайы бетті дайындаған Жәнібек СҰЛТАН.