Пайдасы мол пилоттық жоба ауыл халқының табысын арттырады

313 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің кемел келешегін көздеген дәстүрлі Жолдауларында Үкіметке халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шаралар тізімін жасақтауды әрі оның жер-жерлерде жүйелі жүзеге асырылуын назарда ұстауды тапсыруда. Президенттің тапсырмасына сәйкес, халық атаулы көмек қана алып қоймай, тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Өңірімізге жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова аймақта атқарылып жатқан ілкімді істерді көзбен көрді. Алдымен өңір активімен кездескен министр халықты жұмыспен қамту шараларына тоқталып, жергілікті атқарушы орган өкілдерін жұмыссыздық деңгейін назарда ұстауға шақырды.

Жиынға өңір басшысы Нұржан Нұржігітов, облыс­тық мәслихат пен жергілікті ат­қарушы орган өкілдері, ау­дан әкімдері қатысты. Жиын­да Тамара Дүйсенова қазір еңбек нарығында болып жат­қан өзгерістер туралы айтты. Аймақта 15-28 жас ара­лығын­дағы жастардың саны – 221 мың. Бұл облыс халқының 19 пайызын құрайды. Осыған орай, министр жастарды жұмыс­пен қамтудың маңыздылығына айрықша тоқталды.
– Жамбыл облысындағы жастардың саны 2030 жылға қарай 64 мың адамға көбейіп, 286 мыңға жетеді. Ал 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 100 мыңға артады. Экономикалық белсенді жастардың саны 2030 жылға қарай 149 мыңға дейін көбейіп, еңбек нарығына күш түсіретіні анық. Мектептегі біліммен қалған жастардың үлесі — 18%, ал жоғары білімді жастардың үлесі — 39%», — деді Тамара Дүйсенова.
Бұдан бөлек, министр биыл­ғы жылдың 6 айында облыста 27 мыңнан астам адамның жұмыс­қа орналасқанын атап өтті. Оның басым көпшілігі – 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа тұрған.
– Жамбыл облысында жұ­мыссыз ретінде тіркелген 4816 жұмыссыз адамның 2526-ның біліктілігі бар, ал 2290 адамның біліктілігі жоқ. Өңірде бос жұмыс орындары жеткілікті екенін Электронды еңбек биржасындағы осындай мысалдардан-ақ байқауға болады. Жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсетіп, қажетті жұ­мыс орындарына орналасуға барынша қолдау көрсету – барлығымыздың міндетіміз», – деді Т.Дүйсенова.
Кездесуде сондай-ақ қазақстан­­дықтарды зейнет­ақы­мен қамту, халықты әлеумет­тік қолдау, мүгедектігі бар адам­дарды қорғау шара­лары да талқыға түсті.
Бұдан кейін, ЕХӘҚМ бас­шысы аймақ тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Жалпы, аталған жоба биылғы жылы тағы 10 ауылдық округте іске аспақ. Бұл бағытқа «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қо­ғамы арқылы несиелендіруге бөлінген 6 млрд. 47,5 млн. теңге қаржы қарастырылуда. Қазіргі таңда жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің есептері нақтылануда. Тамара Қасымқызы ауылдық жерлер­дегі жанұялардың табыс көзіне айналған жобаның жүйелі іске асуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
Бүгінде бірегей жобаның жемісін Байзақ ауданындағы Қостөбе және Үлгілі ауылдық округіндегі тұрғындар да кө­руде. Қазіргі таңда олар өз жеке кәсіптерін ашып, игілігін көріп отыр. Тұрмысы түзелген тұрғындар министрмен өз жос­пар­ларымен бөлісті. Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауы­лының тұрғыны Әбужақып Қалдаров жобаның тиімді тұстарын атап өтті. Зейнеткер 2 миллион 400 мың теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болып, мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Қазіргі таңда мал басын 15 жылқыға жеткізген ауыл тұрғыны бұл кәсіп отбасының табыс көзіне айналғанын айтты.
– Пилоттық жоба аясында отбасылық жеке кәсібімізді аштық. Алғашында 5 жылқы сатып алдық .Бүгінде өз жос­парларымызды сенімді түрде жүзеге асырудамыз. Ауыл экономикасының да­муы­на үлес қосып, бағдарлама­ның қарқынды жүзеге асуына үлесімізді қосатын боламыз. Себебі, оның пайдасы мол екеніне көзіміз жетті, – дейді шаруа.
Ауылдық округтегі сапа­рында министр жобаның игілі­гін көрген бірнеше тұрғындар­мен кездесті. Олар­дың қата­рында ірі қара мал өсірумен қатар, үлесінде 10 соттық жері бар Қостөбе ауылындағы «Рүстем», асыл тұқымды тауықтарды өсіруді кәсіпке айналдырған Үлгілі ауылындағы «Ғалымжан» жеке шаруа қожалықтары бар. Әсіресе, темірден түйін түй­ген Әмірбек Төлеповтың жұмы­сы жұртты сүйсінтті. Жоба аясында 2 миллион 800 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізген ол бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мек­теп қабырғасында-ақ түрлі техниканың тілін меңгерген Әмірбек бұл күнде асыраушы са­лаға қажетті техника жасаудың майталман маманы атанған.
– Бұл іске бала күнімнен құмар болдым. Сондықтан, әрбір техникаға барынша жанымды, күш-қайратымды, идеямды қосамын. Мейлінше, шаруашылыққа аса қажетті ерекше туынды жасауға тырысамын. Алдағы уақыт­та кәсібімді ұлғайтуды жос­пар­лап отырмын, — деді Ә.Төлепов. Шаруалардың ты­ныс-тіршілігімен танысқан соң министр ханым жоба аясында несие рәсімдеп, жұмысын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің құлашын кеңге сермеуіне жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсетілуі қажеттігін атап өтті.
Жұмыс сапары соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыс орталығындағы 150 орын­дық оңалту орталығының құры­лы­сымен танысты. Айта кетейік, ғимарат бірнеше блок­тан тұрады. Мәселен, бірінші блокта бассейн, киім ауыстыратын бөлме, спорт және көрермендер залы болса, екінші блокта – медициналық каби­неттер орналасқан. Ал үшінші блокта – асхана, қалған блоктарда – екі орындық және бір орындық палаталар бар. Құрылысқа жауапты «Таразстрой-2004» мердігер ком­пания­сы жұмыстарды ке­ле­сі жылы аяқтауды жоспар­лап отыр.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: