Адамдар арасын жарастыру

235 Views

Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) және соңынан ерген әрбір игі жандарға Алланың сәлемі болсын!
Дінімізде біздер әрқайсыларымыз бір-бірімізге жақ­сылық жасау­ға бұйырылғанбыз. Сондай жақ­сылықтардың бір түрі, яғни бүгінгі мақаламыз­ға арқау болып отыр­ған тақырып, ол – ренжіскен адамдар арасын табыстыру.
Алла Тағала Қасиетті Құран­да, Хұжрат сүресінің 10-шы аятында:
– Шын мәнінде мүміндер бауыр ғой. Сондықтан екі бауыр­дың арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер, – деп баяндайды.
Демек, Құран аятынан ұғын­ғанымыздай, адамдарға жақсылық жасаудың ең жоғарғы әрі абзалы да сауаптысы, ренжіскен адамдардың арасын татуластыруда екен.
Бір күні Хазреті Фатима анамыз: «Әй, Әли! Хасан мен Хусейін (өз балалары) аш, үйде жейтін тағам да қалмады. Сыртқа шығып, бірдеңе алып келсеңізші», – дейді. Хазреті Әлидің қалтасында бар жоғы 6 дирһам ғана ақшасы бар еді. Сол қаражатыма бірдеңе алып келермін деген оймен үйінен шығып кетеді. Жол бойында екі адамның жанжалдасып, ұрысып тұрғандарын көріп қалады. Ол екеуінен жанжалдасуларының себептерін сұраған кезде, біреуі екіншісіне 6 дирһам ақша қарыз екен. Дау-дамай соның төңірегінде болып жатыр екен. Хазреті Әли мұсылмандардың бір-біріне бауырлар екендіктерін түсіндіріп, болмашы дүниеге бола ерегіспеулерін өтініп, қалтасындағы 6 дирһамын қарыздар адам үшін төлеп, ол екеуінің арасын жарастырып, үйіне қайтты. Үйіне құр қол қайтқан Әли Фатима анамызға болған оқиғаны айтып түсіндіреді. «Жәннат әйелдерінің ханшайымы» деген теңеуге ие болған Фатима анамыз бұл әңгімені естіген кезде, жүзінде жылулық пайда болып, күлімсіреп тұрды. Бір кезде іштері шұрылдап, тамақ сұраған Хасан мен Хусейіннің жылаған дауыстары естілді. Бұл жағдайды көріп тұруға тағаты жетпеген Хазреті Әли Аллаға тәуекел етіп, көшеге шығып кетеді. Жолда бір таныс адамымен кездесіп қалады. Ол адам: «Құрметті Әли мырзам, мына түйені сізге сатқым келіп тұр» дейді. Әли оны сатып алуға ақшасы жоқ екенін айтады. «Сізге арзанға беремін, құны небәрі 150 дирһам» дейді әлгі кісі. «Алар едім, ақшам жоқ» дейді Әли сөзін қуаттай.
– Жарайды, ақшаң болғанда бір берерсің, деп түйесінің тізгінін Әлидің қолына ұстатып кетеді. Түйені жетекке алып үйіне қарай келе жатқан Әлиге жолда тағы бір адам кезігеді. «Уа, Әли, мына түйең маған қатты ұнап тұр, маған 300 дирһамға сатыңыз» деп жабысады. Сол кезде Әли: «Мен мұны 150 дирһамға сатып алдым» дейді. Әлгі кісі: «Мен 300 дирһамға сатып аламын» деп, түйенің тізгініне жармасады. Хазреті Әли ақшасын алып, үйіне азық-түлік алып барады.
Кейін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күлімдеген күйде күтіп алып: «Әй, Әли, сол бір түйенің оқиғасын баяндап берші», – дейді. Аң-таң болған Әли оқиғаны айтып береді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен екі араздасқан адамды татуластырдың. Алла Тағаланың бұйрығымен Жәбрайіл періште арқылы саған түйені сатты және оны сенен Исрафил періште қайта сатып алды. Кімде-кім ренжіскен екі мұсылманның арасын татуластыратын болса, ол пенде менің жақын үмметім болып саналады», – деді.
Бір сәт назар салып көретін болсақ, арзымас дүниеге немесе арзымас нәрселерге бола қаншама адамдарымыз жақындарынан, достарынан, таныстарынан жүздерін теріс бұруда. Өкініштісі, басқа адамдар олардың араларын татуластыру жағын еш қаперге алмайтынын байқаймыз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, арыдан ойлаған кейбірі татуластыруға әрекеттенсе де, ренжіскен тараптар «өзгенің шаруасына араласпағаның абзал» деп бетін қайтарады. Бұл сөзімен керемет жауап айттым деп те ойлайды. Жоқ, ренжіскені үшін бір күнә алса, татуластырушының сөзін қайтарғаны үшін тағы да күнә алатынын естен шығармағаны дұрыс. Татуластыру қағидасын біздерге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі үйретіп кеткен. Оған дәлел, Әбу Һурайра р.ғ. риуаят еткен хадисте, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мүмін – мүміннің айнасы және бауыры. Мүмін бауырын шығынға ұшыраудан сақтап, абыройын қорғайды» – дейді.
Имам Бұхари келтірген мына бір хадисте: «Бір-біріңмен ара-қатынасты үзбеңдер! Бір-біріңнен бет бұрып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер, жауласпаңдар! Бір-біріңе көре алмаушылық етпеңдер! Ей Аллаһтың құлдары, бір-біріңмен бауыр болыңдар! Бір мұсылманның басқа бауырымен араз­дасуы­ның 3 күн­нен асуы адалынан болмайды», – деп араздасып, ренжіскен мұсылмандардың бір-біріне 3 күннен артық өкпелеп жүруі адал болмайтынын әрі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты да нәсіп болмайтынын ескертеді.
Алла Тағала баршамызды бір-біріміз­ге жақсылық жасаушы, екі дүниеде де бақытқа жет­кен пенделерінен қылсын!

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
Луговой ауылы.

Поделиться ссылкой: