Татулықтың арты – кеніш
Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдасы бар, білесіздер. Ол жай жайдақ сөз емес, мағынасы терең мазмұнды бастама. Осы арқылы атқарушы билік пен халық арасында сенімді байланыс орнайды. Бұрын қалай еді? Жыл басында есепті кездесуге шығып, ауылдарды аралайтын әкім. Одан соң, егін егу және ору кезінде шаруа қожалықтарға баратын. Бітті. Ал қазір «Жаңа Қазақстан». Кабинетте отыруға болмайды. Дамылсыз еңбек ету керек. Қазір байқайсыздар ма, әкім біткеннің барлығы осы үдеден шығуға тырысып бағып жүр. Атқарған тірліктері газетте де, әлеуметтік желіде де жарияланып жатыр. Мемлекеттік қызметтегі жүйе өзгерді, ең бастысы. Нәтижесі осы, мінеки. Сондықтан да Президент ұсынған бұл тұжырымдаманың мақсаты мен міндеті ауқымы жағынан пайдалы деп білген жөн.
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов бекітілген кестеге сәйкес, Құмарық, Көгершін және Көкдөнен ауылдық округіне қарасты Жақсылық ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен әрбір кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ауылда тұратын халықтың мүддесіне арналғанын, сондағы түйткілді мәселелердің түйінін тыңдап, оның шешілу жолдарын тиімді жүзеге асыруға бағытталғанын тілге тиек етіп отырды. Байқағанымыз, халықтың көбі әкімге дән риза. Сөйлеген сөзі де нық, бүгежектемейді, айтар ойын еркін айтады. Сондықтан Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектепте өткен кездесуде көп сұрақ туындаған жоқ. Көшеге жарықшам орнату және асфальт төсеу секілді мәселелер көтерілді тұрғындар тарапынан. Ол сұрақтарға аудан басшысы барлық мәселе кезең-кезеңімен шешілетіндігін айтып, әрбір сауалға дәйекті мысалдармен жауап берді.
Бұдан соң дәл осындай кездесу Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің актзалында өтті. Биыл Көгершін ауылына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 90 орындық мәдениет үйі, сондай-ақ, дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынып жатыр. Ол да тұрғындардың тарапынан көптен бері айтылып жүрген мәселе болатын. «Жыр болған тақырып» десек те қателеспейміз. Әйтеуір, биыл бәрі сәтімен жүзеге асырылып жатыр. Оған да шүкір. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің өзі де баяндама барысында жіпке тізіп, өтті бұл мәселелерді. Ең бастысы, халық тарапынан ризашылық бар. Жиын соңында Көгершін ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Өтегенов пен ауыл тұрғыны Қойшыбай Биғазиев те аудан басшысына өз тараптарынан алғыс білдіріп, еңбекте абыройлы болуына ниеттес екендіктерін жеткізді.
Түс мезгілінен соң осындай еркін форматтағы кездесу Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепте жалғасын тапты. Рас, биыл Жақсылық ауылына жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша да салынып жатыр. Енді тұрғындар ауылға «Жаңа мәдениет үйі мен дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынса…» дейді. Анығында осы мәселені ұлағатты ұстаз Әнуарбек Тұрманбетов көтерді. Аудан басшысы бұл мәселелер өзінің бақылауында екенін жеткізіп, бұйыртса ол да кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Аудан әкімінің кездесуі бір ғана жиынмен шектеліп қалған жоқ. Әр ауылда қоғамдық қабылдау өткізіп, жеке сұрақтармен қайырылған тұрғындардың сауалдарына да жауап берді.
Марат Диханбай.