Қос округтің тұрғындары Пилоттық жобаның пайдасын көргісі келеді
2019 жылы Үкімет алдында үлкен міндет тұрды. Қандай дейсіздер ғой?! Айтайық! Ол – тұрмыс-тіршілігі тек атаулы әлеуметтік көмекке байланған тұрғындарды тығырықтан шығару. «21 000 теңгенің» жыры естеріңізде болар… Қос тарапты да әбден әуре сарсаңға салған әлеуметтік жәрдемнен құтылудың жолын сол сәттегі облыстың әкімі Асқар Мырзахметов тапқан еді. Өзгені қайдам, өзімнің ойым – осы.
Бес бағытта жүзеге асып, пилоттық жоба ретінде қолға алынған бастаманы Үкімет бірден қолдады. Ізінше Мырзахметовтің мега жобасына қажетті қаражатты бөліп, нәтижесінде 680 мың ауылдық тұрғыны бар Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде жұмыс басталып та кетті. Естеріңізге сала кетейік, біздің ауданнан алғаш болып бұл жобаның жемісін Құмарық ауылдық округінің тұрғындары көре алды.
Болат Мансұр басшылық ететін округте «Құмарық Тау» кооперативі құрылып, 17 дана ауылшаруашылығы техникалары алып берілді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, аула аумағында мал және құс өнімділігін арттыру, ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп, жайылым және қосалқы шаруашылықтардың тиімділігіне қолбайлау болып отырған мәселелерді кооперативтер арқылы шешу, ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілді.
Мырзахметовтің бұл жемісті жобасын облыстың экс-әкімі Бердібек Сапарбаев та жалғастырды. Бұл тізімге аймақтың қазіргі басшысы Нұржан Нұржігітовті де қосуға болады. Жамбыл жұртшылығына арналған жобаны сәтті жүзеге асырып келе жатқан Нұржан Молдиярұлы да әр ауданнан бір-бір округті таңдап алып, бұл жолы жобаның шарапатына Абай ауылдық округінің тұрғындары бөленді. Ілкімді істерімен алдыңғы қатарда жүретін үлгілі ауылдың тұрғындары алдағы уақытта бұл бастаманы аяқсыз қалдырмай, нақты нәтижелерге қол жеткізіп, үдеден шығатынына нық сенімдіміз.
Әңгімеміздің әуелгі әлқиссасы бұл емес болатын. Тақырыптың тоқетеріне келер болсақ, ауданымызда пилоттық жобаның жемісін көргісі келетін Құмарық пен Абайдан өзге де округтер бар. Олар – Жаңатұрмыс пен Қарақыстақ. Оны біз аталмыш ауылдарда өткен аудан әкімінің халықпен кездесуінде айтылған округ тұрғындарының талап-тілегінен анық аңғардық.
Күні кеше Президенттің №826 Жарлығы аясында өткен жиындарда өзекті тақырыптар мен маңызды мәселелер қозғалды. Аудан әкімі Ернар Есіркепов ең алдымен Жаңатұрмыс жұртшылығымен кездесіп, өткен жылы атқарылған және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарды тізбектеп берді.
Өткен жылы ауданда бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Өндіріс көлемі артып, ауылшаруашылығы саласы облыс бойынша үздіктер қатарынан көрінген. 2022 жылдың қорытындысын 2021 жылмен салыстырғанда ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы бойынша оң динамика қалыптасып, жалпы шығарылған өнім көлемі 117,3 млрд. теңгені құраған. Өнеркәсiп кәсiпорындары 17,9 млрд. теңгенің өнімдерін өндірсе, ауданға жалпы көлемі 20,3 млрд. теңгені құрайтын инвестиция тартылған.
Ауданда құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Өткен жылы оның көлемі 14,2 млрд. теңгені құраған. Бұл туралы жиында аудан әкімі Ернар Серікәліұлы кеңінен баяндап берді.
– Биыл 114 мұқтаж отбасы баспаналы болғалы отыр. Ауданда дәл қазір 80 пәтерлі 2 тұрғын үйдің инфрақұрылымдарын (газ, электр жарығы, су, канализация) тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл 80 пәтерлі үйлерді пайдалануға беретін боламыз. Оларды наурыз айында үлестіруді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй заңнамасына сәйкес, арнайы комиссия тобын да құрып қойдық. Дәл қазіргі таңда олар қызу жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, біз Луговой ауылында бос тұрған бұрынғы кеден қызметкерлерінің үйлеріне 65,4 млн. теңге бөліп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Аяқталысымен-ақ, оларды кезекте тұрған мұқтаж 20 отбасыға үлестіреміз. Қазақ халқында «Асар» деген дәстүр бар. Бірлік пен ынтымақты арттыратын бұл дәстүр аясында осы күнге дейін 43 отбасы баспанамен қамтылды. Өткен жылы 13 үй толық пайдалануға берілсе, биыл да осы көрсеткішті ұлғайтуға сіздер мен біздер барынша күш салатын боламыз, – деген аудан әкімі ауылшаруашылығы саласы бойынша да ауқымды ақпарат таратты.
– 2022 жылы ауданда 145 гектарға қант қызылшасы егіліп, осының есебінен 3,8 мың тонна қант қызылшасының өнімі жиналып, зауытқа өткізілді. Биыл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде қант қызылшасы алқабын 550 гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, ауданда суармалы алқаптардың көлемін ұлғайту мақсатында каналдарды жөндеу жұмыстары да қолға алынуда. Ал пилоттық жоба бойынша Абай ауылдық округі таңдап алынып, бүгінде несиелендіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жоба аясында Абай ауылдық округіне 562,9 млн. теңге қарастырылып, 148 жобаны іске асыру, 8 дана ауыл шаруашылық техникасын алу, 5 143 бас мал сатып алу жоспарланып отыр, – деген аудан әкімі шағын және орта бизнес, ветеринария, құрылыс, кәсіпкерлік, әлеуметтік қамсыздандыру, білім және денсаулық салалары бойынша жыл бойы жүргізілген жұмыстарды жіпке тізіп, Ерсайын Қуандық жетекшілік ететін Жаңатұрмыс ауылдық округінің тұрғындарына кезек берді.
Жалпы Жаңатұрмыс халқы еңбекке өте бейімді, ауылшаруашылығы істеріне жақын келеді. Төрт түлікті түлетіп отырған округте тұралап тұрған тірліктер де жоқ емес, бар. Соның бірі – жайылым.
Мұхамедқали Омашев есімді ауыл тұрғыны аталмыш тақырып аясында кеңінен сөз қозғап, сонау 2010 жылы көршілес жатқан Меркі ауданына жалға берілген 2580 гектарды құрайтын жайылымдық жерді қайтарып алуға күш салуды өтінді. Ауылдасының өтінішін ауданға белгілі жеке кәсіпкер Кәдірбек Құлбарақов та жалғап, өтініштің өзектілігін алға тартты. Сондай-ақ, жаңатұрмыстықтар аудан әкімінен бейітті қоршау үшін қаражат бөлуді өтінді. Өтінішті қабыл алған аудан басшысы үстіміздегі жылы Жаңатұрмыс ауылына ауыз су толық кіретінін, ешқандай кедергі болмаса 90 орындық мәдениет үйі мен спорт зал салынып, ауылдағы саябаққа тал-дарақтар егілетінін айтты. Сонымен қатар, алдағы жылдарда мектеп пен балабақша ғимараты да толық жөндеуден өтетінін айтты.
Кешке қарай дәл осындай жиын Қарақыстақ ауылында да өтіп, өз жалғасын тапты. Кеңес Одағының батыры ер Бәукеңнің есімін иемденген оқу ордасының акт залына қараша халық әжептеуір жиналған екен. Жиынға қатысқандарға аудан әкімі жиын тәртібіне сай жыл есебін баяндап, кезекті әдеттегідей тұрғындарға берді. Қарақыстақ ауылдық округінің тұрғындары Құланов пен Рябинский көшелеріне жарық шамдарын орнату, балалар алаңын талапқа сай қалпына келтіру, ит аулау сынды мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ, жиында ауыл аумағын кеңейту, Тасшолақ пен Жалпақсаз елді мекендеріне ортақ мектеп салу, ауыл сәнін құртып тұрған сақалды құрылыстарға заң жүзінде шара қолдану, жайылым мен тариф мәселесін шешу сынды сауалдар жолданды. Аудан әкімі Ернар Серікәліұлы аталмыш сұрақтарға толық жауап беріп, жоғарыда аталған қос көшеге биыл жарық жүргізілетінін, Тасшолақ пен Жалпақсаз ауылдарына ортақ мектеп салу жоспарда бар екенін алға тартты.
Жиында тек сауалдар ғана емес, алғыс та айтылды. Талай жылдар бойы көгілдір отынсыз отырған тұрғындар қуаныштарын жасыра алмай, аудан әкімдігінің ұжымы алғыс арқалады. Солардың бірі ардагер – Мырзабек Маңғұтов.
– Құрметті, Ернар Серікәліұлы! Сіздің іскерлігіңіз аудан тізгінін ұстаған тұста анық аңғарылды. Келе салып аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерін қабылдадыңыз. Сол сәтте сізге бірнеше өтініш айтқан едік. Бәрін назарда ұстап, басым бөлігін орындадыңыз. Атап айтар болсақ, Жалпақсаздағы теміржол өткеліне бюджет қаржысын жұмсамай, демеушілік есебінен мәселені шештіңіз. Екіншіден, балабақшамызда жөндеуден өтіп, жуық арада қайта ашылғалы тұр. Енді бүгін Тасшолақ пен Жалпақсазға ортақ мектеп салынады деп дүйім жұртты қуанышқа бөлеп отырсыз. Өзіңізге рақмет, – деп ауылдастарын алдағы маңызды науқан саналатын сайлауға бір кісідей қатысуға шақырды.
P.S: Қос ауылда өткен жиындарда тұрғындардың пилоттық жобаға деген қызығушылығы анық байқалады. Аудан әкімінің сөзіне сенсек, аталмыш жобаға кезекте Көгершін мен Көкдөнен ауылдары тұр екен. Сондай-ақ, бұл тізімге тағы да төрт ауылды қосу жоспарда бар екендігін ұқтық. Олар – Қайыңды, Жаңатұрмыс, Құлан және Қарақыстақ. Жиында жобаның талабы мен ережесін толыққанды таныстырған аудан басшысы барлық талаптарға ертерек дайындалуға кеңес берді.
Бәрін айт та, бірін айт. Аты аталған жоба қос ауылға келетін болса, тұрғындар тұрмысы бір жақсарып қалары сөзсіз.
Жәнібек СҰЛТАН.