Ұлттың рухани Көсемі

917 Views

Әр дәуірдің, әр заманның біртуар тұлғаларын уақыт жасары хақ. Осындай ой келген сәтте, еске еріксіз орала беретін бір тұс – XX ғасырдың бас кезі. Шындығында, осы тарихи кезеңде ұлтын өркениет дамуының даңғылына бастаған озат ойлы зиялылар шоғыры молдау көрінеді. Бірақ «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, осынау топтың ішінен қазақ руханиятындағы кемеңгерлік болмысы мен азаматтық тұлғасы көзге айрықша шалынатын ұлы азамат – Ахмет Байтұрсынұлы.

Бұл мақаладағы біздің басты мақсатымыз – Ахметтанудың негізін қалаушы ұлы Мұхаң сонау бір кезде айтты дейтін «ұлттың рухани көсемі» деген тіркестің мәнін ашып, Ахмет Байтұрсынұлы сынды бүтін болмыстың бүтіндігін толыққанды таныту.Әрбір ұлы түлғаның тұғырлы бейнесі ол өмір сүрген ортаға, тарихи кезеңге тереңірек көз жібергенде ғана шынайы аңғарыла бастайды. Ахмет Байтұрсынұлы – заманына сай туып, дәуірдің жарығы мен қараңғысын бірдей бағдарлай білген кемеңгер, бір басында сан-саналы өнер тоғысқан, телегей теңіз энциклопедиялық білім иесі, қиындыққа толы тартысты ғұмырында қараңғылықта қалған қалың елін жарқын болашаққа жеткізуден басқа бақыт бар деп білмеген бірегей тұлға.
Ә, дегенде-ақ назарға ілігетін бір сипат – Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл тірлік-тынысы, адамдық болмысы, ең алдымен, азаттық ұғымымен астасып жататындығы. Ол – жеке бас, жеке адам бостандығының жоқтаушысы емес, түгел жұрт, тұтас ел тәуелсіздігінің ту ұстаушысы. Жалпы, XX ғасырдағы саяси күреспен мазмұндалған азаттық қозғалыстың бастауында тұрған қайраткерлердің рух-тұлғасы осы Ахаң.
Ахмет Байтұрсынұлының тұғырлы тұлғасын, ұлттың рухани ұстазы ретіндегі көшбасшы көсемдігін бәрінен бұрын оның қоғамдық-әлеуметтік қызметтері айқындайды. Солардың ең бастылары – ұлт санасын ояту, халықты өнер-ғылымға үндеп, өркениетті елдердің қатарына қосуды көздеген ағартушылық, отаршылыққа қарсы ымырасыз күрес. Осынау ұлы мақсаттарға оқусыз, білімсіз қол жеткізуге болмайтындығы бесенеден белгілі. Ал, оқып, білім алу үшін халықтың өзіндік жазуы, қажетті оқу құралдары, ұлттық мектептері болуы керек. Ахаң «Алла!» деп, ағартудың ақ жолына түскен сәтте бұның көбі жоқ болатын. Оларды жолға қою Ахаңды бәрінен бұрын ана тіліміздің мәселелерімен айналысуға, оны оқу пәні дәрежесіне көтеруге ден қойғызған-ды. Өйткені тіл барлық істің бастауы екендігін, онсыз ешбір білім-ғылымның дамуы мүмкін еместігін ұлы ұстаз жақсы түсінді, жете білді.
Ахаң атқарған ұшан-теңіз руханият істерінің ең зоры – тұңғыш тілші-ғалым ретіндегі қазақ тіл білімін дамытуға қосқан үлесі.
Қазақ тілі туралы ой-пікірлердің Ахаңа дейін де айтылғаны, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап олардың жүйелі сипат алғаны да рас, мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ ескере кетер бір жайт, ол еңбектердің барлығы да ана тілімізде емес, зерттеліп отырған тіл табиғатына жат тілдерде жазылғандығы. Сондықтан да олардың бірде-бірінде (Ильминский, Мелиоранский, т.б.) туған тіліміздің өзіне тән табиғаты түбегейлі ашылған жоқ. Ең бастысы, оларда қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық құрылымдары байырғы замандардан бері қарай бірден-бірге жалғасып келе жатқан үнді-европалық тіл білімінде орныққан дәстүрлі ұғымға, үлгіге негізделді, лингвистикалық терминдері де солардан алынды.
Бұның бір дәлелін Елдос Омаровтың «Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми қызметі» атты еңбегінен таба аламыз. Ол: «Ахмет Байтұрсынов өзінің оқу құралдары арқылы тамаша жаңалықтар ашты. Оның жаңалықтары Европа ғалымдары жазған қазақ тілі грамматикаларына қандай түзетулер, толықтырулар енгізілгенін бұл еңбектерді салыстыра қараған адам бірден көреді» –деп, әділін айтқан болатын. Е.Омаров Ахаңды қазақ тіл білімінің теңдесі жоқ білімпазы деп танып, ол жасаған әліппе, ол жазған грамматикаға қатысты еңбектерді өте жоғары бағалап, олардың қазақ тілі туралы жат жұрт ізденушілері жазған жұмыстардан артықшылығы ғалымның ана тілінің төл табиғатын терең тануында екендігін дәйекті деректермен дәлелдей алды.
Тіл ғылымы бағытындағы алғашқы қадамын Ахмет Байтұрсынұлы тілі­міздің дыбыстық жүйесін зерттеуден, дыбысқа сәйкес әліппе жасаудан бастады. Ұстаздың өз ойларын ор­таға салған алғашқы мақаласы 1912 жылы «Айқап» журналында 4-5 сандарында жарияланды. Осыдан өріс алған ізденістерін Ахаң 1914 жылдан 1928 жылға дейін бірнеше рет қайталанып басылған «Тіл — құрал» атты оқулығында одан әрі дамытты. Соңғы түйін 1927 жылғы «Түзетілген әріп» деген атпен «Жаңа мектептің» 5-санында жарияланған мақалада тұжырымдалды.
Ендеше, Ахаң – қазақ тіл білімінің ана тілімізде зерттелуіне даңғыл жол ашып, туған тіліміздің теориялық тұрғыдан тұғырлы тұжырымдалуының негізін қалаушы, өзінен кейінгілерге жөн-жоба көрсетуші ғұлама ғалым. Ахаң өзіне дейін жат тілдерде сөз болып келген ана тілі мәселелерін туған тілімізде зерттеп, солардың негізінде қазақ тіл білімі атты төл ғылымымызды қалыптасыруға өлшеусіз еңбек сіңірді.
Ахмет Байтұрсынұлының салқар санаткерлігіне тән бір сырлы құбылыс – шығармашылық. Бұл құбылыс – негізінен құбылмалы дүниенің дүбірін дәл мезгілінде аңғарып, оны жыр жолдарының мазмұнына жүк еткен поэзиядағы ізденіс жемісі. Ахаң ел азаттығы жолындағы жалаң күрескер ғана емес, сол күрес идеясының әдебиетте көрініс табуының негізін қалап, азаттық сарынның дәстүрлік алтын арқауын жалғаған жалынды ақын, қарымды қаламгер де. Қалай болғанда да, алашшылдардағы азаттық идеяның тұғырнамасын жасаған Ахаң шығармалары екендігі дау туғызбаса керекті. Ел азаттығы жолындағы күреске үндеудің кезеңі пісіп-жетілгенін жете түсінген Ахаң поэзияны санада сарытап болған азатшыл ойларының жүректен жұл­қынып шығар рухты үніне айналдыра білді.
Алдымен ол күдік пен қудалау құтырынып тұрған заманда көз алдаудың әрекетін жасап, тағылым-танымы ұлтының табиғатына етене жақын мысал жазып, қаламының қарымын бір байқатады. Ахаң мысалдары тәлімдік түйіндерімен ғана емес, перделенген ой астарындағы азаматтықты аспандатқан өзгеше сарынымен де өзіне тәнті етті. Орыстың атақты мысалшысы И.А.Крыловтан өз шығармашылығына өзек тартып, өрнек алған Ахаң мысалдан ұлт санасын оятар ділгір қажеттілік тауып, «алыстан сермеп, жақыннан тербеген» терең тәлімімен көзі қараңғының көкірек көзін ашты. Сондықтан да 1909 жылы Петербургте жарық көрген «Қырық мысал» атты алғашқы жинағын туған халқы төл туындыдай жатсынбай кабылдады.
В.Г.Белинский өзінің Крылов шығармашылығына арналған бір еңбегінде оның мысал жанрын дамытуға қосқан үлесін көрсете келіп, творчествосына тән өзіндік ерекшелігін: «Тәрбиелік мәні басым мысалдарды сатираға айналдыра отырып, таза орыс мысалын жасады», – дейді. Ендеше, әрбір мысалшы өз творчествосында ежелден келе жатқан мысал үлгілерін «таза ұлттық» ете білгенде ғана және сол мысалдардағы пернелей айтылған ой жұрт жүрегін оята алғанда ғана, ұлттық танымға сай шығып, көркемдік биікке көтеріле алады. Осы тұрғыдан алғанда, көзі тірісінде үш рет жарық көрген «Қырық мысал» жинағындағы Ахаң мысалдарын төл туынды санауға әбден болады.
Мысал тарихында әр ел өз ақынын алға шығарғысы келген кездер де болған, бола береді де. Мәселен сонау бір заманда француз Лемонтье жерлесі Лафонтенді ең ұлы мысалшы деп танығысы келсе, ұлы Пушкин: «Бірде-бір француз Лафонтеннен ешкімді жоғары қоюға жүрегі дауламайды, бірақ, меніңше біз Крыловты одан да жоғары қоя аламыз. Бұл екеуі де өз елінің мәңгілік сүйіктісі болып қалады», – деп, орыс мысалшысын ұлы мысалшы деп таныған. Олай болса, әлемдік тәжірибеден тәлім алып, озық үлгідегі тәржіма жасаған, мысалға қазақ болмысын, қазақ рухын ұялата білген, сөйтіп таза қазақы мысал туғызған Ахаңды неге ұлы мысалшылар санатына қоспасқа? Бұған кейбіреулер Ахмет өз жанынан мысал жазған емес, ол жай ғана тәржімәші деуі мүмкін ғой, деуі мүмкін. Солайы, солай ғой. Бірақ әлгінде ғана сөз қылған Лафонтен де өз жанынан бірде-бір мысал шығармаған, бұрыннан бар нәрсені не аударып, не қайта жазып шыққан. Соған қарамастан француздар оны ұлы мысалшы деп біледі. И.А.Крылов 33 мысалының сюжетін Лафонтеннен алғанын мойындаған, яғни аударған десе де болады. Осы Крыловтан орыс түгілі өзіміз азырқанбаған «ұлы» сөзін Ахаңнан аяп қалғанымыз жөн болмас-ты.
Алғашында мысалдар арқылы ой жеткізудің жолын тапқан Ахаң енді төл туындыларын жарыққа шығаруға талпыныс жасай бастайды. Бұл іс аяқсыз қалмай, 1911 жылы Орынборда «Маса» атты төл өлеңдер жинағы шығады.
Біздіңше кітаптың «Маса» ата­луында екі түрлі мағына бар. Олар масаның қарекетінен көрініс табады. Туған халқын отаршылдық құрсауынан кұтқаруда ұлтын сүйген азамат ретінде ашық күрес жүргізуге патшалық Ре­сейдің құйтырқы саясаты жол бер­ме­гендіктен, ақын өз өлеңдеріне «маса­ның» ызыңы мен уытын қатар қосып, сол арқылы ұлт санасын оятуға үміт артты.
Отаршылдық қасіретін тартқан халқының жігерін жандырудың не түрлі амал-тәсілдерін сын мен сынақтан өткізген Ахаң ұлтты ұйытар, ой-санаға серпіліс әкелер ең өтімді құрал өлең кұмар қазақтың жанына жақын құдіретті поэзия екенін жақсы түсінген. Сол тұстағы ортаға тасталар ойдың түп қазығы «Оян, казақ!» деген ұранға айналған рухты сөз еді. Сол сөзді алғаш ту көтеріп, ұлы ұғымға айналдырған, «Аш көзіңді оянып!» деп, «Қырық мысал», «Маса» кітаптары арқылы елге салмақты ой тастаған Ахаң болатын. «Қырық мысалда» бүкпелей жеткізілген көп жайлар «Масада» өзгеше өрнек тауып, ашық та анық айтылып, қоғамдық санаға ықпал етуге жаңаша жол ашты.
«Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Қамауда жаның,
Талауда малың,
Аш көзіңді оянып!»
Бұл қазақ поэзиясына Ахаң әкелген өнегесі мол, өрісі кең өзгеше сарын. Оның жаңашылдығы өлеңнің өрнегінде емес, өзегінде. Жұрт көкірегіне қонақтар кесімді пікірді ашық айтып, шерлі жүрекке қасіреттен тұтанар үміт отын жаға білуінде. Ой жадағай айтылмай, өлеңдегі көркемдік пен бейнеліліктен ажарлана түсіп, санаға салар салмағын арттырып, жүректің тереңіне бойлап, көңілді түртіп оятар құдіретімен тәнті етеді. Расын айтқанда, Ахаң арқылы қазақ өлең өлкесіне азатшыл сарын келді. Ол жалғыз келген жоқ, Міржақыптай арналы ағысты ала келді. Азатшыл сарынның арнасы Мағжанмен кеңіп, Берниязбен толықты.
Ұлы Ахаң азатшыл ойды қазақ жырына алғаш болып арқау етсе, елең еткізер өзгеше сарынның сырын алғашқы болып аңғарған ұлы Мұхаң. Ахаң поэзиясының асыл қасиетін тап басып танып айтқан оның мына бір: «Қалың казақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі «Қырық мысал» болатын. Бұдан кейін Ахаңның атағы жайылып, елдің шын қамқоры екендігі екінің біріне мәлім бола бастаған. …әуелгі ниет қылған бетінен тайынбай, бұрынғыдан ащырақ, күштірек тілмен «Масаны» жазған. Қазақ оқушысына естілген екінші елшілдік ұраны «Маса» болатын» деген тұжырымы жоғарғы ойымыздың дәлеліндей.
Қазақтың кешегі-бүгінгі өзге «көсемдерін» қайдам, ал енді Ахаңды үлкен-кіші, аға-іні түгел сыйлап, тіпті түпкі мақсаттары бірлік танытпайтын қарсыластарының өзі ол кісінің халқына деген адалдығына, ұлты алдындағы ар тазалығына қалтқысыз сеніп, қатты құрметтеген. Мәселен, Ахаңның идеялық қарсыласы болып табылатын Сәкен Сейфуллин қашанда туралыққа жүгініп, тіліп айтар қасиетін танытып, ұстаздың 50-ге толған мерейтойында шындықтың жүзіне тура қараған-ды. Әділетті жүректен шыққан сондағы сөздің сығындысы мынау: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған, патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. …өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм иманын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін ұлтшыл».
Қашанда да қасиетті сөз өнеріне деген адалдығын сақтай білген Сәкен Ахметтің азаматтық тұлғасын асқақтата отырып, ақындық құдіретін бір мысқалда кемітпеген, оған «Қызыл сұңқардың» мына сөздері куә: «Қазақ халқының арын, намысын жоқтап «Маса» есімді өлең кітаптарын жазып шығарды». Сәкен де Ахмет поэзиясындағы азаттық күреске үндеген ұлы сарынды құлақпен ғана ұқпай, жүрекке сіңіре алған.
Ұлы ұстаздың туған халқына істеген қызметінің үлкен бір арнасы – қазақ баспа сөзін қалыптастыру. Ол өзі аяғынан қаз тұрғызған казақтың тұңғыш бейресми «Қазақ» газеті арқылы ұлттық баспасөздің негізін қалады. «Қазақ» газеті алғашқы шы­найы жалпыұлттық саяси-қоғамдық газет болды. Бұл басылым қазақ зиялыларының саяси орталығы ретінде барлық саяси-әлеуметтік іс-әрекеттердің ұйымдастырушысы да бола білді.
Әрине, газеттің жеткен жетістігі бас жазушысы Ахмет Байтұрсынұлы басшылығына тікелей байланысты. Оның басылымның бас жазушысы ретінде газет жұмысын ұйымдастыруы мен келелі мәселелерді көтеруге жол ашатын озат ойды алға тартқан, дәуір тынысын сезе білген мазмұнды мақалалары өзгелерге үнемі жол-жоба көрсетіп отырды. Осы мақалалары арқылы ол әдебиетші, сыншы, көсемсөзші ғана емес, аса көрнекті саяси қайраткер ретінде де танылды. Сондықтан да, «Қазақ» газетінің ұстанған бағыты, жүргізген күресі Ахмет Байтұрсынұлы есімімен тікелей байланысты.
Әрине, «Қазаққа» дейінгі басылымдар қызметін, әсіресе, «Айқап» журналының елге сіңірген еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен де, нағыз қазақ баспасөзінің ұлттық бет-бедері «Қазақ» газетінен басталады десек, артық айтқандық емес. Мұның өзіндік себептері бар. Біріншіден, Ахаңның арқасында таза қазақ тілінде шыққан, қазақ әдеби тілінің қалыптасуына ұланғайыр үлес қосқан «Қазақ». Екіншіден, бас жазушысының ұстанымына сай ұлт тәуелсіздігінің саяси платформасын калыптастырған «Қазақ». Үшіншіден, қазақ руханиятының жан-жақты өркен жаюының кең көлемдегі кешенді бағдарын болашаққа аманат еткен «Қазақ». Осы үш таған бірлік «Қазақ» газетінің ұлттық болмыс-бітімінің және оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының ұлтын сүйген азаматтығының нақты көрінісі болып табылады. Ендеше Ахаң ақ жол тілеп ашқан «Қазақ» газеті қазақ баспасөзінің мәңгілік көшбасшысы болып қала бермек.
Ахмет Байтұрсынұлы – шыншыл шығармашылық еңбектің иесі ғана емес, сөз құдіретінің құпиясына үңіліп, тылсым сырын ашқан, әдебиет атты асыл өнердің болмысына бойлай білген ғұлама. Алғашында ауыз әдебиетінің жауһар жәдігерлерін жинастырып, олар туралы тұшымды мақалалар жариялаған Ахаң, кейіннен жалпы қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу негізін қалаған ең көрнекті әдебиет зерттеушісіне айналды. Ғалымның сонау 1913 жылы жазған ұлы Абай туралы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы шын мәніндегі абайтанудың негізін қалаған еңбек болып табылады. Ахметке дейін Кәкітай, Әлихандардың жазғандары бар екені рас, бірақ оларда Абай туралы жұртты хабардар ету, ақын өмірін баяндау мақсаты басым түсіп жатады. Ал, Абай ақындығы алғаш рет Ахмет мақаласында жан-жақты талданып, толыққанды ашылғанын мойындауымыз керек. Ондағы таза талғам, айшықты талдау, терең таным абайтанудың әліппесін ашты десек болғандай. Кейінгі Мұхтар даналықпен жалғастырып, қазақ әдебиеттану ғылымындағы жеке салаға айналдырған Абай ақындығын танып-білу Ахаңнан бастау алады. Оның кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге желісін үзбей жалғаса береріне біздің сеніміміз мол.
Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет зерттеу ғылымына қосқан аса зор еңбегі атақты «Әдебиет танытқыш». «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттануының негізі болып саналады. Өйткені ол – әдебиет тарихын, әдебиет әдістемесін, әдебиет әдіс-тәсілін, әдебиет ұғым-терминдерін, әдеби жанрлар жүйесін түгел түзген күрделі тарихи-теориялық зерттеу.
Ахаң осы еңбегінде асыл сөз – әдебиеттің басты қасиетін тап басқан «Сөз өнері» ұғымын тұңғыш ғылыми айналымға енгізді. Бұл ұғымның әдебиеттің әсемдік әлемін танып-білудегі атқарған қызметін айтып жеткізу қиын. Ғалым бұл ұғымды айналымға әдебиеттің өзге өнер түрлерінен артықшылығы мен ұлылығының айырымы үшін енгізген. Қараңыз: «… өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді». Бұл тұжырым нақтылығымен құнды.
Ұлы әдебиеттанушының осыдан 96 жыл бұрынғы сөз өнері жайлы айтқан ой-пікірлері, ғылыми тұжырымдары, әдеби терминдер қалып­тастырудағы ізденістері көп жағдайда бүгінгі күн сұранымдарына да жауап беріп жатуы, эстетикалық таным-білік биіктігін танытса керек. Сөзді көп созбай, тоқ етерін айтқанда, «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының атасына саналар асыл мұра.
Біз жоғарыда қазақ халқының руха­ни көсеміне айналған Ахмет Байтұр­сынұлындай алаш ардағының ұлт үшін еткен ұшан-теңіз еңбегін жалпылай шолып өттік. Мақсат – Ахаң болмысының бір қырына ғана назар аударып қоймай, түгел алып, тұтас қамтып көрсету болды. Енді оларды жинақтай келіп, санамалай айтар болсақ, «Ахмет Байтұрсынұлы кім?» деген сұраққа былайша жауап берілген болар еді. Біріншіден, қазақ тілінің әліппесі мен оқулықтарын жазып, білім беруді жолға қоя білген шын мәніндегі алғашқы ағартушы. Екіншіден, араб графикасына негізделген қазақ алфавитін жасап, оқыту әдістемесін түбегейлі түрде жетілдірген ұлттың ұлы ұстазы. Үшіншіден, қазақ тілі мен әдебиетін ғылыми тұрғыда зерттеп, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының негізін қалаушы дана филолог-ғалым. Төртіншіден, өлең сөзге ой ұйытқан, ойшыл ақын. Бесіншіден, қазақ баспасөзін көркейткен көсемсөздің көшбасшысы. Алтыншыдан, ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі жолында жан аямаған күрескер тұлға. Жетіншіден, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, кемел ойлы кемеңгер-көсем. Міне, осынау қасиетті жеті бірліктен тұратын Ахмет болмысы бір кездегі Әуезов айтқан «рухани көсемдіктің», яғни ұлтқа рухани көсемдігінің терең тамырлы, діңінің беріктігінің дәлеліндей.
Ендеше, баба тарихтың ұлы көш-керуенін болашаққа бет түзеткен қазақ өткеніне салауат айтып, бүгініне қанағат етіп, ертеңіне нық сеніммен қарай бастаған тұста, Ахаң есімі ұлтының рухани игілігіне айналар ұлы ойларының өміршеңдігімен халқын ғасырдан-ғасырға жаңылдырмай жетелер «Темірқазыққа» айналары сөзсіз.

Өмірхан Әбдиманұлы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Айтматов академиясының, ҚР Журналистика академиясының
академигі.

Поделиться ссылкой: