3 245 Views
Еңбек. Мойындау керек, соңғы кездері аталмыш сөздің қадір-қасиетін әбден кетіріп алғандаймыз. Түрлі заманауи технологиялардың көбеюінен болар, қазіргі буын «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әбден үйренді. Тіпті, әдетке айналдырғандай. Жақсы. Істеген ісі ел үшін пайда тигізсе игі ғой. Бірақ, қазір бәрі керісінше. Кеш батысымен-ақ көше кезіп, букмекерлік ойынханалардың табалдырығын таң атқанша тоздыратын жастарды көргенде өкініштен өзегің өртеніп кете жаздайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы кездері аталмыш ойынханаларға кіріп, миллиондаған қаржысын салып жатқан жастар көп. Бұл – тосқауылдан төнген трагедия. Қатты айтты демеңіз, ащы шындық – осы. «Шындықтың шырақшысы» атанған атақты жазушы, есімі елге елеулі Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты кішкентай кітабы бар. Кішкентай болғанымен, іші құндылыққа толы. Құдды бір әлгі кинодағыдай құпиясы көп қобдиша секілді. Сонда «Ықтият бол» деген шағын әңгіме бар. Онда Шерағаң былай дейді:
– 1972 жылдың жазы еді. Жазушылар одағының бастығы Әнуар Әлімжанов Еңбек тақырыбына арналған Пленумды ашты. Ол Пленумға еңбек ардагерлері шақырылды. Кейбіреулер көсіле сөйлеп, көп мылжыңдады. Сонда қалай сөйлеудің үлгісін атақты күрішші Ыбырай Жақаев көрсетті-ау, жарықтық.
Қойшы таяғына,
Дихан кетпеніне,
Жазушы қаламына
Ықтият болсын!
Бар айтқаны осы-ақ. Зал күңіренте ұзақ қол соқты. Езбе мылжыңдарға – шапалақ! Бірақ Ыбырай Жақаевтар ілуде біреу ғой. Бір кем дүние, – дейді. Өзгені қайдам, өз басым атақты күрішшінің сөзінен мынаны ұқтым. Әр адам өз ісінің шебері болуы керек. Сонда ғана қоғамда даму болады. Түйген түйсікке дәлел болсын. Бұл туралы жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сөз еткен болатын. Қыркүйектің алғашқы күнінде халыққа өз Жолдауын жолдаған ел Президенті «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деп, кәсіби маманның қадірін білу керектігін айтып, еңбекқор адам мемлекетті дамытуға үлкен үлес қосатынын айтты. Пайымы жоғары парасатты пікірлермен келісуге тура келеді, ағайын.
Жалпы еңбек еткен адамды үлгі ету үшін 2013 жылы керемет жоба қолға алынған болатын. Ол – Еңбек күнін атап өту. Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде тойланатын мереке биыл аудан аумағында ерекше серпіліспен аталып өтті. Өмірін еңбекпен өрнектеген азаматтарға құрмет көрсетіліп, ардагерлер мен жастардың басы бір арнаға тоғыстырылды. Ендеше сол бір сан түрлі форматта ұйымдастырылған шарапаты мол шараларға жеке-жеке тоқталсақ.
Ең алдымен аудан әкімі Ернар Есіркепов Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйіндегі «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде еңбек ардагерлерімен кездесті. Оған әкімдік қызметкерлері, жауапты саланың басшылары және аудан жастары қатысты. Түптің түбінде көзделген мақсат – еңбекпен есімі еленген азаматтарды үлгі ете отыра жастарға тәрбие беру. Кездесу барысында алғашқылардың бірі болып сөз алған аудан әкімі де межеленген міндетті толыққанды түсіндіріп берді.
– Бүгін барлық еңбек адамдарының ортақ мерекесі. Сан салада қызмет етіп жүрген жандардың жұмысын өскелең ұрпаққа насихаттап, үлгі ретінде көрсетуіміз қажет. Сондықтан да сіздерді осында жинап отырмыз, – деп шараға арнайы шақырылған қонақтарға сөз берді. Қонақтар қатарынан Қадірбек Жапарқұлов, Омар Нұрмашев, Мұрат Жайлыбаев, Айнұр Баймұратова, Еділбек Тайлақов сынды жандар сөз сөйлеп, өздері жүріп өткен жолды жастарға баяндап берді. Айта кетейік, аты аталған азаматтар мен азаматшалар білім, денсаулық, спорт, мемлекеттік қызмет саласында еселі еңбек еткен жандар.
Жиын соңында аудан әкімі бірқатар қарапайым еңбек азаматтарын Алғыс хатпен марапаттады.
Келелі кездесу аяқтала салысымен аудан басшысы Құлан ауылындағы ардагерлерге құрмет көрсетіп, бірқатарын арнайы барып марапаттады. Соның бірі – Алпысбай Оңалбеков. 83 жастағы ақсақал ұзақ жылдар бойы денсаулық саласында қызмет еткен. Шалғайда жатқан жайлауларға барып, ондағы шаруаларды емдеумен айналысқан. Бүгінде 11 немересі мен 13 шөбересі бар Алпысбай Баймұратұлы «Үмбет» мал жайылымында ұзақ жылдар бойы фельдшер болып қызмет атқарған. Қиын саланың бейнетіне шыдап, бүгінде зейнетін көріп отырған ақсақал «қазіргі жастар да тепсе темір үзетін шағында аянбай еңбек етсе» деген ниетін білдірді.
–Бүгін арнайы келіп құттықтап жатқандарыңыз үшін алғысым шексіз. Ел үшін аянбай еңбек ете біліңіздер. Сіздер барда біз бақыттымыз» – деген ақсақал кіші буынның ілтипатына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Неге екенін білмеймін, маған «Нағыз еңбек адамы кім?» деген сауал қойылса, санама бірден Сайрамбай Дөненбаев еріксіз оралады да тұрады. Шаруасы шалқыған «Шәушен» шаруа қожалығының экс басшысына 2018 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атақ берілді. Әрине, бұл – әділетті әрі құптарлық шешім. Сайрамбай Әліқұлұлын «Еңбек Ері» атандырған тек табанды тірлігі ғана емес, адамгершілігі, еліне, жеріне, ауылдастарына деген қамқорлығы.
Тағы да бір оймақтай ойды тілге тиек ете кетейін. Алаштың «бір жапырақ» баласы атанған, Олимпиада чемпионы, жомарт жүректі меценат Жақсылық Үшкемпіров бір сөзінде «Менің бір арманым бар. Осы елімізде көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Соны қазақтың 5 мың жігіті көтеріп жіберсе, одан артық қандай бақыт керек?! Мен соны ойлаймын» – дегені бар. Шыны керек, Сайрамбай ағамыз жайында сөз қозғалса, Жақсылық Үшкемпіровтың осы сөзі ойға оралады. Неге? Оны менен де жақсы білетін шығарсыздар.
Мәселен, Сайрамбай Әліқұлұлы Жарлысу ауылына мектеп салып берді ме? Берді. «Шопан баласына алаңдамасын» деп интернат салдырды ма? Салдырды. Ауыл ажарлана түссін деген ниетпен саябақ ашып, «Қуғын-сүргін құрбандарына» монумент орнатты ма? Орнатты. Ауыл бүлдіршіндері көрші елді мекенге сабылмасын деп балабақша ашты ма? Ашты. Ауылға сәулеті келіскен мешіт тұрғызды ма? Тұрғызды. Бұл Сайрамбай Дөненбаевтың жасаған жақсылықтарының бір парасы ғана. Әттең, күншығыс елінен келген кесел жаны жомарт жанды арамыздан ерте алып кетпегенде, ауылына, тіпті аймағына көп көмегі тиер ме еді… Оған мен өз басым бек сенімдімін.
Амал нешік? Адам баласы өмірден өткенімен оның жасаған әрбір ісі артында жаңғырып қала бермек. Еңбек күні қарсаңында дәл осындай мақсатпен және «Қазақстанның Еңбек Ері» Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаевтың есімін ел жадында қалдыру үшін Құлан агротехникалық жоғары колледжінде үлкен іс-шара өтті. Оған «Еңбек Ерінің» туыстарынан бөлек колледж студенттері қатысты. Сондай-ақ, жиында аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов те болып, агросаланы алшаң бастыруға атсалысқан азамат жайында оябы бөлек ой айтты. Еске алу кешінде Сайрамбай Әліқұлұлы туралы естеліктер айтылып, шопанның өмірінен сыр шертетін арнайы бейнеролик те көрсетілді.
Қалай десек те, еңбек – қасиетті құндылық. Осыны түсінетін кез келген секілді. Жаңа Қазақстан құру үшін де әр адам әр салада табанды еңбек етуі шарт. Бұл – өмір заңы. Еңбек – бәрін жеңбек. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев та өз шығармаларының бірінде «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демей ме? Ендеше ағайын! Патерналистік пиғылдан аулақ болып, масылдыққа жол бермейік. Ең бастысы – ел үшін еңбек етіп, еленуді ойлайық.
Жәнібек СҰЛТАН.
Поделиться ссылкой: