Жолдау аясында жиын өтті

674 Views

Жолдау аясында жиын өтті

 Сәрсенбі күні аудандық мәдениет үйінде Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған аудандық актив жиналысы өтті. Жиынға аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, аудандық ақпараттық топ мүшелері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, ардагерлер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілері мен аудан жастары қатысты. Алқалы жиынды аудан әкімінің орынбасары Бейсен Әлпейісов ашып, жүргізіп отырды. Аудан әкімі Асқар Қырықбаев Жолдау аясында жасаған бағдарлы баяндамасында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті – Елбасы адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артатынына назар аударды. Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап  ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өсетіндігін айтты.

Ауданымыздағы 1746 төмен жалақы алатын азаматтарға аудандық бюджеттен жыл сайын қосымша 400 млн. теңге қосымша қаражат бөлінетін болады,- дейді аудан әкімі.

– «Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты», — деді. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігін атап көрсетті.

Қазіргі таңда ауданда 20 балабақша мен 15 шағын орталық жұмысын жүргізуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында — 82,2%, 3-6 жас  аралығында — 97%-ды құрап отыр. Ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанында 125 орынды қамтитын 2 жекеменшік бөбекжай-бақша, 125 орынды қамтитын 3 мектеп жанындағы шағын орталықтар іске қосылды, балабақшалардан 30 орын дық 2 қосымша топ және 1 шағын орталықта 20 орындық қосымша топ ашылды. Мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамту үлесі 300 орынға артып, қазіргі таңда 97% көрсетіп отыр. Алдағы уақытта жоспар бойынша 225 орын ашу жоспарлануда, — деген Асқар Санатұлы Жолдаудың «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» атты үшінші бөліміне жан-жақты тоқталды. «Ауданда 2017-2018 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысын салу мақсатында 80 пәтерлік 5 қабатты 2 үйдің құрылысына жобалау сметалық құжат дайындауға бюджеттен 2017 жылы 5 млн. теңге, 2018 жылы 19 млн. 269 мың теңге қаржы бөлініп, құжат дайындалды. Жаңа тұрғын үй алқабына кәріз коллекторының құрылысын салу және ішкі алаңның инженерлік желілері құрылысын салу нысанына жобалау сметалық құжат дайындауға 15 млн. 839 мың теңге қаражат қарастырылып, жоба дайындалды. Кәріз коллекторының жобасы сараптама қарауында. Инженерлік желілердің құрылысы нысанының сараптама қорытындысы алынып, облыстық басқармаларға өтінім жолданды. Жалпы сметалық құны 142 млн. 616 мың теңгені құрап отыр» дей келе, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы секілді төртінші, бесінші, алтыншы басымдықтарды да атап өтті.

– Әрбір қазақстандық жүр гізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.

Елбасы келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек. Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту қажет, — дейді аудан әкімі Елбасы тапсырмаларынан туындаған мәселелерді талдап.

Жиын барысында жарыссөзге шыққан аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлзат Үкібаева, халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері Марғұлан Мұсаханов, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Сәрсеханұлылар Елбасы Жолдауын ықыласпен тыңдап, ерекше әсер алғандарын жеткізді. Сондай-ақ, Жолдауды іске асыру жолында жұдырық болып жұмылу керектігін жарыса жеткізіп, өз ойларымен бөлісті.

М.СЕЙДАШЫМ.

Поделиться ссылкой: