Еңселі еңбек еленді

420 Views

Өткен аптада аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде ауылшаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің төл мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді. Аталмыш жиында ауданның ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген дихандар, өндіріс қызметкерлері мен сала ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында аудан әкімі Ернар Есіркепов сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, Құрмет және Алғыс хаттар, арнайы төсбелгілерді табыс етті. Аудан басшысы өз құттықтау сөзінде:
– Бұл мереке – жер ананы идіріп, қырманды дәнге толтырған, ата кәсіп – мал шаруашылығын шалқытып, еліміздің және өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың мерекесі. Агросала – халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Сондықтан да ауылды дамыту, ауылшаруашылығын өркендету – бүкіл елімізді дамыту деген сөз. Бүгінде ауданымыз бен ауылдық округтерімізде осы сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде шағын және орта бизнес саласы, егін және мал шаруашылығы қарқынды даму үстінде, – дей келе аудан басшысы бүгінде осы салада қызмет атқарып, ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосып жүрген азаматтарға шексіз алғысын білдірді. Сондай-ақ, Ернар Серікәліұлы мерекелік кеште егін және мал шаруашылығын дамытуда жемісті еңбек етіп, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалауда «үздік» деп танылған еңбек озаттары мен ардагерлеріне арнайы бағалы сыйлықтар табыс етті.
Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: