Бір кем дүние
Намыс қайда?
«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн» (Ататүрік).
Ал бізде, қазақтарда қалай? Басқа — басқа, тіпті Парламенттің өзінде, Сенаты бар, Мәжілісі бар, дауысқа салғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тіліне қарсы дауыс берді.
Ал дәл осы Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп шешім қабылдаған болатын.
Бұл толқу сонда не толқу? Депутаттардың басым көпшілігі кешегі өз шешіміне қарсы шыққаны қалай?
Жоғарыда Ататүрік айтқан ұлттық қасиеттердің мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиет, ұлттық намыс өлген ғой.
Міне, бұл нағыз қасірет!
Бір кем дүние.
Ойлан, қазақ
… Түрік ұлтының мінезі асқақ. Түрік халқы еңбекқор. Түрік халқы зерек халық. Өйткені, түрік халқы ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді.
«Мен – түрікпін!» деген адам қандай бақытты (Ататүрік).
Ал бізде, қазақтарда қалай? «Мен – қазақпын!» деп бәрі де қасқайып тұрып мақтанышпен масаттана айта ала ма? Ай, білмеймін. Қазақтардың жартысына жуығы өз ана тілінде сөйлей алмайды деп жазып жүр ғой газеттер. Ол рас шығар. Оған өзім депутат ретінде Парламентте жүргенде көзім жеткен. Қазақша сөйлейтіндер некен-саяқ болатын.
Президентіміз Нұрсұлтан мырза: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», – деп айтқан.
Бірақ…
Зор кем дүние. Амал қанша?!
Ұмытпа
9 мамыр – Жеңіс күні. Жылда тойланады. Газеттер N — лерін осы Жеңіске арнайды. Өте дұрыс. Ал осы Жеңіс тек әскер күшімен келген жоқ. Ауыл, қала еңбекшілерінің де үлкен үлесі болды ғой. Бірақ Жеңіс күніне арналған TV хабарларында не газеттерде тыл ерлері туралы ештеңе айтылмайды.
Әділетсіз әлем.
Тылсыз Жеңіс келер ме еді? Ұмытшақ заман.
Бұл бір кем дүние. Сол жаман.
Қанатты адам.
Соғыс жылдарының бірі. Жазғы шілде еді. Жұмыстан келе сала Айша қатты құлады. Тек үрейлене қорыққан маған қарлыққан дауыспен:
– Аққыз… Аққыз апаңа жет… – деді.
Түсіне қойдым. Біздің үйден кейін екі сайдың ар жағында әскерге кеткен Поштақұлдың үйінде… егер басқа жаққа кетіп қалмаса, Аққыз әпкеміз сол үйде. Есіктен кіре бере:
– Айша… апам, – деп демім жетпей, әйтеуір, ишара беруім сол екен…
Аққыз әпкем көз алдымда лезде жоқ болды. Сірә, терезеден ұшып шығып кетті ме, білмеймін.
Мен үйге қайтып келсем, Айшаны айнала зікір салып жүр екен.
Аққыз әпкеміз мүлде өзгеріп кеткен, нағыз бақсы, баяғы шамандықтан қалған шын сарқыт осы болар. Аққыз дүниеден өткен соң біздің Мыңбұлақта бақсы болған емес. Аққыздың орны ойсырап қалды.
Бір кем дүние.