80 ЖЫЛДЫҚ ЖЕТІСТІК

1 268 Views

80 ЖЫЛДЫҚ ЖЕТІСТІК

 Аудандық мәдениет үйінде ауданның құрылғанына 80 жыл толуына орай «Құт-береке дарыған, өрісі кең өңірім» атты конференция өтті. Конференцияда сөз алған аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Сүйерханұлы: «Осыдан 80 жыл бұрын өз алдына отау құрған ауданымыз күні бүгінге дейін талай нәубетті өткізді. Ал бүгін көп ұлтты, ынтымағы жарасқан сол ауданымыздың құрылғанына 80 жыл толуын тойлап отырмыз. Осынау мекеннің «Киелі Құлан» деп аталуының өзі 2000 жылдық тарихы бар Тараз шаһарымен тамырлас екендігінен хабар береді. Жеріміз көркейіп, еліміз өркендеп, өсе берсін!» -деп түйіндеді өз ойын. Бөлім басшысының сөзінен кейін ауданымыздың 80 жыл ішінде жеткен жетістіктері мен атаулы тұлғалары Олимпиа жайлы баяндамаларға кезек берілді. «Қазақтың біртуар азаматы Т.Рысқұлов бейнесі, оның а з а м а т т ы ғ ы , х а л қ ы н ы ң болашағы үшін жасаған батыл қадамдары мен ұлтжанды, қайсар қалпы ұлтын сүйген ұрпаққа үлгі-өнеге болмақ» -деген Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, жас маман Дулат Құдыс «Тұрар – мәңгілік тұлға» деп аталатын баяндамасын оқыды. «Батырлар жерін қорғаған, абыздар халық қолдаған» атты баяндамасында №1 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Шерхан Кененов Құдайберген Датқа жайлы мағлұмат берсе, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің тәлімгері Бекзат Деулетова «Сөз маржанын терген ақын-жазушылар» атты баяндамасында ақын Қазыбай Бижанов, жазушы Әбжаппар Жылқышиев, Совет Әлімқұлов, Кәріпжан Нүсіп, Өзбек Ақжолұлы, Қуандық Шолақ, Шырын Мамасерікова сынды әдебиет жанашырларының өмір жолынан сыр шертті. Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Лаура Өскенбаева өз баяндамасында ауданнан шыққан мәдениет саңлақтары жайлы сөз қозғады. Жүніс Әлімбеков, Бақытжан Әлпейісов, Жалғас Толғанбай сияқты актерлар мен Досымжан Таңатаров, Тахмина Әшімбекова, Гүлнұр Өмірбаевадай әншілер жайлы айта келе, аудандық мәдениет үйіне есімі берілген белгілі сазгер Мэльс Өзбековтің өмір жолы мен аудан мәдениетіне қосқан сүбелі үлесі, еселі еңбегі туралы айтып өтті. Ал ауданымыздың спорты мен жайлы сөз қозғасақ, мақтанарлықтай жөніміз де бар. Атап айтқанда, кешегі Сидней олимпиадасының жеңімпазы, боксшы Ермахан Ыбрайымов, Еркін күрес шеберлері Сидней олимпиа дасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков пен 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, 2016 жылы Рио-Де-Жанейродағы жазғы олимпиадада күміс жүлдеге ие болған дзюдошы Елдос Сметовтың есімдерін білмейтін қазақ жоқ бүгінде. Одан басқа да ауданымызда есімдері еленіп келе жатқан жас спорт шеберлері мен жеңімпаздары Республика көлемінде, халықаралық дәрежеде танылып келеді. Міне, осындай деректерді Құлан мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Шолпан Жаманқұлова мақтанышпен айтты. Ал 80 жылдық тарихы бар киелі өлкеміздің көне тарихы мен қазба жұмыстары жайлы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы Зәуре Сарманбетова айтып берді. Ол аудан көлеміндегі киелі мекендердің тарихы мен тылсым табиғаты жайлы қызықты деректер келтіріп, әлі де зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, әрі зерттелу қажеттігін тілге тиек етті.

С.ҚАРАСАЕВА.

salta_rakhmetullina@mail.ru

Поделиться ссылкой: