Досаев Тұрсынбек Зікірбайұлы
Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар
Өмірбаяны
Досаев Тұрсынбек Зікірбайұлы 1965 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жақсылық ауылында дүниеге келген. 1973 жылы мектеп табалдырығын аттап, өзі білім алған оқу ошағын 1983 жылы бітіріп шыққан. 1984-1986 жылдары әскерде болып, азаматтық борышын атқарып келген. 1986-1989 жылдар аралығында РМЗ-да жұмыс істеп, 1989-1993 жылдар аралығында Луговой Зоовет техникумында білім алған. 1993-1997 жылдар аралығында «Ленин» колхозында веттехник болып жұмыс істеген. 1997-2006 жылдары «ЖАҚСЫЛЫҚ-К» ЖШС ұжымында агроном болып жұмыс атқарған. 2006-2010 жылдары «ЖАҚСЫЛЫҚ-К» ЖШС-нің төрағасы болды. 2010 жылдан бері «ЖАҚСЫЛЫҚ» шаруа қожалығын құрып, бүгінгі күнге дейін осы қожалықты басқарып келеді.
Отбасылы, 6 баласы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Ердің жасы – елуден де астық, мінеки. Бұл жаста адам баласының өмірлік көзқарасы басқаша болады екен. Ұлт тағдырына немқұрайды қарай алмайды екенсің. Болашақ ұрпағымыздың өмірін ойлайды екенсің. Міне, осындай ой мені толғандырады. Сайлауға сол үшін де қатысуға бел будым.
Құрметті сайлаушылар! Мен аудандық мәслихат депутаттығына №5 сайлау округінен түсіп отырмын. Депутаттыққа түскен себебім, атақ қуу, я болмаса жеке басымның мүддесі емес. Өзімізде де бала-шаға бар. Жоғарыда да айтып өттім, солардың болашағы жарқын, ешқандай таршылық көрмей өссе екен дейсің. «Елге адал қызмет ету керек» дегенді жиі айтып жатамыз ғой. Міне, біз соны өзімізден бастау керекпіз. Біз секілді алдыңғы толқын ағалар кейінгі толқын інілерге үлгі-өнеге көрсетуі керек. Мені сайлауға түсуге итермелеген осындай ой ғана. Жас ұрпаққа өмірлік тәжірибеден алған ақылымызды айтып, олардың алға қойған мақсаттарына аз да болса ықпал етсем, мен үшін үлкен жетістік болары анық.
Егер депутат болып сайлансам, №5 сайлау округіндегі шешілмей тұрған өзекті мәселелерді мінбеде тұрып, міндетті түрде айтатын боламын. Айталық, Жақсылық ауылында мәдениет үйі жоқ. Мысалы, Көгершін, Рахым Сәбденов, Ақыртөбе ауылдарында спорт кешені салынып жатыр. Ал, бокстан Сидней олимпиадасында чемпион болған Ермахан Ыбырайымов дүниеге келген ауылда спорт кешені жоқ. Осындай мәселелер жоқ емес, бар. Депутат болып жатсам, осы проблемаларды міндетті түрде көтеретін боламын. Бұдан бөлек, Жақсылық ауылындағы он үйдің қожайындары өз үйлерін рәсімдей алмай отыр. Себебі шаруа қожалықтарының жеріне еніп кеткен. Оны да жергілікті атқамінерлерге айтып, сауал қоятын боламын. Биыл аудандағы біраз ауылдарда сел жүрді, білесіздер. Оның ішінде Жақсылық ауылы да бар. Әрине, апат айтып келмейді, рас. Бірақ, ауызды құр шөппен сүртіп қойып, қарап отыруға тағы болмайды. Сел қаупін болдырмаудың амалы – үлкен дренажды каналдар соғу. Оған қомақты қаражат керек. Мен азамат ретінде осы мәселені шешуге қолымнан келгенше ықпал етуге тырысамын. Құлан ауылындағы Ертіс көшесінің шығыс жағына мүлдем электр жарығы жүргізілмеген. Сонымен қатар Сейфуллин, Сұлутөр,Уколов көшелерінде жарық шамдары толық жанбайды. Жаз айында Уколов көшесіндегі екі қабатты үйлерге су жетпейді, водозабор ескі, су құбырлары тозған. Осы төңіректегі РМЗ-да тұратын жанұялар балалар ойнайтын ойын-алаңының рахатын сезіне алмай отыр. Бұны да қолымнан келгенше шешуге тырысамын. Сонымен қатар аз қамтылған отбасы балаларына берілетін ыстық тамақтың сапасын басты назарда ұстаған жөн. Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ететін боламын. Одан бөлек, ауылдағы бос тұрған бұрынғы дәрігерлік амбулатория ғимаратынан музыкалық мектеп бөлімшесін аштыруға әрекет жасайтын боламын.
Мені қолдап, дауыс беріңіздер!