Халыққа қызмет ету – Хаққа қызмет ету

504 Views

Өткен аптада аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Діни тұрақтылық – болашақтың кепілі!» деген тақырыпта аудандық семинар өтті. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен атал­мыш семинарға Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» басшысының орын­басары Байылхан Құлназаров, республикалық ақпараттық түсіндіру орталығының мүшесі Ғазиз Ахметов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Дінтану орталығының бас маманы Бахтияр Алпысбаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Адилов, сонымен қатар аудан­дық дін саласында жұмыс істейтін маман­дар, теологтар, имамдар, аудан­дық ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелері, ауылдардағы дінге жауап­ты мамандар қатысты.
Конференцияның негізгі мақ­саты – ақпаратты насихаттау топтарында қызмет ететін мамандарға қазіргі уақыт­­тағы діни ахуалды түсіндіру және олардың сөйлеу мәдениетін жетілдіру болып табылады. Себебі, әлемге қауіп төндірген экстремизмнің төңірегін­де біршама өзгерістер болып жатыр. Қоғамды жат ағымдардың залалынан сақтауда насихаттау топтарының алар рөлі маңызды.
Алғашқы болып сөз сөйлеген Байылхан Құлназаров өзінің баян­дамасын «Экстремизм дегеніміз не?» деген сұрақ аясында өрбітті. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселеге айналған экстремизм мен терроризм терминде­ріне анықтама бере отырып, діннің атын жамылған ағымдар жайлы айта кетті. Статистикалық мәліметтерге сүйене­тін болсақ, соңғы он жылдықта бүкіл әлемде терроризм мен экстремизм­нің құбылысы, оның нысандары мен көріністері байқалуда. Саясатта белгілі бір бағыт ретінде экстремизм радикалды көзқарастарды жүзеге асы­рудың түрлі әдістерін ұстанады. Ол мемлекеттің тұтастығына, қоғамның бірлігіне қатер төндіріп, зорлық-зомбылықпен, фанатизммен, өздерінің принциптерін қорғай алмайтынымен, ымыраға келмеуімен сипатталады. Яғни, діни сауатсыздықтың кесірінен жас буын өкілдері осындай террористік топтардың торларына түсіп қалып жатыр. ҚР аумағында ислам дінін насихаттайтын, заңды түрде бекітілген «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» деп аталатын бір ғана діни бірлестік бар. Осы бірлестіктің діни өкілі болып табылатын Қазақстанның әр түкпірінде мешіттер орналасқан. Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Сол себепті, қандай да бір діни сұрақтар пайда болса, осы аталған жерлерге барып сұрауға кеңес берді.
Келесі сөз кезегі дінтанушы Ғазиз Ахметовке берілді. Ғазиз Ахметов өзінің алғы сөзінде экстремизм мен терроризмге алып баратын ең негізгі фактор адамның қате түсінігі. Мәселенің дінде емес, дін ұстанушылар түсінігінің таяздығында екенін айтты. Осы себепті, жаһандық ауқымда діни терроризммен күресудің жолы ең алдымен діндер туралы нақты ақпаратқа байланысты. Алла тарапынан барлық дін адамдар үшін жіберілген және адамзаттың екі дүниесінде бақытты ғұмыр жолын көр­сету мақсатында келген дей аламыз. Иудаизм, христиандық, буддизм және индуизм сынды әлемдік діндердің ортақ моральдық қағидаларына қарайтын болсақ, барлығында адалдық, тазалық, мейірімділік пен жақсылық, үлкенді сыйлау және басқаларға зиян келтір­меу деп түйіндеуге болатынын көреміз. Осы тақырыпты Бахтияр Алпысбаевта қозғап, слайд-шоу арқылы баянда­ма­сын жасады.
«Халыққа қызмет ету – Хаққа қызмет ету». Қожа Ахмет Яссауидің бұл қағидасы қоғамға адал қызмет етуді насихаттайды. Отаншыл­дық­қа, елді сүюге, бауырмалдық пен жана­шырлыққа өзара құрмет пен сый­лас­тыққа тәрбиелейді. Осы қағи­да­ны әр мұсылман баласы ұстанса діннен адаспас еді деп ойлаймын.

Ғазиза Асқар.

Поделиться ссылкой: