Кеңейтілген отырыс өтті
11 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізді.
«Ақорда» резиденциясында ҚХР Төрағасын ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін мемлекеттер басшылары екіжақты келіссөз өткізетін залға барды.
Бұдан кейін Қазақстан мен Қытай басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Президент Қытай Төрағасына шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне ризашылығын білдірді.
– Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан осы сапарыңыз тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Биылғы 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқанымды білесіз. Сол кезде Бейжіңде өткен кездесуімізді ықыласпен еске аламын, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.
– Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2019 жылғы қыркүйектегі Бейжіңге мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі уағдаластық сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі бірлескен мәлімдеме қарым-қатынастардың жаңа «алтын 30 жылдығының» басталғанын білдіреді. Сондықтан Қытай Төрағасының бұл сапары аса маңызды.
ҚХР Төрағасы араға 5 жыл салып Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екенін айтып, қазақ халқының қонақжайлығы мен мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Президентке ризашылығын білдірді.
Си Цзиньпин қазақ-қытай қарым-қатынастарының дамуын жоғары бағалап, бүгінгі сапарының екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілетуге тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарын қолдайды.
– Қазақстан халқы Сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетінін тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, Сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қытай Қазақстанның сенімді досы әрі серіктесі және солай болып қала береді. Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері байланыстарымыз беріктік сынынан лайықты өтті, сондай-ақ үнемі жаңа мазмұнмен толығып, дамып, өз жемісін беріп келеді. Біздің елдеріміз бірқатар салада ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті. Халықтарымыздың достығының арқасында 1780 шақырымға созылған шекара мәселесін алғашқылардың бірі болып шештік. Біз бірінші болып, индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыта бастадық. Осылайша «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықтың үлгісін көрсеттік. Біз екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Серпінді дамуға қол жеткізген қытай дипломатиясы үшін мұның маңызы зор. Бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жаңа тарихи белеске қадам басты, – деді Си Цзиньпин.
Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауылшаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайын талқылады.
Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
akorda.kz