Тәуелсіздік – асқақ армандар мен қайсар рухтың жемісі

301 Views

Тәуелсіздік – өткен ғасыр сыйға тартқан баға жетпес тарту. Тәуелсіздік – Желтоқсан ызғарына ұшыраған батырларымыздың күш-қуатымен келген қастерлі күн. Өз алдына жеке ел болып қалыптасқан Қазақстан мемлекетін біршама қиындықтар қарсы алса да, төзімділігінің арқасында дүние жүзіне өршіл үнін анық әрі айқын естіртті. Осылайша мемлекетіміз өркениетті ел екенін мойындатты. Осыған орай, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінде «Желтоқсан – Тәуелсіздік бастауы» атты іс-шара өтті. Іс-шараға ауданның құрметті азаматтары, атап айтар болсақ, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бижанов Қожайхан, аналар кеңесінің төрайымы Алагөзова Түзел, билер кеңесінің төрағасы Өтегенов Серік, аудандық кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінің меңгеру­шісі Жиенбаева Айгүл, Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің ғылыми-әдістемелік орынбасары Мырзалиева Бақыт, жастар ресурстық орталығының директоры Әбіләшім Ануарбекұлы қатысты.
Желтоқсан алаңына шығып, егемендік үшін күреске түскен аға-апаларымызды ұмытуға қай-қайсысымыздың болсын хақымыз жоқ. Дәріптеп, ұлықтайтын ұрпақ­тары тұрғанда олар мәңгі есте қалмақ. Осы тура­­сында баяндама оқыған тарих пәнінің мұғалімі Қоштаева Гүлзейнеп Желтоқсан құрбандары туралы жинақтаған тың деректерімен бөлісті. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының қатысуымен Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды желтоқсанның ызғарына ұрынған ұландардың өмір тарихы туралы көріністі көргенде жыл өткен сайын Тәуелсіздікдің маңызы тым тереңде екенін түйсінесің. Сол уақыт­тың сұрқия заңына ашынған қа­зақ ақындарының шығармаларын аталмыш мектептің оқу­шы­лары керемет орындап шықты.
Шара соңында қонақтар сөз сөй­леп, Желтоқсан оқиғасының маңызы ешқашан да ұмытылмайтынын айта келіп, елдің болашақ батыр ұл-қызда­рына сәттілік тіледі.

Балжан Ерланқызы.

Поделиться ссылкой: