Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу және сайлау алдындағы  пікірсайыстар мен пікірталастарды ұйымдастыру мәселелері туралы  Ортсайлауком отырысы өтті

388 Views

Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу және сайлау алдындағы 

пікірсайыстар мен пікірталастарды ұйымдастыру мәселелері туралы 

Ортсайлауком отырысы өтті

Ағымдағы жылдың 8 қарашасында Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Отырыста келесі мәселелер қаралды:

1. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстар мен пікірталастарды ұйымдастыру және өткізу мәселелері туралы; 

2. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйым байқаушыларын аккредиттеуді кері қайтарып алу туралы; 

3. 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы. 

 

 

Отырысты ашқан ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдеріне тоқталды.

«Заңда соңғы конституциялық өзгерістер көрсетілген, оған сәйкес Президент бұдан былай 7 жыл мерзімге сайланады, бірақ бір реттен артық сайлана алмайды. Бір мәрте жетіжылдық президенттік мерзім туралы норма ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң, яғни а.ж. 17 қарашада қолданысқа енгізіледі.

Осылайша, алдағы 20 қарашада жалпыхалықтық дауыс беру барысында сайланатын Қазақстан Президентінің қызмет ету мерзімі жаңа конституциялық норма бойынша есептелетін болады.»,- деді Нұрлан Әбдіров.

Сондай-ақ, ҚР ОСК Төрағасы Конституциялық заңның қолданысқа енгізілетін басқа нормаларына тоқталды. Нұрлан Әбдіров қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі нормалар олар ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң 2023 және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісінше ағымдағы сайлау науқанында қолданылмайтынын ерекше атап көрсетті.

Сонымен, ОСК Төрағасы кезектен тыс президенттік сайлау бойынша ағымдағы сайлау науқаны қолданыстағы сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес, басқаша айтқанда, сайлау процесінің барлық қатысушыларына белгілі ережелер мен алгоритмдер бойынша өткізілетінін атап өтті.

Басты міндет – сайлау органдарының, барлық сайлау инфрақұрылымының 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге 100% дайындығын қамтамасыз ету екенін атап өтіп, комиссия мүшелерінің назарын дауыс беруге арналған үй-жайлардың тек сайлаушылардың өздері үшін ғана емес, сонымен қатар байқаушылар, сенім білдірілген адамдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері т. б. үшін қолжетімділігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.

Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша ҚР ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова баяндады. Ол ҚР ОСК қаулысымен бекітілген Сайлау алдындағы пікірсайыстарды  өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Регламентті келісетінін және сайлау алдындағы  пікірсайыстарға қатысушылардың тізімін бекітетінін хабарлады.

 

 

Регламентке сәйкес Президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы пікірсайыстары мен пікірталастары төрт раундта өткізілетін болады. Әр раундқа сәйкес пікірсайысқа қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасымен сөз сөйлеуге, қарсыластарына сұрақтар қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік алады.

Сайлау алдындағы пікірсайыстар мен пікірталастарға қатысу үшін  кандидатураларды Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың сайлау штабтары ұсынды. Пікірсайысқа қатысушылар:

1) Абден Қарақат Жақсылыққызы

2) Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы

3) Дайрабаев Жигули Молдахалықұлы

4) Қажыкен Мейрам Зекешұлы

5) Қошанов Ерлан Жақанұлы

6) Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы

Баяндама аясында Анастасия Щегорцова пікірсайыс 11 қарашада сағат 20.00-де тікелей эфирде өтетінін хабарлады.

ҚР ОСК мүшесі Сәбила Мұстафинаның сұрағына жауап ретінде пікірсайыстар мен пікірталастардың әр раундына егжей-тегжейлі тоқталды.

Мәселен, бірінші раунд – «Сайлау алдындағы бағдарламамен таныстыру», онда әр қатысушы өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсыну мақсатында сөз сөйлейді. Әр қатысушының сөз сөйлеуі үшін 3 минут беріледі.

Екінші раунд – «Пікірталас сессиясы», онда қатысушылар қарсыластарына екі сұрақтан қояды, сонымен қатар екі сұраққа жауап береді. Сұрақтың тұжырымына 30 секунд беріледі, әр қатысушыға жауапқа 2 минуттан беріледі.

Үшінші раунд – «Сайлаушылардан сұрақтар». «Хабар» агенттігінің базасында «Кандидаттан сұра!». Сайлаушылар кез-келген кандидатқа сұрақ қоюға мүмкіндігі бар. Әр кандидатқа бір сұрақтан қойылады. Жауап беру уақыты — 2 минутқа дейін.

Төртінші раунд – «Сайлаушыларға арнау», қорытынды раундта қатысушылар тікелей сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді. Әрбір сөзге 2 минуттан уақыт беріледі. Жалпы уақыт — кем дегенде 80 минут.

 

Күн тәртібінің екінші және үшінші мәселесі бойынша ҚР ОСК хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Екінші мәселе бойынша ол Түркі мемлекеттері ұйымының өтініші негізінде ҚР СІМ ұсыным бойынша делегация құрамының өзгеруі себебінен екі халықаралық байқаушыны аккредиттеуді кері қайтарып алу туралы мәселе шығарылғанын хабарлады.     Осыған орай «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» ҚР ОСК 2022 жылғы 17 қазандағы № 92/577 қаулысына тиісті өзгерістер енгізілді.

 

Үшінші мәселе бойынша Мұхтар Ерман 1-7 қараша аралығында ҚР СІМ бірқатар Миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстары келіп түскенін хабарлады:

— ТМД Миссиясы құрамынан 55 байқаушы;

— ТМД ПАА — дан 34 байқаушы;

— Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Миссиясының құрамынан 19 байқаушы;

— Бұрын аккредиттелген халықаралық байқаушыларды ауыстыру үшін Түркі мемлекеттері Ұйымынан 2 байқаушы.

Сонымен қатар 14 шет мемлекеттен 24 байқаушы ұсынылды, оның ішінде Латвия, Сербия және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының өкілдері де бар.

Аккредиттеуге барлығы 134 байқаушы ұсынылды.

2022 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша халықаралық ұйымдардан және шет мемлекеттерден халықаралық ұйымнан екі байқаушының аккредиттеуін қайтарып алынғанын ескере отырып, барлығы 271 байқаушы аккредиттелді.

Аккредиттеуге ұсынымдардың түсуіне қарай байқаушылар бойынша мәліметтер жаңартылатын болады. Ортсайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді 2022 жылғы 14 қараша күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырады.

ҚР ОСК мүшесі Шавқат Өтемісовтың сұрағына жауап бере отырып, Мұхтар Ерман ЕҚЫҰ ДИАҚБ, ТМД және ТМД ПАА желісі бойынша 57 ұзақ мерзімді Халықаралық байқаушылар іс жүзінде барлық облыстарда, оның ішінде ОСК көшпелі семинар-кеңестеріне қатысып жатқанын хабарлады. Бұдан басқа, барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталықтары құрылды.

ҚР ОСК мүшелерінің баяндама жасау қорытындылары бойынша Ортсайлаукомның тиісті қаулылары қабылданды. Отырыстан кейін БАҚ өкілдері үшін брифинг өтті.

Поделиться ссылкой: