Екпе алудың маңыздылығы мен қажеттілігі

426 Views

Соңғы жылдары ауданымызда бала­ларына жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе салдырмай, бас тартып жүрген ата-аналар қатары жиілеп келеді. Екпе жайлы қазіргі таңда барлық ата-аналардың хабары бар. Алайда, баланы егуге алып келген кезде әртүрлі сенімсіз жағдайлар туындайды. Бұл сенімсіздіктің өз себебі бар. Өйткені қазіргі таңда балаларымызда екпе арқылы қорғайтын жұқпалы аурулар мүлдем кездеспейді. Осыдан 30-40 жыл бұрын ата-аналарға қызылша мен күлдің (дифтерия) қауіптілігі жайлы айтудың қажеті болмады. Ал көкжөтелдің ауыр жөтелі әрбір қала мен ауыл ауласынан естілетін. Сал ауруының ауыр асқы­нуы болып табылатын мүгедектіктен қорқыныш әрбір ата-ананың көкей­тесті мәселесі болды.
Бұл тек Қазақстанда емес. Дүниежүзінде де кездесті. Жоғары да айтып отырған ауруларымыздың барлығы екпемен (вакцинация) басқарылатын аурулар. 1980 жылдары дүниежүзі бойынша шешек (оспа) ауруы мүлде жойылды, оған себеп – екпе. Осындай аурулардан қорғанудың басты жолы 95-100 пайыз алдын ала екпемен қамту екені дәлелденген. Сондықтан елімізде бұл жағдай жолға қойылған. Қазақстанда профилактикалық екпе егудің ұлттық күнтізбесі бойынша 14 жұқпалы аурудың түріне қарсы екпе тегін жүргізіледі. Қалған тұмау, менингит сияқты жұқпаларға қарсы екпелер ақылы түрде жүргізіледі. Алайда, жүкті әйелдерге, жиі ауыратын адамдарға, науқастармен жиі қарым-қатынас жасайтын медицина қызметкерлеріне тұмауға қарсы, сонымен қатар, оба, іш сүзегі, күйдіргі, құтырма сияқты ауруларға қарсы екпе халықтың қауіп төндіретін контингенттеріне тегін жүргізіледі. Біздің елге келетін екпенің барлығы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатымен, рұқсаттарымен келеді. Әрбір келген вакцинаны бірнеше айдан бастап, бірнеше жылдар бойы зерттеп, оның қауіпсіздігі тексеріледі. Мұндай мүмкіндік кез келген елде жоқ. Жалпы екпе салғаннан кейін ағзада сол ауруға қарсы арнайы антиденелер пайда болады. Қорғану антиденелерінің нәтижесінен баланың дене қызуы көтеріліп, ине салған жері қызаруы мүмкін, бала мазасызданып жатады. Бұл алғашқы күндері ғана болады. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Қалай десек те, бастысы, екпе баланы сол аурудан қорғайды. Ал дінге келетін болсақ, «ислам шариғаты балаға екпе егуге қарсы» деген пікірдің қате екендігін теолог ғалымдарымыз да мойындап отыр. Өйткені қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдын­да түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Сондықтан екпенің (вакцинациялаудың) негiзгi мақсаты – ол адам ағзасында иммунитет пайда болу арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұру. Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбiр ата-ана мен жалпы қоғамда толық түсiнiк болуы өте қажет. Жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал халықты егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жап­пай түсінуі маңызды.

А.Бейсебаева,
аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы.

Поделиться ссылкой: