Көкжөтел дегеніміз не?
43 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
«Сақалыңнан айналдым, қарт бабалар,
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар!»
-деп жырлаған. Мұқаңның осынау өлең шумағынан қандай ой түюге болады? Яғни, бұдан біз тентегін тезге салып, өскелең ұрпаққа тәбәрік болар тағылымды өсиетін айтып отыратын ақсақалдық дәстүрдің үлкен маңызға ие екендігін аңғарамыз.
Өткен сәрсенбіде киелі Құлан жеріне арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев аудандық «Сұлтан» мешітінде аузы дуалы ақсақалдармен кездесіп, қарияларымыздың қоғамдық өмірдегі рөлі төңірегінде келелі әңгіме өрбітті. Жиынға аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп Жадраев және әр ауылдық округтен келген ауыл қариялары қатысты. Өз сөзінде «Араздасып ағайын кетер еді, бір қария болмаса бір ауылда» деп пікір айтқан Данияр Әлимұхамедұлы имамдардың біліктілік деңгейі мен жат ағымның жетегіне ерген жастарымыз жайында өткір сөз қозғады. Басқосу барысында Абай ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Тұрсынбек Озғанбаев ел аумағында ысырапшылдықтың кең өріс алып бара жатқандығын сөз етті. Ақсақалдың бұл сауалына Қожайхан Қазыбайұлы:
-Дұғада болсын тілегің,
Иманды болсын жүрегің.
Өзіңе ғана тілемей,
Өзгенің тіле тілеуін.
Орындалар сол кезде,
Тілеген барлық тілеуің
-дей келіп, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Әлимұхамедұлының кеудесіне «Жамбыл облыстық Ардагерлер ұйымына – 30 жыл» медалін және аудандық ақсақалдар Кеңесінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Марат ДИХАНБАЙ.