Кеңшілік ТышҚан: “Тоқал – талаққа тұздық болмауы тиіс”

610 Views

Бүгінгі сұхбатымызға асыл дінімізде һәм ата дәстүрімізде негізі бар тоқал тақырыбы, әмеңгерлік салты арқау болмақ. Әлеуметтанушы сарапшы мамандар тәуелсіздік алған кезеңнен кейін осы үрдістің көптеп көтеріле бастағанын айтады. Ал дін мамандары бұл қадамға нәпсінің қалауымен емес, ақылдың көзімен қарап келу керек дейді.  
Ислам шариғатындағы рұқсат берілгенімен міндет етілмеген бірнеше әйел алу үрдісінің бүгінгі қазақ қоғамындағы қалпы қандай? Біз байқайтын құбылыс – осы рұқсат пен міндетті шатастырушылар қатары көп. Тоқал тақырыбы тойынғандықтың белгісі ме, әлде нәпсілік қалаудың көрінісі ме? Осы сауалдардың жауабын ислам шариғаты және халық дәстүрі аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, дінтанушы Кеңшілік ТЫШҚАН береді.  

«Ақсақалдар институты әулет тұтастығын сақтады»
– Әңгімемізді әуелі Ислам шариғатында әйел заты туралы не айтылған, асыл дініміздегі әйелдің орны қандай? Осыдан бастасақ.
– Адамзаттың негізі ер мен әйел­ден тұрады. Сондықтан, ер азаматтың орны өмірде қаншалықты болса, әйел адамның орны мен рөлі де еш кем емес. Осыған байланысты асыл дінімізде әйелдің орны мен рөлі барынша дәріптеліп, аса маңызды жауапкершіліктер жүктел­ген. Бұған Пайғамбарымыздың бір­неше хадистерін келтіруімізге бола­ды: «Жәннат аналардың табанының астында» немесе «Әкең мен анаң шақырса алдымен анаңа бар, тағы анаңа бар, тағы анаға бар. Содан кейін әкеңе бар» және «Алланың ризашылығы ата-ананың ризашылығында» демей ме?! Демек, ананың орны ислам дінінде ерекше мәртебеге ие. Алайда, кейбір ниеті бұзық адамдар исламдағы бірнеше әйел алуға рұқсат берілуін, екі әйелдің куәгерлігі біреу болып саналатындығын айтып, әйелдің ер азаматтан төмен екендігін алға тартып жатады. Былай қарағанда ер де, әйел де бірінің орнын бірі толтыра алмайды. Сол себепті, оның өз ерекшеліктері, артықшылығы деп қарауға болады.
– Қазақ халқында әйелге, анаға деген құрмет қалай көрініс тапты? «Жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған» аталарымыз бұл мә­селеге өте жауапкершілікпен қа­ра­ғаны тарихтан мәлім. Баба дәс­тү­рін­­дегі әмеңгерлік турасында айт­са­ңыз?
– Әмеңгерлік деген мәселе пара­сат­тылық пен адамшылықтың жоғары шыңы деуге болады. Өйткені, өз нәпсісі мен қалауының артынан қумай, жесір қалған келіні не жеңгесімен некелесуі үшін адамның тәуекелі мен батылдығы жоғары болуы керек. Ең бастысы басқа мұсылман елдерінде өз байлықтары мен дәулеттерінің басқа әулетке кетіп қалмасы үшін жақындарына (шариғат шеңберінде) үйленуді дұрыс санайтын болса, қазақ халқы үшін ол маңызды емес. Ең басты байлық – адам, өз ұрпағы. Сондықтан, өз қанынан туған ұрпақтарын жатқа жібермеу қазақ отбасы үшін басты мәселе болған. Өйткені, ол «жетім балалар кейін жатбауыр болып өспе­сін, басқаның қолына қарамасын, өгейсімесін» дегендей, үлкен мүдделер жатыр. Қазіргі кезде, әрине, бұл үрдіс тоқырауға ұшырап отыр. Оның басты себебі, ақсақалдар институты жойылып кетті. Үлкенді жастар онша тыңдай бермейді немесе адамдар өздерінше гуманды болып көрініп, әркім өз бақытын өзі жасау керек деп өз еркіне жібереді. Айналып келгенде, кейбір өгей әке оның шешесімен тіл табысқанымен, балаларын бауырына баса алмаудан қоғамда қаншама қиыншылықтар, суицидтер, тіпті өгей әкенің қолынан қаза болып жатқандар да бар.
– Осы әмеңгерлікті ислам дінімен қалыптасқан cалт деуге негіз бар ма?
– Бұл үрдісті ислам дінімен қалып­тасты деуге бола қоймас, бірақ исламға сай келетіндігін жоққа шыға­руға болмайды. Яғни, ағасы тірі тұрғанда некесі жүрмегенімен ол қайтыс болған жағдайда онымен неке­ле­суге еш кедергі болмайды. Егер бұл үрдіс исламмен бірге қалыптасқан салт дейтін болсақ, басқа да мұсылман халықтарында жолықтыруымыз керек еді. Алайда, қазақ халқынан басқа мұсылман халықтарда көп кездесе бер­мейді. Себебі, оларда көбінесе жақын­дарына үйленуге баса назар аударыла­тындықтан басқа елге не әулетке кету мәселесі де туындай бермейді. Әрі руластық, әрі сүйектік қаты­настар қазақ халқының өмірінде ерекше мәнге ие болғандықтан, бұл мәселеге қатты көңіл бөлінеді.
«Тоқал алу – уылжыған жас аруды құшу емес»  
– Бәзбіреулер екінші әйел алуды сезімнен тыс, нәпсани әрекетке жатқызып жатады. Бұл расында әйелдің құқын таптау, сезімге құрметсіздік көрсетуге жатады ма? Оның үстіне ислам атын жамылған теріс бағыттағы топтардың тома­ғасын киген кей азаматтар арасында көп әйел алушылық жиі байқалады. Сәйкесінше, талақ мәселесі де жиі бой көрсетеді. Осының ара-жігін ажыратып айтып берсеңіз?
– Жалпы ер адамдар үшін ең әлсіз тақырып бірнеше әйел алу мәселесі екендігі қазіргі қоғамда жиі байқалады. Бұл оның табиғи да, діни де себептері бар болуынан. Бүгінде халық арасында екі әйелге қатысты кереғар түсініктер бар. Бұл көбінесе бір әйелмен шектеуге үндейтін түсініктер. Олай болуының себептері де жоқ емес. Балалардың әкені бөлісе алмау мәселесі, әйелдер арасындағы түсініспеушілік, кейде екінші отбасын құрамын деп алғашқы отбасының шаңырағын ортаға түсіру қаупі де туындап жатады. Сондықтан бұл мәселені байыпты қарастырған жөн-ақ. Тіпті, Құран аятында да төртеуге дейін алуға рұқсат ете келе, «егер араларында әділетсіздік жасаудан қорықсаңдар, біреуге қанағат етіңдер» делінеді. Бұл адам баласының әділеттілікті қаншалықты орната алуы сенімінің дәрежесіне қарай қабылданатын шешімі болмақ. Ер адамның табиғи болмысы бірнеше жұбайларды алып, оларға қамқорлық жасап, бала-шағасын асырауға мүмкін­дік беретін болса, ешбір адам ол қадамына кедергі болмасы шындық. Десе де, қазіргі бірнеше неке қиып жатқан отандастарымызда дөрекілік, алдыңғы жұбайы мен балаларының қарсылығын назарға алмау, әділет­тілікті қойып, жауапкершіліктің өзін толық сезіне алмау сияқты кемшіліктермен бірнеше неке қиылған жағдайда, қоғамда онсыз да күрделеніп отырған жесір мен жетім мәселесі ушыға бермесе, шешімін таппасы хақ.Онда діннің рұқсаты деп жесірлердің санының көбеюіне атсалысу Алланың алдында да жағымды қылық санала қоймас. Сондықтан некені ойыншыққа айнал­дыру, ешқандай құқықтық жа­уап­кершіліксіз қиылғандықтан әйел­дерінің ешбір шығын өндіріп ала алмауы сияқты көптеген мәселелерге душар болып жатады. Ал исламның мақсаты – керісінше отбасы­ла­рын тұ­рақ­тандырып, адалдыққа тар­ту бол­ған­дық­тан бұл шешімді қабыл­дар саналы аза­мат жеті өлшеп бір кес­кені дұрыс бола­­ды деп санаймыз.
– «Тоқал алу тойынғандықтан» деген пікірлер де жоқ емес. Бүгінгі таңда тоқал тақырыбы қоғамда орын алып жатқан түрлі әлеуметтік-рухани мәселелердің түйінін шешу­дің бір жолы болуы мүмкін бе?
– Әрине, бұл көптеген еркек кіндікті азаматтарға ұнайтын тақырып. Олай болуы заңды да шығар. Дегенмен, іс жүзінде сол даурығып жүрген азаматтардың көбі бұл қа­дамға бара бермейді. Өйткені, өзінің не­гізгі отбасын ойлайды, қаржылай мүм­кіндіктерін қарастырады т.б.
Екінші жағынан бұл рұқсатты тиім­ді тұрғыдан пайдалану жолдары да жоқ емес. Тоқал дегеніміз – уылжыған жас аруды құшу деген мағына бермейді. Елімізде белгілі бір жастан асқан, тұрмыс құра алмаған қыздарымыз да бар, тағдырдың әртүрлі тауқыметіне байланысты жұбайы жоқ әйелдер де бар. Сондықтан егер пайғамбар сүннеті мен Құран рұқсатын пайдаланамын деген парасатты мұсылман болса, екінші бір отағасы жоқ отбасын қамқорлығына алып, олардан қалған бала-шағасының өсіп-өнуіне қол ұшын берсе, қандай құптарлық жәйт. Ал «бүйректен сирақ шығарып, әйтеуір, тоқал алуым керек» деп дандайситын болса, онда нәпсінің де үлесі болары сөзсіз. Бұл адамның тәрбиесіне, имандылық деңгейіне, ұстанатын бағытына қарай өзгере бермек. Сондықтан, қазір кейде ер азаматтарға қарағанда қарындас, қыздарымызға мұқият болу керек пе деп ойлаймыз. Яғни, иманы бар екен, намаз оқиды, қаражаты бар екен деп көрінген көк аттының етегінен ұстай беретін болса, құнды отбасы түсінігіне сызат түсіріп, өкініш тудыру қаупі бар. Сол себепті, екінші болсын, үшінші болсын, неке қиған азаматтарды қандай да заң жолымен тіркеу мәселесі дұрыс па деп ойлаймын. Өкінішке қарай, некені ойыншыққа айналдырып, кейбір топтар өз арасында әйелдерін айналдырып үйленіп жүр деген әңгімелерді де естіп жүрміз. Бұл керісінше мәселені одан әрі күрделендіре түспесе, шешпейді.
– Еуропалық психолог маман­дар осы мәселеге зерттеулер жүр­гізе келе мынадай тұжырымға кел­ген. «Біздің батыс елдерінде демо­кратия мен әйел құқығы деген желеумен бір әйелге заңды түрде үйленуге рұқсат етіп, алайда, өзге әйелдермен жасырын, көңіл қосып, заңды да, әйелдің арын да аяққа таптағанынан мұсылман елдеріндегі бірнеше әйелді жұрттан жасырмай, жария түрде заңды некелі әйелі еткені әлдеқайда демократия» депті. Шариғатымызда әйел теңдігі қандай қағидалармен өлшенеді? 
– Шариғатта әйел теңдігі тіке­лей еркектің парасаттылығына, жауап­кер­шілігіне тәуелді. Аталарымызда да бірнеше әйел алғандар болған, бірақ ешбірін талақ етіп, жетімін жы­­­ла­тып, отбасын құлатқан емес. Сондықтан, егер отбасының ке­лі­­сі­­мімен басқа да шарттар орындал­ған жағдайда бірнеше әйел алуға ке­дер­­гі жоқ. Себебі, әйелді шығыс қо­ғамы ана деп таниды. Оның құрметі де жоғары. Ал демократия не басқа да түсініктермен отбасының бақытын қалыптастыру мүмкін емес.
– Бұл бүгінгі күннің жаңалығы емес екені белгілі. Қазіргі уақыт­та отызды толтырып отыр­ған қыздар, жиырма бесінде жас­пын деген бойжеткендер мен күйеу­ден қайтып келуді әдетке айнал­дыр­ған қаракөздерді де жиі көре­міз. Тіптен, орамалды қыздың тағ­дырын тәлкекке айналдырып, талақ қылудан қысылмайтын ер азамат­тар бар. Тегінде, жақсылыққа негіз­делген амалдың алмағы мен сал­ма­ғы, осы екі жағдайды шешудің ортақ жолы бар ма?
Болса, жалпақ жұртшылыққа түсінікті ұғымда баян етсеңіз?
– Жалпы біздегі жаңашыл түсі­нік­тер, ол батыстық болсын, діни болсын, біраз мәселелерді қатар алып келді. Оның біріншісі  барлық нәрсеге құқық шеңберінде қараса, екіншісі бар­лық нәрсеге тек діни догма шең­бе­рінде қарайтындар. Бұл екеуінде де рух жоқ. Дәстүрлі қазақ отбасы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қызға қырық үйден тыйымды» бекер жасамаған. Өйткені, оның болашақ өмірі жеңіл емес. Ана болу, отбасын ұстау, отағасын күту – үлкен еңбек пен шыдамдылықты қажет етеді. Ал қазіргі жастарда ондай түсініктер терең қалыптаспайды. Бұрын «кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деп, отбасы қайтып келген қызға қарсылық білдіріп, қайтарып жіберетін болса, қазір ата-аналар «ішімізге сыйған қызымыз сыртымызға да сыяды, қайтып кел» деп жастардың арасына сына қағып жататыны тағы бар. Бүкіл халық азды деуге болмас, дегенмен өмірге жеңіл қарайтын азаматтардың көбейгені шындық. Ал таразының екінші жағында жасы жиырмаға толмай жатып тоқалдататын жігіттер де пайда бола бастады. Діннің әртүрлі үкімдерін білісімен еліктеушіліктен болсын, отбасының мүмкіндіктерін пайдалануға ұмтылыстан болсын, бірнеше әйел алуға, тіпті ала салып талақ етуге құштар діндарсымақтар тек отбасы құндылықтарының әлсіреуіне соқтырып жатыр. Ал осыған қолжаулық болып, көрінгеннің астынан табылып жүрген «діндар» қыздарды да кейде түсіне алмаймын. Олай болатыны, ол қыздар бірнешінші әйел болатындығын біле тұра қалайша келісім береді?! Тіпті өз отағасына тоқал іздейтін әйелдерді де естіп қаламыз. Сонда олардың көксеген мақсаттары не?! Бұл айналып келгенде дін де, имандылық та, отбасы бақыты да емес, қоғам қасіреті.  Дін – шамасы жететін азаматтарға бірнеше әйел алуға рұқсат бергенімен, бұл жалпықоғамдық үрдіске айнала алмайды, айналмауы да тиіс. Әйтпесе, қоғамдағы жетім мен жесір мәселесі ушыға бермек. Ал қазақ отбасының тәрбиелі болуы, шаңырағының шайқалмауы тәрбиенің беріктігіне, отбасының адалдығына тікелей байланысты. Сондықтан, балаларымызды біреудің екінші, үшінші әйелі, не бірнеше әйел алатын отағасы ретінде тәрбиелеудің орнына өз отбасына адал, отанның сүйеніші болатындай, жарын күтетіндей етіп тәрбиелесек дұрыс болар деп санаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
P.S. Әлем тарихына көз жүгірт­сек, ислам дінін қабылдаған ел­дер өз дәуірінде бірнеше әйел алу­ға дайын болған. Ол уақытта жау­­гершілік кезеңдер жиі көрініс тап­қан­дық­тан, жесір мен жетім саны да өсіп тұрды. Ел мен жерге ие болар ұрпақ санын көбейту де ұлт мұраты са­нал­ды. Осындай маңызды себеп­термен шариғат шартына сай тоқал алу тәртібі де қазақ халқында қалыптасты. Алайда, бұл отбасы жауап­кершілігін арттырмаса ке­­міт­пейтін құбылыс. Біз бұл сұхба­ты­мызда белгілі бір мақсатта насихат жүргізуді ниет етпедік, біз әлмисақтан мұсыл­ман қазақ қоғамында дінді догмаға айнал­дырмауды, әлеу­меттік һәм рухани маңызы әрі ше­шімі бар дүниеге жеңіл-желпі қара­мау­­ға, ұлт, ұрпақ болашағына немқұрайлы болмауға шақыруды көз­де­дік.

Сұхбаттасқан
Жайық НАҒЫМАШ.

Поделиться ссылкой: