Дәстүрдің озығы мен тозығы

568 Views

Жаратушымыз күллі адамзатқа Өзінің тура жолын көрсету үшін Ислам дінін тарту етті. Өзінің Кәләм Шәрифінде және Елшілерінің нұсқаған тура бағыт-бағдарында біздерге әр кез дұрыс діни сенімде болуды және Өзіне еш серік қоспауды бұйырды. Әңгімемізге арқау болып отырған бүгінгі тақырыпта дәстүріміздің озық жерлері мен тозық бағыттарында сөз етпекпіз. Әуелі қозғаған тақырыбымыз жайында бір сәт Құранға зер салып көретін болсақ, Алла Тағала Құран Кәрімнің Хужурат сүресінің 13-аятында былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасын­да ең ардақтыларың – тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәр­седен хабар алушы», – дейді. Аяттан байқағанымыздай, адамдарды түрлі ұлттар мен ұлыстардан, рулардан және олардың салт-дәс­түрлерін де жаратқандығынан үлкен хикметтерді байқауымызға болады екен. Қай ұлт немесе қай халықты алсақ та, өзінің ұстанған дәстүрлері болары сөзсіз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, салтымыз бен ғұрпымыз да қайта жандана бастағанына қараша халық куә. Дініміз бен салтымызға берік болу да ұлттық міндеттеріміздің бірі болып саналады. Жоғалған дәстүрімізді қайта қалыптастыру жолында кейде сол ұмыт болған дәстүрлерімізді қайта жандандырамыз деп, кейде дінімізге қайшы болатын кейбір дұрыс емес ғұрыптар мен түрлі ырым-сырымдардың да ел арасында орын алып жататындығын байқап қаламыз. Солардың ішінде мысалы, дәстүрі­мізде болған деп «сәуегейшілдік», «бал ашу», «отқа май тамызу», «сейсенбі күнгі жаназа намазын түстен кейін шығару», тіпті дәстүр деп санамасақ та, «мысықтың алдымыздан кесіп өтуін тағдырға санау», «бір затқа қызыл шүберек байлап қою», «зират басына ақ мата байлап қою» деген сияқты наным-сенімге қатысы жоқ амалдарды айтуға болады. Біздер мұны білуіміз керек, мысалы, отқа тамызу – мәжусилерден (отқа табынушылар), ырым-сырым­дар – мүшріктер (көпқұдайшылдар) дәуірлерінен қалып кеткен жаңсақ пікірлер болып саналады. Пенде әрбір орындалып жатқан амалдың нені үгіттеп, нендей бағыттарға үндеп жатқанын зерделеп, оның мағынасы мен астарлы мәніне терең үңілуі керек. Алысқа бармай-ақ, дін қызметкері болғандықтан, ел ішінде күнделікті өзіміздің куә болып, көріп жүрген кейбір амалдарды айта кетуімізге болады. Мысалы, Құран оқылып жатқан кезде дастархан үстінде пышақ болмау керек, Мәйіттің басынан нан айналдырып алып қалу, тиын шашу, жаназада мәйіттің иесі қарызын өз мойнына алған соң ол кісінің жалғыз өзін саптың ең соңына жамағаттан бөлек тұрғызып қою, сондай-ақ, қабірде мәйіт жерлеп жатқан кезде күректі қолдан-қолға бермеу сияқты амалдарды кейбір адамдар дұрыс ғұ­рыптар санатына қосып жүргендерін байқауымызға болады. Діни тұрғыдан барынша түсіндіруге қанша тырыссақ та, кейбірі түсініп, кейбірі дәстүрімізге жаба салады.
Салт пен ырым екеуі екі ұғым. Екеуі­нің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Көрімдік беру, сүйінші сұрау, күйеуге төс табақ тарту, сәлем салу сынды терең мағыналы дәс­­түр­леріміздің қашанда мағыналары керемет. Дәстүріміздің тағы бір пай­далы да әсерлі жерлері сүннет пен мұстахаб амалдарымызды одан да нығайтып, қуаттап шегелей түсетіндігінде екен. Мысалы, келіннің ата-енеге сәлем салуы сый-құрметтің діни тұрғыдан да үлкен қошемет болып жатқандығын меңзейді. Демек, алдыңғы буын баба­ларымыз өз дәстүр мен ғұрыптарын дінмен сабақтастырып отырғандығын аңғаруымызға болады. Дәстүрді те­ріс­ке шығару – адасушылықтың белгісі болып табылады. Кімдер теріске шы­ғарды? Бұл әрекеттерге Ислам діні­нің ішінен кейінгі шыққан адасушы ағымдарымызды айта кетуімізге бола­ды. Олардың пайымдауынша, әрбір дәстүрдің негізі жоқ, әрі дінге енгізіл­ген жаңалықтар (бидғат) болып табылады дейді. Біз тақырыбымызда тек тозығы жеткен дәстүрлерден аулақ болуды ғана тілге тиек етудеміз. Кейінгі жас буындарға ара-жігін көрсетіп беруді діни уәзипамыз деп білудеміз.
Дәстүрге сай емес кейбір істеріміз жинақталып үлкен күнәлар болуы мүм­кін жайында да біраз ойланғаны­мыз жөн болады. Бұл дегеніміз – дәстүрді немесе Ислам дінінің түпкі мақсатын түсінбегендіктің белгісі.
Дініміз дәстүрге сай болмаған, еш мағына бермейтін, тозығы жеткен дұрыс емес дәстүрлер мен түрлі ырым-сырымдардан қайтарады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайын­да: «Кімде-кім дінімізге бізде жоқ нәрселерді кіргізсе, ол қайтарылады, қабыл етілмейді», – дейді.
Бұл жерде нені аңғаруға болады? Кейбір дұрыс емес істер жұртымызда дәстүр болып қалыптасып кеткен. Бұларды дәстүрдің тозығы деп те атауға болады. Тіпті кейбірі сонау шаманизмнен де қалып кеткен десек те болады. Ал бұл дегеніміз – бидғати істер. Бидғати істер күнәға жатады. Неге десеңіз, осы амалдар арқылы біз­дер Жаратушыға деген сенімдерімізді жоғалтуымыз мүмкін, я болмаса серік қосуларымыз да әбден мүмкін болып саналады. Мұның бәрі ілімсіздік­тен туындайды. Ал ілімсіздік ақыры адамдарды адасушылыққа апарары сөзсіз.
Ғұламалар: «Егер адам мың кітапты оқыса да, барлық ілімді толықтай меңгерсе де, өз ғасырының данасы болған болса да, егер ол бидғат (дінге жаңалық енгізу) жолымен жүрген болса, оның мехнаты бекер», – дейді.
Жаратушымыз баршамызды Өзінің тура жолынан айырмасын!

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
Луговой ауылы.

Поделиться ссылкой: