Өрт қауіпсіздігін қатаң сақтаған жөн

261 Views

Тұрғындар жаз басталысымен күз айына дейін малдың қыстық жем-шөбін дайындау үшін білек сыбана еңбек етеді. Ең өкініштісі – көп күнгі еңбегіңді санаулы минуттарда тілсіз жау өртке орап, бір сәтте күлге айналдырады. Тұрғындардың отты абайсыз қолдануы және балалардың отпен ойнауы, қыстық азық шөптің жойылуымен қатар, адам өміріне, жиналған шөп жақын тұрған үй-жайлар мен қораға және басқа да құрылыстарға үлкен қауіп әкеледі. Атап айтсақ, 2022 жылдың шілде, тамыз және қыркүйек айларында аудан аумағында 15 шөпхана және жиналған түк шөптің өртену оқиғалары дәлел. Мысалы, Құлан ауылында – 2, Шолаққайыңды – 1, Жақсылық – 2, Малдыбай – 1, Д.Қонаев – 1, Тереңөзек – 1, Мамайқайыңды – 1, Жалпақсаз – 1, Тасшолақ – 1, Жарлысу – 1, Абай – 1, Құмарық – 2 орын алды. Шаруа қожалықтар мен өндірістік кооперативтер басшылары және жеке азаматтар шөпті жинау және сақтау кезінде немесе шөпті арнайы орынға жеткізу кезінде сенімді техниканы дайындау және ұйымдастыруға көп көңіл бөлсеңіздер. Бұл шаралар көп уақыт пен ірі көлемдегі шығынды қажет етпейді. Өрт қауіпсіздік ережесін және негізгі талаптарын қатаң сақтасаңыздар бұның бірі де болмайды.
Шөпті дайындау және жинау жұмыстарына ауылшаруашылық техникаларын жарамды ұшқын сөндіргішпен және алғашқы өрт сөндіру құралдармен жабдықталған техникамен қамтамасыз ету керек. Шөпті жинау аймағы жаңғыш қоқыстан тазартылған, өрт қауіпсіздігіне арналған жер аудару кемінде 4 метр болатын жолағы жасалу қажет. Шөп жинау орындары электр желілерінен 15 метр қашықтықта орналасуы қажет және жолдарға дейінгі қашықтық 20 метрден кем болмауы қажет. Шөпті көлікпен тасу кезінде жинау биіктігі 4,5 метрден аспауы қажет. Дала шөбін жинау кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, өрттен абай болыңыздар. Өрт – тілсіз жау екенін қаперіңізден шығармағаныңыз жөн!

Аудандық Төтенше
жағдайлар бөлімі.

Поделиться ссылкой: