Қант қызылшасын жинау науқаны басталды
Қант қызылшасын жинау науқаны басталды
Абай ауылындағы «Дауылбай» шаруа қожалығының жетекшісі Шарапат Жұмағұлова биыл 60 гектар алқапқа немістің «Вёрика» тұқымды қызылша өнімін екті. Жалпы, тәтті түбір егуді кәсіп көзіне балайтындар бұл өсімдіктің оңайлықпен өспейтінін айтады. Яғни, суды көп қажет етеді. Алайда, мұның бәріне мойымай, қажырлы еңбек ете білген Шарапат апаның тынымды тірлігі аудан диқаншыларына үлгі-өнеге болса керек-ті.
Кеше аудан әкімі Асқар Қырықбаев пен оның орынбасары Манарбек Тілепов аталмыш қожалықтың егіс алқабына арнайы барып, ондағы жұмысшылармен тілдесті. Өз сөзінде Асқар Санатұлы:
– Биыл облыс әкімі біздің
ауданға 500 гектар тәтті түбір егуді межелі міндеттің бірі деп санаса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 600 гектарға ұлғайып отыр. Ата-бабаларымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Жалпы, еңбек еткендеріңіз көзге көрініп тұр. Шарапат апамызға мың алғыс. Әрдайым осы қарқыннан таймаңыздар. Жұмыстарыңыз жандана берсін,-деді. Ал Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбековтың айтуынша, қызылша бастыру науқанының басталғанына небары үш күн болса да, қазірдің өзінде 500 тоннаға жуық тәтті түбір «Меркі қант» зауытына өткізілген екен. Айта кетейік, қызылшаның әр гектарынан 60 центнерден өнім алынуда.Алқап басындағылар айналасы 10 күн ішінде науқанды аяқтаймыз деп отыр.
Марат ДИХАНБАЙ.