Келелі жиын өтті
21 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің, сондай-ақ, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі, Қазақстан Суретшілер одағы Жамбыл облыстық филиалының мүшесі Айымбеков Әлімжан Аманкелдіұлына «Қазақстанның педагогикалық академиясының профессоры» деген атақ берілді. Аты айтып тұрғандай, бұл атақты Қазақстанның педагогикалық академиясының ғылыми қауымдастығы суретші-педагог Әлімжан Айымбековке педагогикалық кәсіби біліктіліктің дамуындағы игілікті істері үшін берген. Әлімжан Аманкелдіұлы салған суреттер таңдай қақтырады расымен де. Ол – бұл атаққа әбден лайық азамат. Өзі шаршау дегенді мүлде білмейді. Әрдайым ізденісте жүреді. Еңбекқор. Ауданда өткен кез келген мерекелік іс-шараларда көрме ұйымдастырылса, сол жерден Әлімжан Айымбековтің картиналарын міндетті түрде көресіз. Өйткені, ол – кәсіби суретші.Өзіміз куә болған жағдайды айтайық, мәселен. Былтыр облыста Тұрар Рысқұлов ауданының мәдениет және өнер күндері болды. Сонда суретшінің картиналарына жұртшылықтың дән риза болып, жоғары бағасын бергенін өз көзімізбен көрдік. Халықтың «Мынау деген шедевр ғой!» дегенін естідік сол кезде. Бұдан артық қандай баға керек? Міне, нәтижелі еңбектің жемісі – бұл.
Әлімжан Айымбеков 1983 жылы Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы училищеге түсіп, 1987 жылы осы училищені Театр декораторы мамандығы бойынша бітірген. Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектебінің түлегі. Ұстаздық қызметтегі еңбек өтілі – 32 жыл. Ол көптеген облыстық, республикалық байқауларда жүлдегер атанған. Айталық, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген мұғалімдер арасындағы сурет байқауында ол жеңімпаз болды. 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Әулиеата бояулары» атты 1-ші халық шығармашылығы фестивалінің қатысушысы. Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Суретшілер одағы Тараз қаласында ұйымдастырған республикалық көрменің қатысушысы. Қарағанды қаласында өткен «Где-где в Караганде!» атты республикалық көрменің қатысушысы. «Яблонная палитра» атты республикалық ұйымның мүшесі. 2021 жылы Шымкент қаласында өткен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне арналған «Мәдени мұра» атты халықаралық суретші-педагогтар симпозиумының қатысушысы. Республикалық көркем еңбек пән мұғалімдерінің мүшесі. 2022 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейінде «Балалар жылына» арналып өткізілген «Кемпірқосақ» көрмесіне қатысқаны үшін сертификат иеленген. Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай көркем еңбек пәні мұғалімдерінің шығармашылығы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музейінде өткізілген республикалық «Ғасыр толғауы » атты көрмеге қатысқаны үшін де арнайы дипломмен марапатталды. «Жаңашыл педагог» төсбелгісінің иегері.
2022 жылдың 15-17 шілдесінде өткен «Ұрпақтар сабақтастығы» атты кәсіби суретшілер мен шебер ұстаздардың халықаралық симпозиумына қатысып, «Көрмедегі үздік туындысы үшін» арнайы мадақтамамен марапатталды. «Балалар жылына» орай ұйымдастырылған «Тараз толғауы» атты кәсіби суретшілер мен шебер ұстаздардың облыстық көрмесіне қатысып, дипломмен марапатталды. Аудандық көрмелерге ұдайы қатысып, төл мәдениетіміздің өрісін дамытқаны үшін суретші-педагог Әлімжан Айымбековке аудан әкімінің алғыс хаты да табыс етілген. Бұдан бөлек, кейіпкеріміз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне арналған «Мәдени мұра» атты халықаралық суретші педагогтар симпозиумында лауреат атанған.
Марат Диханбай.