Аппараттық кеңесте дайындық жұмыстары пысықталды

338 Views

Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының өту барысы, электр жүйелерін тарату мекемесінің атқарған жұмыстары, «Мейірім» жобасының іске асырылуы және су тасқынының алдын алу шаралары баяндалып, күн тәртібіндегі тақырыптар кеңінен талқыланды.

Күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қабілет Әбдірахманов баяндады. Сондай-ақ, жиында аудандық электр желісін тарату мекемесінің басшысы Назым Мурзатаева да баяндама жасап, күн тәртібіне бекітілген екінші мәселе бойынша тоқталып, өткен жылы атқарылған жұмыстарды жіпке тізді.
Жалпы барыс жылы аудандық электр желісін тарату мекемесінің теңгеріміндегі 35/10 кВ 12 дана қосалқы станциялар, 175 дана трансформаторлық станциялар ағымдағы жөндеуден өткен. Сонымен қатар, 35 кВ-тық және 10,04 кВ-тық әуе желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, босаған сымдар тартылып, сынған оқшаулағыштар жаңасына ауыстырылған. Бұл аз десеңіз, электр желілеріне тиіп тұрған талдардың бұтақтары бұталып, тозығы жеткен ағаш үлгідегі бағаналар алып тасталынып, қазіргі стандартқа сай өзгертілген. Сондай-ақ, Көгершін ауылындағы тозығы жеткен 12 шақырым электр сымдары ауыстырылып, 35/10 қосалқы қосылғыштар заманауи вакуумдық ажыратқышқа алмастырылған. Баяндамашыны мұқият тыңдаған аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жоспарлы түрде жалғастыру керектігін ескертті. Өз сөзінде Ернар Серікәліұлы жалпы аудан аумағындағы 160 әлеуметтік нысанның жылыту жүйесі де ұдайы назарда болу керектігін алға тартты.
Жиында Ернар Есіркепов аудан аумағына қарасты селге қауіпті 5 өзені бар ауылдық округтерде арық-атыздарды тазалау жұмыстарын жүргізуді және оларды тұрақты бақылауға алуды тапсырды. Айта кетейік, бұл тұрғыда атқарылған жұмыстар да аз емес. Бүгінде ауданда шұғыл әрекет ету жасағының құрамы бекітілген. Оның құрамы 93 адамнан тұрады. Сондай-ақ, сел кезінде 32 дана техника жұмылдыруға толықтай мүмкіндік бар. Тілге тиек ете кетейік, аталмыш құрамның және техниканың көмегімен аудан аумағында жер үсті, жер асты және жаңбыр суларын ретімен бағыттау үшін нөсерлік кәріз жүйесі, 98 арық-атыздар мен 50 көпір тазаланып, қар, мұз құрсауынан аршылған.
Жиын соңында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өзге де мәселелер бойынша жауапты бөлімдердің есебін тыңдап, оларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: