Керімбаев Қанат Көкаманұлы
Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар
Өмірбаяны
Керімбаев Қанат Көкаманұлы 1979 жылы 4 сәуірде Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Каменка ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Каменка орта мектебінің табалдырығын аттап, оны 1995 жылы аяқтап шыққан. 1998 жылы 17 маусымда Қарақыстақ колхозының аға мұрабы, 1999 жылы 14 маусымда аудандық ОС мекемесінде бақылаушы болып жұмыс жасаған. 2001 жылы Абай атындағы гуманитарлық колледжінде «Аспап орындаушылық домбыра-тенор» мамандығы бойынша білім алып, 2005 жылы аяқтап шыққан. Сол жылдың 7 қарашасында Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болып тағайындалып, 2010 жылы 1 қаңтардан бастап мәдени іс-шара ұйымдастырушы болып жұмыс жасаған. 2009 жылы Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыкалық білім» мамандығын алып, оны 2012 жылы аяқтаған. 2022 жылдың 22 желтоқсанынан бастап, бүгінгі күнге дейін Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі ретінде қызмет етіп келеді. Бір ұлы, бір қызы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті сайлаушылар! Жалпы, мен өз ауылының жанашыр азаматы ретінде аудандық мәслихат депутаттығына үміткер болып, саяси додаға түсіп, бақ сынауға бел будым. Сол себепті Сіздер мені қолдайды деген сеніммен өздеріңізге сайлауалды бағдарламамды таныстыруды жөн көрдім.
1. Каменка ауылында әлі күнге дейін денешынықтыру-сауықтыру кешені жоқ. Иә, оның құрылысы 2025 жылы басталады деп жоспарланып отыр. Дегенмен құрылыс жұмыстарын бергі жылдарға жылжытуға біздің толық мүмкіндігіміз бар. Кез келген мәселенің шешімі бар. Айталық, өзіміздің ауылдық мәдениет үйіне жақында демеушілер көмегімен және жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің бастамасымен үстел теннисі, армрестлинг үстелі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлеріне арналған құрал-жабдықтары алынды. Мәдениет үйіне спортпен шұғылдануға келетін жастар саны күннен-күнге артуда. Бұдан біз ауыл жастарының спортқа қызығушылығы өте жоғарғы деңгейде екендігін аңғардық. Осы орайда ауылға спорт кешенінің ауадай қажет екендігін айқын көруге болады. Мен депутат болсам осыны назарға аламын. Сол істің оңтайлы шешілуіне бар күшімді жұмсаймын. Өйткені, жаңа спорт нысаны халықтың салауатты өмір сүруіне зор ықпалын тигізеді.
2. Еліміздің аграрлық секторында ауылымыздың алар орны ерекше. Адалын айту керек, егін және мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін көктемгі және күзгі суару жұмыстарында кедергілер өте көп. Аталмыш мезгілдер келген уақытта судың жетіспеушілігі көрініс тауып жатады. Сол себепті де мен тау суын ауылға тиімді жеткізу үшін арық-атыздарды жөндеу жұмыстарын қолға алар едім.
3. Сондай-ақ, көктем шығысымен-ақ ауылдарда «жайылым және жайылымдарға мал айдау жолдары жоқ» деген мәселе шыға келеді. Мен алдағы уақытта мал айдау жолдарында орналасқан шаруа қожалықтардың жер телімдеріне басқа жерден пара-пар жер беру керек деген ұсыныстарыммен шығып, бұл мәселенің де шешімін табуға барынша атсалысамын.
4. Бала – біздің басты байлығымыз. Қазір бала қауіпсіздігі күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан да, мектептің сыртқы айналасы мен ішін сапалы бейнекамералармен жабдықтап, оларды ішкі істер органдарындағы немесе жекеше күзет орталықтарындағы пульттік басқару жүйесімен біріктіру жұмыстарын сөзбен емес, іспен дәлеледеп, осы жұмыстардың атқарылуына ықпал ететін боламын.
5. Бұрынғы кездері ауылдық дәрігерлік амбулаторияда стомотолог-дәрігер болатын. Өкінішке орай, қазір жоқ. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды да жандандыру керек. Балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жүкті әйелдер және міндетті әлеуметтік медициналық әлеуметтік сақтандыруы бар азаматтарды тегін емдейтін тіс дәрігерінің келуіне ықпал етемін.
6. Тарихты ұмытпау – ортақ парыз. Осы ауылымыздан қаншама ірі тұлғалар шықты десеңізші. Ауылымызға еңбегі сіңген, ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім, өнер, спорт саласында ізі қалған азаматтардың өмірдеректерін жинақтап, музей ашу керекпіз. Мандатқа ие болсам, бұл іс те аяғына дейін жасалатын болады.
7. Округтегі интернетті де жетілдіру керекпіз. Бұл жұмысты мобильдік операторлармен өңірлік коммуникация басқармаларымен келісіп, жұмысты жандандыру керек.
8. Ауыл жастарында қолдау керекпіз. Жұмыссыздықты мемлекеттік гранттар мен жастарға 2,5 пайыздық несие беру арқылы жоюға болады. Бұл ретте ақпараттық-насихат жұмыстарын ұдайы жүргізетін боламын.
9. Сондай-ақ, мен Абай ауылында мәдениет үйін соғу жұмысын жандандырып, ауылдардағы экологиялық мәдениетті дамытуға ерекше ден қоятын боламын.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.