Мазмұнды, мағыналы һәм әсерлі

191 Views

Театрға деген әуестігіміз студенттік жылдарда арта бастады. 2007-2011 жылдар аралығында облыстық драма театрдың ішінен шықпайтынбыз. Мүмкіндігінше әр сахналық қойылымды көруге тырысатынбыз. Оқу бітірдік, ауылға оралдық, жұмысқа орналастық. Театрдан біржола қол үзіп қалдық десек те болады.
Осы орайда аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған Басқар Битанов атындағы халықтық театрдың ұжымына шексіз алғыс айтсақ жарасымды болатын шығар. Неге дейсіз ғой? Себебі аталмыш ұжым «жоқтан барды» шығара алатын шығармашыл топқа айналды. Оған соңғы кездері әбден көзіміз жетіп келеді. Жуырда ғана дін және тарихи драмаға негізделген қойылымды сахналаған ұжым әртістері Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 1986 жылдың 16 желтоқсанында болған оқиғаны тамаша сомдап шықты. «Желтоқсан ызғары» деген атаумен сахналанған қойылымда бәрі де бар. Жан ұшыра жүгірген, алаңға асыққан жас қыздар, қарулы әскерден қаймықпай, оларға қарсы тұрған қайсар ұлдар, ешкімді аямастан ауыр соққы жұмсаған жауынгерлер көріністе сәтті сомдалған. Қойылымның тағы бір ұтымды тұсы – әсерлі әндер. Әбдірахман Асылбектің сөзіне жазылған Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» атты әнін орындаған жастарды көргенде көрер­мендер көз жасын тыя алмағаны хақ. Әсіресе, көріністі тамашалап отырған желтоқсаншылар ерекше сезіммен толқып отырды. Бұл нені білдіреді? Әрине, бұл – сахналық қойылымның шынайылығын, әсерлі тұстарының көптігін анық аңғартады.
Бәрін айт та, бірін айт театр ұжымы сахналаған қойылым көптің көңілінен шықты. Тіпті, көрермендер арасында «браво» деп айқайлап, аямай қошемет көрсетіп жатқандардың қатары көп болды. Өнерпазға бұдан артық не керек?!

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: