Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
24 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Қаймана қазақтың қабырғасын қайыстыратын бір ауыр күн бар. Ол – 1986-ның 16 желтоқсаны. Дәл осы күні қазақ жастары тек желтоқсанның ызғарлы қақаған аязына ғана емес, қазақтың маңдайына біткен тау тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты әп-сәтте қызметінен шеттетіп, оның орнына ешкімге белгісіз Колбинді тағайындаған қызыл империяның солақай саясатына қарсы тұрды. Сондай-ақ, жалынды жастар «Тәуелсіздік. Еркіндік. Азаттық» деп ұрандатып, ата-баба аңсаған арманға қарышты қадам жасады. Олар көздеген армандарына жетті де. Бірақ сәл кешірек. Араға бес жыл салып, дәл сол күні еліміз өз егемендігін алды. Бұл – ұлт болып ұйысып, бірлігімізді бүкіл әлемге паш ететін мереке. Тек мереке ғана емес, сонау азаттық үшін арпалысқа түскен алаш арыстарын, зиялы қауым өкілдерін еске алатын күн.
Мереке қарсаңында аудан әкімі Ернар Есіркепов Тәуелсіздік үшін табандылық танытқан, егемендікті жақындатқан желтоқсаншылармен кездесіп, ерліктеріне алғыс білдірді. Аталмыш шараға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңіс Әділов және бір топ аудан жастары қатысты.
Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен өткен кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы еркін форматта сұхбат құрып, қазіргі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбиені насихаттаудың маңыздылығына тоқталып өтті.
– Жыл өткен сайын Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы тереңдей түспек. Сіздердің ерлік істеріңіз халық жадында мәңгілік сақталады. Желтоқсан қаһармандарының арқасында қол жеткізген еркіндігімізді, әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиіспіз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз. Сіздердің сол кезде жасаған ерліктеріңізді бүгінгі өскелең ұрпақ мәңгі жадында сақтауы тиіс. Ол үшін әрине, дәл осындай мазмұнды іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуы керек, – деп сөз кезегін желтоқсаншыларға берді.
Өз кезегінде желтоқсаншылар Алматының орталық алаңында болған оқиғаларды баяндап беріп, жастарды рухты әрі намысшыл болуға шақырды. Жиын барысында көптеген бастамалар да көтерілді. Соның бірі – ескерткіш. Желтоқсан құрбандарына арнап салынатын ескерткішті аудан әкімі міндетті түрде қолға алатынын айтты. Пікір алмасу барысында желтоқсаншылар да баянды бастамаға өзіндік үн қосатындықтарын жеткізді.
Жиынның соңы естелік суретке түсумен түйінделді.
Жәнібек СҰЛТАН.