Көпбаев Төленді Жүнісбайұлы
Жамбыл облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар
Өмірбаяны
Көпбаев Төленді Жүнісбайұлы 1968 жылдың 14 қыркүйегінде Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Абай атындағы колхозда шаруа отбасында дүниеге келген. 1975-1985 жылдар аралығында Абай атындағы орта мектепте оқып, білім алған. 1986-1988 жылдары Кеңес Армиясының қатарында азаматтық борышын өтеген. 1989-1992 жылдар аралығында Абай ауылының колхоз басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарған. 1993-1999 жылдары Тұрар Рысқұлов аудандық ішкі істер бөлімінде жауапты қызметтер істеген. 1996-2001 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Дене тәрбиелеу мәдениеті және спорт» мамандығы бойынша толық курсын бітіріп шыққан.
2000-2003 жылдар аралығында «Семсер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызмет атқарып, одан кейін Абай ауылындағы «Байсейіт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастығы міндетін атқарған. Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов аудандық ІV-V шақырылымының мәслихат депутаты болған. Тұрар Рысқұлов ауданының «Құрметті азаматы». «Алмас» шаруа қожалығының басшысы.
Отбасылы. 1 ұл, 2 қыз, 4 немересі бар.
Сайлауалды БАҒДАРЛАМАСЫ
Қымбатты жерлестер! Мен қасиетті Жамбыл өңірінің құт қонған Құлан жерінде, тарихы терең аядай Абай ауылында туып-өстім. Туған өлкемнің тарихын да, халқымның, өз жерлестерімнің ел болу тарихы мен басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді де жақсы білемін. Ат жалын тартып мінгеннен, бүгінгі күнге дейін осы өңірді дамыту жолындағы сан алуан қызмет пен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, өлкені дамытуға белсене араласып келемін. Бұл бағыттағы жетістіктерімді жерлестерім жақсы біледі. Менің өмір жолым да, еңбек жолым да халықтың көз алдында.
ҚР Президентінің ҚР Парламенті Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға депутаттар сайлауын тағайындау туралы Жарлығы аясында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болуға бел будым. Мен «БАЙТАҚ» жасылдар партиясы атынан өзін-өзі ұсыну тәртібімен депутаттыққа үміткермін. Өлкемізді жан-жақты дамыту, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу мәселелері облыстық мәслихат депутаттары арқылы шешіліп келеді. Жамбыл облысында да шешімін күткен мәселелер жетіп артылады. Өлкеміздің қай жерінде де тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ірілі-ұсақты барлық мәселелерін алдымен өздері сайлаған депутаттарға айтып жатады. Өйткені, депутат – халық сенімін иемденген тұлға, аманат жүгін арқалаған азамат. Бүгінгідей күрделі кезеңде осындай зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен табылу кім-кімге де сын болатынын жақсы білемін. Мен сайлаушылардың сенімін иемденіп, депутат деген мәртебелі мандатқа қол жеткізсем, Жамбыл облысында мынадай өзекті мәселелердің оң шешімдерін табуға әрекеттенетін боламын.
1. Экономиканы дамыту бағыты бойынша:
– Жамбыл өңірінің басты проблемасына айналған фосфор өнімдері қалдықтарын өңдеу зауытын салу жөніндегі халықтың және ғалымдардың ұсыныстарына қолдау көрсету және жүзеге асуына ықпал ету.
– Отандық өнімдер шығаратын жаңа кәсіпорындар ашуға ықпал ету. Шағын кәсіпкерлікті дамыту. Ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсету. Жастарды шағын кәсіпке баулу арқылы жастар арасында жұмыссыздықты жою.
2. Жаңа әлеуметтік саясат аясында:
– Жергілікті жас мамандарды тұрақты жұмыспен қамту;
– Жас жанұялар мен мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерді тарту, сапалы тұрғын үйлердің көптеп салынып, қолжетімді бағада халықтың сатып алу тетіктерін дұрыс үйлестіру;
– Денсаулық сақтау мен білім берудің үздік әлемдік стандарттарына қол жеткізу;
– Жастар бастамаларын барынша қолдай отырып, олардың арнайы ауыл шаруашылығы, өндіріс, өнеркәсіп т.б. салаларындағы мамандықтарда тегін оқып, мамандық алуына, жұмыспен қамтылуына жағдай жасау.
3. Этносаралық татулық пен келісімді қорғауда:
– Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлікте қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға атсалысу;
– Облыс көлемінде, әсіресе, өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақтарда мемлекеттік тілдің аясын барынша кеңейту мақсатындағы жұмыстарға бастамашы болу;
– Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу рухында тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмге баулу мақсатындағы жұмыстарға қолдау көрсету.
4. Сыбайлас жемқорлықпен күресуде:
– Қай салада да жемқорлық әрекеттерге жол бермеу, адамдарда жемқорлық әрекеттерге төзбестік ахуал қалыптастыру.
– Әділетті қоғам құруға атсалысу;
5. Экологиялық мәдениет қалыптастыруда:
– «Таза су мен ауа, таза жер, таза адами қарым-қатынас, таза саясат» деген партияның басты ұстанымын халыққа ұғындыру арқылы жаңа Қазақстан құруға үлес қосу;
– Экологияны қалпына келтіру, тұрғындарды таза ауамен қамтамасыз етіп, қауіпсіз қоршаған орта мен өзге де әлеуметтік құқықтарға жол ашу тетіктерін оңтайлы жүзеге асыруға атсалысу;
– өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, табиғи ресурстарды пайдаланудың жалпы әділеттілік қағидаттарын қалыптастыру, инновациялық технологияларды енгізу, қоршаған орта саласын цифрландыру, табиғатты қорғау санасын қалыптастыруды балабақшадан бастап ересектерге дейін өмірлік ұстаным жасау идеясын халық арасында жүзеге асыру;
– Дала демократиясы дамыған, жоғары-рухани адами құндылықтарға негізделген, қуатты аграрлық салаға айналған, экологияға ерекше мән беретін әлемге танылған жаңа Қазақстанды құруға үлес қосу;
Құрметті жерлестер!
Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру – үлкен міндет. Жаңа реформаларды жүзеге асыру арқылы және Партияның Сайлауалды бағдарламасының толықтай орындалуы арқылы біз ұлттық сананы өзгертеміз, экологияны жақсартамыз, экологиялық мәдениетті қалыптастырамыз, отаншылдықты арттырамыз, ел бірлігін нығайтамыз, Тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтай отырып, Қазақстанды өркениетті елдер санатына көтеріп, Мәңгілік Елге айналдырамыз.
Сондықтан мен жерлестерімді алдағы сайлауға бір кісідей белсене қатысып, елімізді дамытудың көшбасында келе жатқан «БАЙТАҚ» жасылдар партиясына, осы саяси партия ұсынған кандидаттарымызға және үміткер ретінде маған дауыс беруге шақырамын.
Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.