Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле

501 Views

Өткен аптада білім қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен дәстүрлі конференцияға аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша жетекшісі Назима Жұбандықова, құқық қорғау органдарының басшылары, мектеп директорлары және мұғалімдер қатысты.
Конференцияда алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген аудан басшысы Ернар Серікәліұлы биыл ауданда 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Олар қай мектеп екенін біліп те отырған боларсыздар. Өйткені, ол сан мәрте жазылды, айтылды. «Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Құлан мектеп-гимназиясы мен Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебінің оқушылары Білім күнін өзге нысанда қарсы алады. Дегенмен, бұл – уақытша келеңсіздік. Біз ол мәселені қарастырып қойдық. Құлан мектеп-гимназиясының оқушылары Құлан агротехникалық жоғары колледжінің базасында оқыса, №2 шағын орталықты орта мектебінің оқушылары Абай шағын орталықты орта мектебінде уақытша білім алатын болады. Ары кетсе – 1 ай. Оқушылардың алаңсыз білім алуына ешқандай да кедергі жоқ. Тасымалдау жағы толықтай шешілді. Осының бәріне түсіністікпен қараған абзал. Бәрі реттеледі. 1 айдың шамасында мен атаған мектеп оқушылары өздері білім алатын алтын ұяға оралады. Жаңа оқу жылында еңбектеріңізге табыс, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін» деді аудан әкімі Ернар Есіркепов.
Содан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова «Білім беру жүйесіндегі терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиеттерінің маңызы» деген тақырыпта баяндама жасады.
«Мұғалім сөзімен, ісімен, мәдение­ті­мен, білікті білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, балалармен тіл табысудағы қасиетімен асқақ. Өз кәсібін қадірлеген ұстаз ғана педагог мәртебесін биік ұстай алады. Қазіргі қоғамға қажетті осындай ұстаздар» деп бастады баяндамасы­ның алғы сөзін Майра Айдарбекқызы.
Өткен оқу жылында кәсіби білік­тілігі жоғары, шығармашыл, жаңашыл ұстаздардан дәріс алған дарынды, талантты оқушылар айтарлықтай жетістіктер көрсеткен. Мәселен, облыстық ғылыми жобалар жарысында 11 оқушы және облыстық «Зерде» зерттеу жобалары мен шығармашы­лық жұмыс байқауынан 9 оқушы жүл­делі орындарға ие болыпты. Сондай-ақ, облыстық шығармашылық байқаулардан 87 оқушы, республикалық байқаулардан 23 оқушы жүлдегер атаныпты. ХХІІ республикалық «Абай оқуларынан» Абай орта мектебінің оқушысы Әліби Жұмабек жүлделі І орын, республикалық «Шерхан Мұртаза оқуларынан» Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің оқушысы Аяулым Надырқұл жүлделі І орын, республикалық «Мәшһүр-Жүсіп Көпеев оқуларынан» Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Жайна Мұратқызы жүлделі І орын, республикалық «Ілияс оқуларынан» Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Жасмин Ақтайлақова жүлделі II орын иеленсе, республикалық «Мұқағали оқуларынан» Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Ұлжан Мақталы жүлделі ІІІ орын, республикалық «Абай әлемі» байқауынан Абай орта мектебінің оқушысы Алина Тойлыбай жүлделі ІІІ орын иеленген екен.
Жоғарыда аталған дарынды шәкірттерді тәрбиелеуде Айнұр Тәтібекова, Зина Ілиясова, Райхан Замбаева сынды ұстаздардың еңбегін ерекше атап өткен абзал.
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін ауылдық жерлерден ерекше қабілетті оқушыларды анықтау мақсатында 2019 жылдан бастап талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі «Мың бала», «Айқанат» онлайн мектебі жобалары жүзеге асырылып отыр. Осы жобаларға қатысу көрсеткіші де жылдан-жылға артуда. Ауданымыздан «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасынан 9 оқушы, «Айқанат» интеллектуалды олимпиадасынан 5 оқушы жүлделі орындарға ие болса, 2 оқушы республикалық «Айқанат» мектебінде оқу­ға мүмкіндік алыпты. Осының бәрін Майра Базарова өзінің бағдарлы баян­дамасында тәптіштеп айтты. Білім бөлімі­нің басшысы мынадай деректі де атап өтті өз баяндамасында. «Аудан бойын­ша 2021-2022 оқу жылын 27 орта мек­­теп­те 805 түлек аяқтады. Оның 673-і, яғни 83,6 пайызы ҰБТ-ға қатысты. 100 балдан жоғары жинаған оқушылар саны – 53 болса, шекті деңгейден 56 түлек өтпеді. Ақыртөбе орта мектебінен 9 оқушы, Құлан мектеп-гимназиясы мен Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінен 8 оқушы, Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебінен 5 оқушы, Максим Горький атындағы орта мектебінен 4 оқушы, №1 мектеп-лицейі, Қызылпан Сұлтанбеков, Болтай батыр, Райымбек Смаилов атындағы орта мектептерінен 3 оқушы, Шоқан Уәлиханов, Алғабас орта мектептерінен 2 оқушы, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі, Абай, Қорағаты, Ақтоған, №5 және Жамбыл орта мектептерінен 1 оқушы шекті деңгейден өтпеген.
Ұлттық бірыңғай тестілеу қоры­тындысы бойынша ауданның орташа балы – 74. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 0,5 балға өскен. 2021 жылы – 73,5 % болған. 2021-2022 оқу жылын 40 түлек «Алтын белгі» төсбелгісімен 38 түлек «Үздік аттестат­пен» аяқтады. «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлерінің 12-сі ғана 100 балдан жоғары балл алса, 4-еуі, яғни Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінен 1 оқушы, Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебінен 1 оқушы, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінен 1 оқушы, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінен 1 оқушы 70 балдан төмен балл алған. «Үздік аттестат» иегерлерінің 17-сі 100-ден жоғары балл алса, 70 балдан төмен жинаған 1 оқушы. Бұл нәтиже – пән мұғалімдері­нің оқушылар білімін объективті баға­ламауы, мектеп әкімшілігінің білім сапасына бақылау мен басқаруды әл­сіретуінің салдары екендігін көрсе­теді. Алдағы оқу жылынан бастап білім сапасына мектепішілік бақылауды күшейту, мектеп түлектерінің ҰБТ-ға дайын­ды­ғы мен білім сапасын арттыру бағы­тында шаралар қабылдау қа­жет. Білім беру мекемелері қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асыру мақсатында білім бөлімі жыл сайын аудан мектептерін рейтингтік баға­лауды жүзеге асырып келеді. Өткен оқу жылындағы рейтингтік бағалау нәтижелері бірқатар критерийлер бойынша білім беру ұйымдары жұ­мысының оң динамикасын көрсетіп отыр.
Ең жоғары нәтиже көрсеткен Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебі. Бұл білім ошағы соңғы 3 жылда аудандық рейтингінің көшбасында тұр. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыстық «Ең үздік инновациялық мектеп» номинациясын және 1 000 000 млн. теңгенің сертификатын иеленіп отыр. Бұл – мектептің кадрлық әлеуетінің жоғарылығы, педагогикалық ізденістің көпжылдық жұмыс тәжірибесі, мектеп әкімшілігі мен ұжымның қажырлы, табанды еңбегі мен бірлескен жұмысының нәтижесі. Өкінішке орай, Малдыбай, Қорағаты, А.Шынасилов, №3 орта мектептері мен Бәйтелі бастауыш мектептерінің пән мұғалімдерінде ізденістің жоқтығы, мектеп әкімшілігінде шығармашылық бастаманың болмауы салдарынан аудандық рейтингі бойынша ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Отаншылдық сезім – ұлт рухының айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Сан ға­сырлар бойы сұрыпталған ұлттық құн­дылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан сусындатып, еңбексүйгіштік пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Олай болса, Сіздерді және барлық педагогикалық ұжымды осындай жауапкершілігі мол еңбекте табысты болуларыңызға тілектестігімді білдіремін» деп аяқтады баяндамасының соңын Майра Базарова. Конференция барысында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша жетекшісі Назима Жұбандықова білім беру ұйымдарындағы жемқорлық мәселесі жайында, Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінің директоры Мадина Сәрсенова «Тірек мектеп жағдайында инновациялық білім беру үрдістерін басқару аспектілері», аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Айнұр Баймұратова «Әлеуметтік әріптестік – әлеуметтік еңбек қатынастарының тұрақты дамуының негізі», №1 лицей-мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жанар Серкебаева «Мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығы», аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының учаскелік инспекторы Қуаныш Бейсенбек «Қауіпсіз мектеп – бала қауіпсіздігінің кепілі» деген тақырыпта баяндама жасады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: