Таңдаған тәттіңіз балаңызды улап жүрмесін…

373 Views

Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында әр ата-ана баласын сыйлықтармен қуантқысы келеді. Осыған байланысты сауда объектілерінде ұсынылған тәтті жиынтықтар ерекше сұранысқа ие. Мұндай сыйлықты таңдағанда, тәттілердің сапасы мен қауіпсіздігі туралы ұмытпаңыз.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының деректері бойынша, өнім қауіпсіздігінің мониторингі зерттелген кондитерлік өнімдер сынамаларының 10,5% белгіленген техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмей­тінін көрсетті. Негізгі бұзушылықтар таңбалау­дың сәйкессіздігіне (өндіруші, құрамы, өткізу мерзімі туралы ақпараттың болмауы) келе­ді. Сондай-ақ, жарамдылық мерзімі өткен кондитерлік бұйымдарды өткізу фактілері бар. Мерекені жағымсыз тосынсый­лармен бұзып алмау үшін, тәттілері бар сөмкені таңдағанда, тұтынушы негізгі ережелерді сақтау керек. Сыйлықты сатып алу алдында қаптаманың бүтіндігіне, жеткілікті сақтау мерзімі­не, сондай-ақ өнімнің нарықтағы айналымының бірыңғай белгісіне (ЕАС) көз жеткізіңіз. Оның болуы өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың қауіпсіздік талаптарына сәй­кес дайындалғанын білдіреді.
Кондитерлік өнімдер құрамында тағамдық қоспалар, консерванттар, гомогенделген майлар, оның ішінде пальма майы, синтетикалық бояғыштар, консерванттар (Е202, Е200, Е249, Е210) жоқ жиынтықтарды таңдауға басымдылық берген жөн. Балаларға қауіпсіз және пайдалы толтырғыш­тары бар тәттілерді – мармелад, суфле қосылған желе кәмпиттері, пастила, зефир, печенье (бисквитті, галета) беріңіз.
Егер сыйлықтың ішінде ойыншық болса, онда ол туралы ақпарат қап­та­мада міндетті түрде көрсетілуі керек. Бұл жағдайларда жас шектеулері мен қауіпсіздік техникасы туралы есте ұстаған жөн. Ойыншықта жағымсыз иіс болмауы тиіс және тым ашық түсті, баланың жарақат алуы мүмкін өткір шығыңқы бөліктері жоқ материал­дар­дан жасалуы керек.
Аудандық санитарлық-эпидемио­логия­лық бақылау басқар­масы ересек­терді шығу орны белгісіз, бекітілмеген сауда орындарынан сыйлықтар алмауға шақырады. Егер сатып алу кезінде өнімнің сапасына күмән туындаса, сатушылардан өнім­нің сәйкестік сертификатын талап етіңіз. Кондитерлік өнімдер үшін бұл – сәйкестік туралы декларация.

А.Әміржанқызы,
аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.

Поделиться ссылкой: