Сулейманов Еркін Мәлікұлы

331 Views

Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар

Өмірбаяны

Сулейманов Еркін Мәлікұлы 1988 жылдың 20 қаңтарында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі – жоғары. 2006 жылы Құлан ауылындағы қазіргі Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепті бітірген. 2010 жылы Тараз қаласындағы М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Ақпараттық жүйе» мамандығы бойынша, 2013 жылы сол оқу орнын «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2010 жылы Т.Рысқұлов аудандық Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығынан бастаған. 2011-2019 жылдар аралығында Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасында инженер-программист, 2019-2020 жылдары «Информационный Центр-Тараз» ЖШС-нің Меркі газ шаруашылығында бақылаушы, 2020-2021 жылдары «Құлан ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде келісімшарт бойынша есепші бөлімінің маманы, 2021 жылы Т.Рысқұлов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілерімен жұмыс бөлімінде келісімшарт бойынша жетекші маман болып қызмет атқарған.
2022 жылдан бастап, жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Құрметті сайлаушылар! Халықтың пікірімен санасып, елдің үмітін ақтау үшін аянбай тер төгіп еңбек ету – әрбір еңбек адамының азаматтық борышы деп білемін. Осы уақытқа дейін көптеген қызметтер істедім. «Ненің дұрыс, ненің бұрыс» екенін екшей алатын жасқа да келдік. Ұлт болашағына алаңдайтын азаматтар көп қазір. Соның бірі – менмін десем болады. Сол үшін де №8 сайлау округінен өзін-өзі ұсыну концепциясымен аудандық мәслихат депутаттығына түсуді жөн көрдім. Мақсатым – жеке бастың мүддесі емес, елім үшін қызмет істеу, бар білімім мен осы уақытқа дейінгі жиған тәжірибемді «Жаңа Қазақстанның» мүддесіне жұмсау.
Жақындарым маған үлкен үміт артып отыр. Саяси додада сол үміт артып отырған жақындарымның, жерлестерімнің алдында үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, бағымды сынауға бел будым. Әрқашан өзіме жүктелген межелі міндеттерді дер кезінде орындауға, халықтың үміті мен сенімін ақтауға қолымнан келгенше тырысамын. «Еліміздің жарқын болашағы – жастардың қолында» деп ылғи айтып жатамыз ғой. Сол межелі уақыт келді, меніңше. Біз өзіміздің қолымыздан қандай шаруа келетінін көрсетуіміз керек. Замандастарым мені қолдайды деген сенімдемін.
Егер де көпшіліктің сеніміне ие болып, депутат болып жатсам, мынадай мәселелерді назарға алған болар едім. Мен осы Құлан ауылында туылып, өстім. Туған өлкемдегі өзекті мәселелер мені әрқашан алаңдатады. Қазір халықтың көбі жұмыссыз. Жұмыссыздықты азайту үшін Құлан ауылында үлкен кәсіпорындар салынуы қажет. Депутат болған жағдайда мен осы мәселені мінбеде міндетті түрде айтамын, көтеремін. Осылайша ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына атсалысу сайлауалды бағдарламамның негізгі көзірі болмақ. Ауылымызда дарынды жастар көп. Бірақ, оларға қолдау аз. Сондай білікті жастарға қолымнан келгенше көмегімді тигіземін. Жұмыссыз жүрген жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі бағдарламалардың ныспысын түсіндіріп, оларға шағын болса да өздерінің бизнесін ашуға қолғабыс жасау керек. Сонда ғана еңбек күші алға дамиды.
Арнайы сатыдағы ауыл тұрғындарына қаржы гранттарын иемденуге ықпал жасау – мен көздеп отырған мақсаттың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көптеген межелі міндеттерді жіпке тізіп айтқан болатын. Біз, жай ұран сөзді қоюымыз керек. Нақты істер жасайтын уақыт таяды.
Мені қолдаңыздар. Жаңа Қазақстан жайдақ сөзбен құрылмайды. Ол мына мен және менің замандастарым секілді алғыр әрі сөзін екі етпейтін азаматтардың іскерлігімен құрылады. Жоғарыда да айтып өттім, халыққа жақын болып, елдің қамын ойлау – менің басты қағидам. Ел мерейінің өркендеп, мемлекет экономикасының дамуына бар күш-жігерімді салуға әрқашан дайынмын!

19 наурыз күні дұрыс таңдау жасап, дауыс беріңіздер!
Халық қалаулысын таңдау – Сіздердің қолдарыңызда!

Поделиться ссылкой: