Міндетті медициналық сақтандырудың тиімді жақтары көп

732 Views

 Жуырда міндетті медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру мақсатында Луговой, Абай ауылдық округтерінде жиын өтті. Коммерциялық емес Акционерлік Қоғам «Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» Жамбыл облыстық

 филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерін қарау бөлімінің бас сарапшысы Даурен Бурханов пен аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұлова жиылған жұртқа сақтандыру жүйесінің жай-жапсарын түсіндіріп берді. Облыстан келген бас сарапшы Даурен Сәрсенбайұлы сөйлеген сөзінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі туралы кеңінен әңгімеледі.

– Міндетті медициналық сақтандырудың тиімді жақтары көп. Біріншіден, медициналық сақтандыруға тіркелген азамат еліміздің кез-келген аумағында ем қабылдай алады. Дәрігерлер сіз туралы мағлұматтарды ЖСН арқылы анықтайды. Себебі, оның бәрі электронды жүйеге тіркеледі. Екіншіден, мемлекет медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтардың жасына, жынысына, тапқан табысына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне қарамастан бірдей қызмет көрсетеді. Мысалы, сіз қорға жылына шамамен 20000-дай ақша салдыңыз делік. Алайда, сізге 1500000 теңге көлеміндегі ота жасау керек болса, онда қалған сома жинақ қоры төлейтін болады. Үшіншіден, жаңа жоба қарастырып жатырмыз. Жоба

 жүзеге асқан жағдайда өз бетінше табыс тауып жүрген азаматтар (құрылысшылар, такси жүргізушілері, дәнекерлеушілер, маусымдық жұмыстарға жалданатын жандар) жүйеге тіркеліп, қорға белгілі мөлшерде ақша төлеуі тиіс. Яғни, қала тұрғындары ай сайын 2500 теңге төлесе, ал ауыл тұрғындары 1270 теңге шамасында жарна құюы қажет. Дегенмен, бұл тек міндетті медициналық сақтандыру ғана емес, бірден 4 жүйеге салым салып жатырмын деп ойлаңыздар. Атап айтар болсақ, зейнетақы қорына түсетін төлем, жеке табыс салығы және әлеуметтік сақтандыру жарнасы да бар. Бұл бір жағынан «көлеңкеде жүрген жұмысшыларды» заңдастыруға айтарлықтай көмегін тигізетін болады. Сіздерден сұранарымыз – бірыңғай жинақ төлемі жайында білмейтін таныстарыңызға, жақындарыңызға біздің айтқанымызды жеткізсеңіздер, – деп өтініш білдірді.

Жиын барысында мамандарға жергілікті жұрт көкейде жүрген сауалдарын қойды. Оған мамандар толыққанды жауап қайтарып, жиын ашық пікірталас алаңына айналды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: