Әріптесіміз үздіктер қатарынан көрінді

377 Views

Атақты канадалық жазушы, әдебиет сыншысы Маргарет Атвуд өзінің бір сөзінде «Интервью – көркем шығармашылықтың бір түрі. Сұхбат алушыдан қанатты қиял мен композициялық шеберлік талап етіледі» деген екен. Расымен де, аталмыш парасатты пайым шындыққа жанасады. Әрі ойға қонымды. Журналистер қауымына жақсы таныс бұл жанр түрін жазып шығу оңай тірлік емес, әрине. Дұрыс сұрақ қою, кейіпкердің ойын көркемдей отыра дәл жеткізу және оның болмысын ашу – шын талантқа ғана бұйыратын бақ дерсіз.
Ауданның айнасына айналған қара шаңырақ «Құлан таңы» газетінде талай талантты жандар қызмет етті. Бүгінде еңбек етіп те жүр. Соның бірі – Марат Жолдасбекұлы. Қаламы қарымды, өзі дарынды Мәкеңді дәл бүгін неге сөз еттік? Оның өзіндік бір себебі бар.
Өзгенің пікірін білмейміз, Маргарет Атвудтың жоғары бағалайтын жанры бойынша біздің басылымда сөз тербей алатын жалғыз журналист Марат Диханбай ғана. Ол сияқты сұхбат берушіні көркем сөйлете алатын тілші дәл қазір аз. Оған көз жеткізу үшін Мәкең алған сұхбаттарды бір парақтап шықсаңыз жеткілікті. Әсіресе, 2018 жылғы республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазы, Қазақ ауылының қадірлі қариясы Өмен Ниязқұловтан алған сұхбатын оқысаңыз, еш өкінбейтініңіз айдан анық.
Мақсатымыз – Маратты мақтау я болмаса оның артықшылығын көрсету емес, жақсы әрі жағымды жаңалықпен бөлісу болатын. Ендеше, оған да кезек берейік.
Биыл облыстық «AQ JOL» газетінің алғашқы санының шыққанына 100 жыл толып отыр. Ақжолдықтар бұл мерейлі тойын республика көлемінде атап өтті. Түрлі форматта кездесулер, конференциялар өткізіп, сөз зергерлері арасында арнайы байқау да ұйымдастырды. Байқаудың атауы – «AQ JOL» газеті: Қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі». Аталмыш аламанда елге белгілі қаламгерлер бақ сынап, нәтижесінде Олжас Сәндібек, Асхат Райқұл, Ақмарал Шағатай, Ақтоты Жаңабай сынды тілшілер Сыдық Абланов, Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, Арғынбай Бекбосын атындағы жүлдені қанжығасына байлады. Бір қуантарлығы сол, бұл бәйгеде біздің әріптесіміз Марат Диханбайдың да бағы жанды. Оның жазған «Тұрмыстың тауқыметін тартып отырсақ та, әкем газетке жазылуын тоқтатпайтын» атты мақаласы талай жылдар бойы облыстың бас басылымында еңбек еткен Кемел Тоқаевтың арнайы жүлдесіне лайық деп танылып, 500 000 теңгелік сертификатқа ие болды.
Біз «Құлан таңы» газетінің ұжымы ойын ашық жеткізе білетін, бітімі мен болмысы бөлек әріптесімізді жеткен жетістігімен құттықтай отыра, деніне саулық, жұмысына шығармашылық табыс тілейміз.
Құрметті де, қадірлі ойы бөлек оқырман! Біз бүгін облыстық «AQ JOL» газетінің мерейтойына орай ұйымдастырылған байқауда бақ сынап, үздіктер қатарынан көрінген Марат Диханбайдың мақаласын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Оқып әрі ой түйіп, өзіндік баға беріңіз.

«ҚҰЛАНТАҢДЫҚТАР».

Поделиться ссылкой: