Сібір жарасы – қауіпті індет
Сібір жарасы (қойда – топалаң, жылқыда – жамандат, ірі қарада – караталак, түйеде – ақшелек, қарабез) мал және жабайы жануарлардың бациллус антрацис микробы коздыратын, жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Онымен адам да (түйнеме, күйдіргі) ауырады. Сібір жарасы кең тараған ауру.
Топалаңнан өлген малды сойған кезде оттегінің әсерінен қоздырғышы спораға айналатындықтан, мұндай малды жарып көруге қатаң тиым салынады.
Эпизоотологиясы. Сібір жарасы өте кең тараған ауру. Оған ірі қара, қой, ешкі, жылқы, бұғы, түйе т.б. сондай-ақ, жабайы шөпқоректілер шалдығады.
Сібір жарасы – маусымды індет. Ол әсіресе қуаңшылықты жылдары маусым-қыркүйек айларында жиі тарайды.
Сібір жарасы малға оларды ауру коздырғышымен ластанған жайылымдарға жайып баққанда, шөп, су арқылы тарайды. Індет негізінен жаз айларында өршиді.
Клиникалық белгілері. Аталған аурудың клиникалық белгілері барлық мал түлігінде негізінен ұқсас болады. Бұл індет қойда аурудың клиникалық белгілері білінбейтін және білінетін болып екі түрде жүреді.
Бірінші түрінде қой бірден, 1-2 күнде өліп тынады, ауру өте жіті өтеді, көп ретте ішектер қабынады. Екінші түрінде қой денесінде жара мен тері және тері асты ісіктері пайда болып, індет 5-7 күнге созылады. Әуелгі кезде қой денесінің әр жерінде көлемі онша үлкен емес, ұстап көрсең, мал ауырсынып, қолға қатты тиетін қызулы қайтқан ісікке, одан қайтадан ортасы сарғыш қатерлі жараға айналады.
Топалаңға ұшыраған қой тісін қышырлатып, бағытсыз қозғалады, денесі кұрысып, аузынан, мұрнынан, артқы ішегінен қанды көбік ағады. Індет жіті жағдайында малдың қызуы көтеріледі, мал қимылсыз күйзеліп, көз айналасы қанталап, ауыз және тыныс кілегей қабығы көгеріп, қан аралас тышқақтайды, көп ұзамай өледі. Терінің ішкі қабаты сарғыш түстеніп, қанталап, қан тамырлары білеуленіп, лимфа түйіндері ісінеді, көкбауыр өз көлемінен бірнеше есе ұлғаяды. Бауыр мен бүйрек қанға толып, жүрек талшықтары босап, ішек, асқазанның ішкі жақтары қанталап қабынады. Ауруды анықтағанда оның даму барысы клиникалық және өлексе белгілері, эпизоотологиялық деректер негізге алынады, түбегейлі анықтау үшін микроскопиялық, бактериологиялық зерттеулер жүргізеді.
А.Тлепов,
Қазақ ғылыми зерттеу ветеринария институты Жамбыл облыстық филиалының меңгерушісі, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты.