Істеп салдым бір істі, Алла оңғарсын бұл істі

444 Views

Елімізде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен әр өңірде ақ кимешекті қазақ аналарының шеруі өтіп жатыр. Бұл кезек біздің ауданымызға да келіп жетті. Т.Рысқұлов ауданында аталмыш қоғамдық бірлестік филиалының ашылуын Сұлукүл Далибаева өз қолына алды. Ол жақында Құлан ауылындағы сәулеті келіскен «Алтын сарай» мейрамханасында асыл аналардың, қыз-келіншектердің басын қосып дүбірлі шара өткізді. Ұмыт қалған ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртуды мақсат етіп, салт-сана мен тәлім-тәрбиені насихаттауды қолға алған, қазақ эстрадасына ұлттық бояу сіңіріп жүрген әртіс, продюсер, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасының негізін қалаушы Айнұр Жүгінісова және қауымдастықтың Жамбыл облысы бойынша төрайымы Гүлфайруз Нұрабаева аталмыш шараның қадірменді қонағы болды. Одан бөлек, ауданымыздан шыққан танымал спортшылар мен өнер адамдарының аналары да қатысты.
– Қауышып отырғаным үшін өте қуаныштымын. Міне, бақыт деген осындай сәттерден құралады. Естулеріңіз бар шығар, жыл жарымның көлемінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасы республика бойынша ауқымды жұмыстар жасап жатыр. Аллаға шүкір, бұл бірлестік Қазақстанның түкпір-түкпірін қамтыды. Өздеріңіздің Тараз қаласындағы филиалдың төрайымы Гүлфайруз сіңілім қарап жатпай, Қазақстанның ауыл-аймақтарын қозғап жатқан жайы бар. Соның бірі – сіздерсіздер. Ашылып жатқан филиал құтты болсын. Ұзағынан сүйіндіріп, орта толсын қымбатты аналар! – деп Айнұр Жүгінісова құттықтау сөзін айтып, киіп жүрген кимешегім басымнан түспесе екен деп көзіне еріксіз жас алды.
Игі шара барысында жергілікті әншілер мен әртістер өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Ал дизайнерлер ұлттық әйелдер киімі мен зергерлік бұйымдардың шектеулі топтамаларын көрсетіп, дефилемен жүріп өтті. Жаңатұрмыс ауылынан шыққан, қазіргі таңда танымал блогер, аспаз Сымбат ханымның қолынан шыққан тәтті әрі көздің жауын алатын тағамдар ұсынылды. Шара соңында «Жас натуралистер станциясы» КММ-нің қызметкерлері ұмыт болған «Қамшы ілу» және «Шаш сипау» дәстүрлеріне арнап керемет қойылым қойды.
Салт-дәстүрінен айырылуға шақ тұрған қазаққа, бұл жоба өз дәстүрін жаңғырту арқылы оянуға, арманы мен мүдделерін тоғыстыруға зор мүмкіндік болғандай. Аймақтардағы апа-әжелеріміз, қыз-келіншектердің ұлттық киімдерімізді киюге, дәстүрлі тағамдарымызды дайындауға, ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор құндылықтарды бойына сіңіріп, күнделікті тұрмыста қолдануға деген ынтасын арттырып, аналарымыздың рухын көтерген ізгілікті шара болды.

Ғазиза Жандосқызы.

Поделиться ссылкой: