Балаға жасаған жақсылық – өзімізге жасаған жақсылық

282 Views

Тәуелсіздікті баян ету – аңсар мұра­­ты­мыз, өтпелі шақтағы қиындықты жеңу – азаматтық міндетіміз, ал тұрмысы төмен азаматтарға, ата-ана­ла­рының қамқорынсыз қалған балаларға қолдау көрсету – адамгерші­лік парызымыз. Осындай мақсатпен Алғабас орта мектебінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға материалдық және басқа да көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізілді.
Биылғы жылы акция «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық!» атты ұранмен өтті.
Еліміздің өркендеуіне білімді жастар ғана үлес қоса алатынын ескерсек, балаларға жасаған қамқорлық елімізге еселеп қайтатыны анық.
Қазіргі уақытта қамқорлық пен қолдауға мұқтаж болған, көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқандар, әр адамнан қайырымдылық, алақандарынан жылулық сезімін күтеді. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған азаматтар арасында «Нұрдәулет» шаруа қожалығының басшысы Ыбырай Даянов және ауыл тұрғындары Әшірхан Тасқұлов, Айгөз Әли сынды жандар бар. Сондай-ақ, игілікті іске Алғабас орта мектебінің ұстаздары Аманқұл Гагарин, Ләззат Махамбетқұлова және «Маса ата» мешітінің имамы Бекжан Төлепберген де атсалысты. Аты аталған азаматтар аз қамтылған көпбалалы отбасы балаларын азық-түлікпен, киімдермен, оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етті. Қол ұшын беріп, аталмыш акцияға атсалысып отырған ұстаздар қауымына, жеке кәсіпкерлерге айтар алғысымыз шексіз.Осындай қайырымдылық акциялары әлі де жалғасын таба береді де­ген сенімдеміз.
«Жылуы жоқ үй­ден без, қайырымы жоқ биден без» – деген дей, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, балаға шын жүрегімен көмек көрсеткен ата-аналар «тамшыдан теңіз құралады» деп қолдан келген көмектерін аямады.
Жақсылық әр баланың жүрегі­не қуаныш сыйласын. Балалардың алғысы сіздердің отбасыңызға ақ нұр болып жаусын, қайырымды жан­дар!» – деп Алғабас орта мектебінің ұжымы алғысын білдіреді. Ел еңсесін биіктеткен осын­дай мерейлі істер жаңа көкжиектерге бас­тай берсін. Ата-бабамыздан мұра болып қалған қайырым­дылық пен жомарт­тық бола­шақта да өз қадірін жоймаса екен. «Ба­­лаға жасаған жақсылық – өзімізге жаса­ған жақсылық» деп білейік, ардақты ағайын!

А.Қораласбаева,
Алғабас орта мектебінің
әлеуметтік педагогы.

Поделиться ссылкой: