Инвестиция игілігі: облыста ЖЭС салу жоспарлануда

315 Views

Жамбыл облысының әкімі
Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа өндіріс орындарын ашу және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту жобалары талқыланды.

«KIDF management company» компаниясының өкілдері Жамбыл облысының аумағында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жобасын таныстырды. Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАӘ-не сапары аясында қол қойылған Қазақстан Энергетика министрлігі, «KIDF қоры» және «Masdar» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес іске асырылмақ.
Нысанның құрылысы ке­зін­де 1,3 мыңға дейін жұмыс ор­нын құру жоспарлануда. Ірі жел электр станциясының іске қо­сылуы көмірқышқыл газын жыл сайын 1,1 миллион тон­наға дейін азайтуға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, «Әулие–Ата Феникс» ЖШС кәсіпорнының қуаттылығын жылына 8 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін арттыру көзделуде. Құс шаруашылығын дамыту жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру барысында 40 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұдан бөлек, басқосу барысында қызылша қабылдау пункттерін салу және қымыз өндіру бойынша жобалар ұсынылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетіледі.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: