Тұмау – жедел басталатын індет

486 Views

Тұмаумен барлық жастағы адамдар ауыра­ды.Тұмау науқас сөй­ле­генде, түшкіргенде, жөтелгенде ауа арқылы жан-жаққа тарайды. Сондай-ақ, науқаспен қол алысқанда, ол пайдаланатын заттарды (сүлгі, ыдыс-аяқ және т.б) ұстағанда жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін.

Аурудың алғашқы белгілері: маза­сыздану, дене ыстығының көте­рілуі, дірілдеп-қалшылдау, бас ауыру, мұрынның бітеліп, жөтелдің пайда болуы, дененің ауырлап, сүйек-буын­ның қақсауы, бұлшықеттерінің сырқырауы, әлсіреу.
Тұмауды уақытысында, дұрыс емдемесе соңында түрлі асқынулар пайда болады, себебі тұмау, адам ағзасының әлсізденіп, ауруларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Әсіресе, балаларға үлкен қауіп төнеді. Ерте жастағы балаларда өкпе қабынуының болуы әбден мүмкін. Жүкті әйелдер, қарттар және тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары, жүрек-қантамыр аурулары бар адамдар мен қант диабеті, иммунитет жетіспеушілігі бар адамдар үшін ауру жайсыз аяқталуы мүмкін.
Тұмаудан қорғану үшін не істеу керек?
– Жөтелгенде, түшкіргенде мін­дет­ті түрде ауыз бен мұрынды қол ора­малмен жабу керек немесе қол орамал болмағанда шынтақ бүгісіне түшкіру қажет;
– қоғамдық орыннан кейін қолды сабындап жуу қажет;
– Иммунитетті күшейту үшін «С» дәрумені бар көкөніс, жеміс-жидектерді тағамға пайдалану, шайға таңкурай тосабын, лимонды қосып ішіп, тамаққа сарымсақ, пияз қосып жеу ұсынылады;
– Денені шынықтырып, спортпен шұғылдану, таза ауада серуендеп, иммунитетті күшейту;
– Дененің, әсіресе аяқтың салқын­дауына жол бермеңіз. Аяқты әрдайым құрғақ, жылы ұстаңыз;
– Науқасы бар үйге кішкентай ба­ла­ларды апармаған жөн және өзіңіз барғанда науқастың бөлмесіне бетпер­демен кірген жөн;
– Бөлменің тазалығын сақтап, күнде жуып, желдетіп тұрған жөн;
Тұмаудың алдын алуының арнайы жолы – вакцинация.
– Тұмауға қарсы екпені жыл сайын тұмау маусымының алдында –қыр­күйек-қараша айларында алу қажет.
Тұмау – иммунитеті төмен жүк­ті әйелдерде аурулардың түрлі, асқыну­шылықтарына душар етуі мүмкін екенін есте сақтаңыз (бронхит, пневмания, мерзіміне жетпей босану).
Тек дәрігер ғана Сізге жеке тексеру барысында ем тағайындай алады! Өз бетіңізше емделумен айналыспаңыз, ол Сіздің денсаулығыныз үшін қа­уіпті. Өзіңіз және отбасыңыздың денсаулығын сақтаңыз!

А.Бейсебаева,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының
жетекші маманы.

Поделиться ссылкой: