“Қайырымдылық керуені” Қарақыстақта

747 Views

“Қайырымдылық керуені” Қарақыстақта

Қазақстан халқы Ассамблеясы – татулық пен бауырластықты, ынтымақтастық пен ұлттық бірлігімізді сақтауда игі істердің жаршысына айналған бірегей институт. Бұл институт егемендіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған. Мінеки, 23 жылға жуық уақыт өтті. Ассамблея «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» идеясының іске асуына қомақты үлес қосып келеді.

Жуырда «Қайырымдылық керуені» деген тақырыппен облыс аумағын аралап, жұртшылықтың жылы лебізіне бөленіп жүрген автокеруен тобы Қарақыстақ ауылына ат басын тіреді. Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің этносаралық қатынастар саласында әдістемелік көмек көрсету бөлімінің басшысы Сәуле Құрманқұлова бастап келген автокеруен тобының арасында облыстық өзбек халқы этно-мәдени орталығының мүшесі Мұратжан Иманханов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық  қатынастар саласында әдістемелік қызмет көрсету бөлімінің әдіскері Кенжебай Өмірбеков пен медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева бар. Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің алдына келіп тоқтаған «Қайырымдылық автокеруенін» мектеп директоры Мұратжан Мейманханов, Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Ораз Танкеев пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дидар Сауқымбек жылы шыраймен қарсы алды.

Салтанатты рәсімнен соң керуен мүшелері топ-топқа бөлініп, ауыл тұрғындарымен пікір алмасты. Соның ішіндегі ауқымдысы ретінде «Қоғамдық келісім кеңестері мен жергілікті органдардың бірлескен әрекеттері», «Аға буын өкілдері – ел тұрақтылығының кепілі», «Қоғамдық сананы жаңғыртуда адамгершілік-рухани тәрбие берудің тиімді механизмдері» атты тақырыпта өрбіген кеңейтілген отырыстарды айтуға болады. «Қоғамдық келісім» КММ-нің көрме залының меңгерушісі Вера Майковичтің сурет өнерінен өткізген дәрісі мектеп оқушыларына өзгеше құлшыныс сыйлады. «Мен – Қазақстан Республикасының азаматымын» деген тақырыптағы белсенді жастармен өрбіген кездесуде де көкейге қонымды ойлы сөздер көп айтылды. Шара соңында қарақыстақтықтарға облысымызға танымал жас өнерпаздардың шағын концерттік бағдарламасы ұсынылып, мың бұралған бишілер мен жарқын дауысты әншілер көрермендерге тамаша кеш сыйлады.

Содан соң жылдағы үрдіске сәйкес, тұрмыс жағдайына байланысты әлеуметтік аз қамтылған ауыл тұрғындарына азық-түлік тауарлары таратылды. Өз кезегінде жергілікті жұртшылық тарапынан да керуен мүшелеріне ақжарма тілектер айтылып жатты. Осылайша, аймақ тұрғындарының алғысын арқалап жүрген «Қайырымдылық автокеруенінің» мүшелері Қарақыстақ ауылынан кейін көршілес Меркі ауданына жол тартты.

Марат ДИХАНБАЙ

Поделиться ссылкой: