Келешектің тұтқасы – білімді ұрпақ
Бүгінгі жас ұрпақ – болашақ жаңа заманның адамы. Қазіргі таңда жастар мәселесі ауқымды да тартымды тақырып. Жаңа заман балаларына қолайлы жағдай жасап, тиімді білім алуына жан-жақты жағдайлар қарастырылған. Мұның бәрі – болашаққа жасалған қадам, ертеңгі күннің таным-тіршілігі. Қазақ халқының қарқынды дамуы – ел болашағының кепілі. Даму барысында негізгі рөл жастарға артыларын ескерсек, жас буынның тәрбиесі мен біліміне баса мән беру – маңызды әрі жүгі ауыр мәселе.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Қазір Қазақстан бойынша Президент жарлығына сәйкес, түрлі деңгейде іс-шаралар өткізілуде. Міне, осындай игі іске бастамашы ретінде Құмарық ауылдық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Балалар жылы: Келешектің тұтқасы – білімді ұрпақта» атты kids book fest ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Іс-шараның мақсаты – халқымыздың ұлттық құндылықтарын жаңғырту, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру және балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақсатында оқырмандарды кітапханаға кітап оқуға шақыру.
Шара шымылдығын Құмарық ауылдық округінің әкімі Болат Мансұров құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді. Болат Шәкіртұлы өз сөзінде: «XXI ғасырдағы жастар арасында кітап оқу қаншалықты дәрежеде тұр? Иә, бұл сауал кез келген адамды ойландырары сөзсіз. Алайда, тартыншақтыққа тап болып жатамыз. Кітап дегеніміз – рухани азық емес пе?! Кітап – сенің ұстазың. Ол жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның айырмашылығын тауып, оларды ажырата білуге үйретеді – деді ауылдық округ әкімі.
Сондай-ақ, кітапхананың тұрақты оқырмандары балалар тақырыбына арналған өлең-жолдарын оқыса, жас оқырмандармен «Білім көзі – кітапта» атты book bingo ойыны ойнатылды.
Оқырмандарды кітапханаға тарту, қызықтыру мақсатында «Алтын бақ» көрінісі қойылып, қай оқырманымыз кітапханамен жақсы қарым-қатынаста, кім көп кітап оқығаны, кітап оқу арқылы кімнің білімі мен біліктігі артық екенін анықтау үшін көрермендермен психикалық тренинг сағаты жүргізілді.
Шығармашылық алаңдағы іс-шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мереке Ержанұлы қорытындылап, іс-шараға барлық белсене қатысқан оқырмандарды алғыс хатпен және ынталандыру сыйлығымен марапаттады.
Сөз соңында кітапты құлшыныспен сүйсіне көп оқыған адамның көкірек көзі әрқашанда ояу, зейіні зерек, жүрісі сергек келеді. Сондықтан мәдени ошақтарды жандандыру, оның ішінде балаларға қызмет көрсететін кітапханалардың еңсесін көтеру, дәстүрімізді сақтай отырып, өскелең ұрпақтың білімін, рухани байлығын арттыру, тиімді ақпаратпен қамтамасыз ету өз қолымызда. Сөзімнің салмағы болса, естір құлаққа есті сөз айттым деп білемін. Ендеше, кітап оқитын жастарымыз көбейсін. Еліміздің еңсесін көтерер есті азаматтарымыз тарихымызды танып, тіліміз бен дінімізді қасиет тұтса екен демекшімін. Тамырымызды тауып, қадірімізді арттыратын да кітап болмақ. Ендеше, жан азығымызды тек кітаптан іздейік!
Г.Базарбаева,
Құмарық ауылдық балалар кітапханасының кітапханашысы.