Қонысбаев Шәріпхан Беделбайұлы

262 Views

Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар

Өмірбаяны
Қонысбаев Шәріпхан Беделбайұлы 1972 жылдың 2 сәуірінде Т.Рысқұлов ауданы, Жақсылық ауылында дүниеге келген. 1990-1992 жылдары әскерде болып, Отан алдындағы борышын өтеген.
Еңбек жолын 1990 жылы «Құлан» СПМК-да 3 разрядты құрылысшы болып бастаған. 1994-1995 жылдар аралығында азық-түлік базасында жұмысшы,1995 жылы «Асан қайқы» шаруа қожалығының жүргізушісі, 1998-2000 жылдары № 01852 әскери бөлімінің автокөлік жүргізушісі, 2000-2004 жылдары Алакөл ауданында әскери қызмет келісім шарты бойынша еңбек еткен.
2014 жылы № 85395 әскери бөлімшесінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. 2019 жылдан әскери қызметтен зейнетке шыққан. Жалпы еңбек өтілі – 31 жыл.
Білімі орта – арнайы. 2011 жылы Талдықорған қаласындағы Заң колледжіне түсіп, 2013 жылы құқықтану мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Отбасылы, 6 баласы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті сайлаушылар!
ҚР «Сайлау туралы» конституциялық заңының 109-бабының 6/1- тармағының 1-тармақшасына сәйкес, №5 округтен Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаттығына өзін-өзі ұсыну тәртібімен депутаттыққа түсіп отырмын.
Халқымыз үшін қашанда ауыл руханият ордасының темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп, қастерлейді. Қазақтың әрбір азаматы үшін де солай деп есептеймін.
Өз-өзімді ұсынудағы басты мақсатым да сол, ауылымның тұрмыс жағдайын жақсарту, ауыл тұрғындарының арасында жұмыссыздық санын азайту. Бұдан бөлек, егін және мал шаруашылығын дамыту, халықты жұмыспен қамту, ауылға әлеуметтік нысандар салуға қолдан келгенше ықпал жасау.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» екенін айтқан болатын. Соның ішінде кооперацияны дамытпағанның салдарынан туындаған мәселелерді де атаған еді. Сондықтан да ардақты ағайын, кооператив құру арқылы қайта жинақтауға, қалыптасқан технологияны бұзбай өндірістік үдерісті жалғастырған абзал.
Мені қолдасаңыздар, егін және мал шаруашылығымен айналысудың жолдарын бірге дамытамыз. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» – деген аталы сөз бар дана қазақта. Кооперативке біріккеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бірігіп, жұдырықтай жұмылып еңбек етейік. Кооператив құру арқылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеруді де көздеп отырмын. Ауылымызды көркейту үшін ауылды көгалдандырып, тал-дарақтар егіп, жайқалған жасыл аймаққа айналдыруды, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуді, көше аралық балалар ойын алаңдарын соғып, оны қоршау, балалардың алаңсыз ойнауын қамтамасыз етуді өзімнің сайлауалды бағдарламама енгізіп отырмын.
Ауылымыз таулы аймаққа жақын болғандықтан, сел жүру қаупінің алдын алу жұмыстарын қадағалап, арықтарды тазарту жұмыстарын жүргізу қажет. Ол да менің ойымда жүрген мәселе.
Ауылымызға инфрақұрылым нысандарын салу, соның ішінде балабақша, спорт кешені, мәдениет үйінің салынуына ықпал жасау да менің басты мақсатым. Мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал жасап, балалардың заманауи үлгіде жабдықталған мектепте білім алуына жағдай жасау керек деп есептеймін.
Қазір жаһандану заманы. Соның әсері болу керек, көбіне-көп ұлттық құндылықтарымыздың өрісі тарылып барады. «Жаңа Қазақстан» қайтіп құрылады? Ол алдымен ұлттық құндылықтардан бастау алуы тиіс. Ол үлкенді сыйлау, адалдық, кішілік секілді қасиеттерден тұрады. Егер де депутат болып жатсам, көздеген мақсатымды орындап, тірлігі тұралап тұрған Жақсылық ауылында ауқымды жұмыстар атқармақ ниеттемін.
Бұл – «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған қадамдардың көрінісі.
Әрбір шешімді ауылымның мүддесіне сай қабылдаймын.
Бұл – мен үшін бұлжымас ұстанымым.

Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой: