Оралған бақыт

433 Views

Жуырда бір жиында бір әйел адам кезінде өзінің басынан өткен мына бір оқиғаны баяндап берген еді. «Күйеуім діндар, көркем мінез иесі болған иманды жан еді. Ата-анасына көп жақсылық жасаумен болатын еді. Оның ата-анасына жасаған жақсылықтарын көріп, бір жағынан қуанып жүретін болсам, бір жағынан қайраттанатын да едім. Маған сондай жақсы жар нәсіп еткені үшін Жаратушыға көп шүкіршіліктер етіп жүретінмін. Тойымыздан бір жыл өткеннен кейін қызды болдық. Арада біраз уақыт өткеннен кейін күйеуімнің жұмысы облыс орталығына ауыстырылды. Күйеуім де сонда ауысып, барып-келіп қатынап жүретін. Бір апта жұмыста, бір апта үйде болатын еді. Жұмысының режимі солай болатын. Осылайша қызымыз да төртке толғанын байқамай қалыппыз. Кезекті Рамазан айы да келген еді. Жұрт Рамазан айының тоғызыншы оразасын ұстап жатқан күні болатын. Күйеуім жұмыстан үйге келе жатып, көлік апатына ұшырапты.
Көлігі аударылып кетіп, ауыр хәлде ауруханаға жеткізіліпті. Барғанымда есінен танып жатыр екен. Дәрігерлер күйеуімнің ми тамырлары зақымданғандығын айтты. Түсінгенім, ми тамырлардың 95 пайызы жараланған екен. Білуші Алла, не де болса, жағдайы ауыр екені мәлім болды. Бұл жағдай отбасымыз үшін өте ауыр жағдай болды. Әсіресе ата-енеме қатты қиын болды. Әкесін өте жақсы көретін қызымның қойған сұрақтары өзегімді тырнағандай сезілетін еді. Қызым бір ойыншықты жақсы көруші еді, әкесі болса, осы жолы үйге келе жатқанда сол ойыншығын әкеп беруге уәде еткен еді.
Әр күні ауруханада кезектесіп күзетер едік. Бірақ та күйеуімнің ахуалы бері қарайтын түрі жоқ. Күн артынан күндер, апталар, айлар өте берді. Айларымыз жылдарға ауып, арадан бес жыл да өте шығыпты. Күйеуімді өзімізге қайтарып берді. Дәрігер жалдап, қолымызда ұстадық. Тіпті кейбір адамдар күйеуіңнен күдеріңді үзсең де болады дегенді айта бастады. «Күйеуім әлі қайтыс болған жоқ, басқа марқұмдар секілді жерленген жоқ, демек, Құдай әлі бір жолын көрсетер, еш үмітімді үзбеймін» деген ұранда болдым. Уайым мен қайғының ортасында жүрсем де, әркез Алланың сабырында жүруге тырыстым. Бар уақытымды қызыма арнаумен болдым. Дін жолында жүрген имам (есімін айтпай-ақ қояйын) кісіге қызымды Құран аяттарын жаттау үшін оқуға бердім.
Раббымызға сансыз шүкіршіліктер болсын, қызым он жасқа толуға жақын қалғанда Құранды толығымен жаттап шықты. Арада он жыл өтті. Қызым сәл есейген кезде әкесіне не жағдай болғандығын жақсылап түсіндірдім. Қызым бәрін жақсы түсінді. Өзі сондай, мейірімді әрі дінге де ықыласты болып өсіп жатты. Енді әкесіне өзімізбен бірге ілестіріп те баратын болдық. Қызым әкесіне сәлем беретін, намазында әкесінің жазылып кетуін сұрауды да әдетке айналдырды.
Бір күні қызым маған: «Анажан, мені әкемнің қасында қалдырыңызшы, бүгін түнде жанында болайын» деді. Мақұл алдым.
Ертесіне қызым айтады:
«Әкемнің қасында отырып Құраннан Бақара сүресін оқи бастадым. Оқып болғаннан соң, шамалы уақыттан кейін ұйқыға қалғып кетіппін. Бие сауыны болатындай аралықта ұйықтаппын. Оянып тұрсам, бойымда өзімнен-өзім көңілімді қуаныш билегендей сезіліп, жүрегім тынышталғандай әсер қалдырды.
Орнымнан тұрып, дәрет алып, тәһәжжуд намазын оқыдым. Намаздан соң тағы да ұйқыға кетіппін. Шамасы қалғып кетсем керек. Бір кезде түсімде «Тұр, Раббың ояу болса, сен қалайша ұйықтаудасың? Алла Тағаланың «Түн сағатында дұға тілеген пендемді еш жауапсыз қалдырмаймын» дегенін есіңнен шығарғаның ба? деген сөздерді естіп, ұйқымнан секіріп оянып кеттім. Екі алақанымды жайып, бірде әкеме, бірде құбыла тарапқа қарап:
«Раббым! Сен Ұлықсың!
Сен тіршілік пен өлімді жараттың!
Сен Құдіреттісің!
Мынау менің әкем, Сенің пендең. Әкеме сынақ келді, Біз сабыр етудеміз. Үкіміңе разымыз! Раббым! Сен Аюбқа шипа беріп, Мұсаны анасымен, Жақыпты баласымен қауыштырған, Ибраһимді оттан аман алып шыққан, Жүністі балықтың қарнынан аман сақтап сыртқа шығарған Құдірет Иесісің!
Әкеме берген дертіңнің шипасын да бергейсің! Дұғамды қабыл еткейсің!» деп, ұзақ уақыт дұға жасадым.
Дұға жасап отырып, таң намазына жақын тағы да көзім ілініп кетіпті. Бір кезде тағы да бір дауыс: «Әй, қыз, неге жатырсың, кімсің?» деген сөздер естілді. Орнымнан шошып, секіре атып тұрдым. Жан-жағыма қараймын, ешкім жоқ. Тағы да сол дауыс естіледі. Жақсылап мән беріп қарасам, ӘКЕМ ЕКЕН!!! Қуаныштан өзімді жоғалтып, күңіреніп жылай басымды әкемнің кеудесіне қойдым. Әкемнің мені танитын түрі жоқ. «Әке мен ғой, қызыңызбын ғой» деп, дереу дәрігерлерге жүгіріп кеттім. Аптығып келген дәрігерлер әкемнің есін жинай бастағанын көріп қайран қалды. Болған уақиғаларды айтпағанымша әкем ештеңені дым түсінбей тұрды. Кейін жылап: «Көлік апатына түсерден алдын жолға шығарда дәрет алып, дұха намазын оқуға ниеттеніп шыққаным есіме түсіп тұр, кейінгісі еш есімде қалмаған екен, білмедім оны оқыдым ба, жоқ па…», – деді.
Әлгі әйел әңгімесін аяқтай келе, «Көп ұзамай, күйеуім ауруынан сауығып, бұрынғы қалпына келіп жазылып кетті. Қазір 46 жаста. Алла бізге ұл берді. Жуырда ғана екі жасқа толды. Арада 15 жыл өтіп, күйеуімді маған қайтарып бергені үшін Құдайға алғысым шексіз. Қызымның да иманды, саналы болғаны жаныма әр кез қуаныш сыйлайды.
Мен бұл оқиғаны ғибрат үшін ай­­тып отырмын. Басына іс түскен, бар­лық мүмкіндіктердің есіктері жабы­лып қалған, тығырыққа тірелген адам­дар үшін пайдалы кеңес болар деген жақсы ойменен жеткізуге тырысып бақтым. Үміт үзбеңіз. Жаратқанға дұға етумен болыңыз. Алла Тағала жайында жақсы ойда жүріңіз. Дұға келе жатқан қазаны да қайтарады екен. Кімде-кім Құдайды есінен шығармаса, Құдай да ол пендесінің бар қажеттіліктерін орындайды екен. Ата-аналарымызға жақсылық жасауды ұмытпайық. Әрбір нәрсе Алланың қолында екен. Менің соңғы сөзім, Бүкіл әлемдердің Раббысы болған Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын!!!

Үмбет Сабырханов,
Әл-Хақ мешітінің имамы.
Луговой ауылы.

Поделиться ссылкой: