Саймұратова Қымбат Абдибайқызы

294 Views

Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар

Өмірбаяны

Саймұратова Қымбат Абдибайқызы 1971 жылдың 26 қыркүйегінде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Көкарық ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Жамбыл атындағы орта мектебінде білім алған. Ұлты – қазақ. Білімі – арнаулы орта. 1988 жылы Жамбыл мәдени ағарту училищесіне оқуға түсіп, аталмыш оқу ордасын 1990 жылы «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша бітірген. 1991 жылдан бастап мәдениет саласында қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда Құмарық ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі.
Отбасылы, 1 ұлы, 4 қызы, 6 немересі бар.

Сайлауалды бағдарламасы

Құрметті сайлаушылар! Елең-алаң шақта ұлт мүддесі үшін қара бастың емес, мұқым елдің абыройы мен болашағын ойлаған алаш арысы Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі бар. Әйел азаматшасы болсам да, алаш көсемдерінің бірі болған Әлихан Бөкейханұлының осы бір ұлағатты сөзі – менің өмірлік кредом десем болады.
Мен ұзақ жылдардан бері мәдениет саласында еңбек етіп келемін. «Мәдениеттің мәйегі – кітап» дегенді қазақтың халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқан. Мамандығым кітапхана ісі болғандықтан, жастарымыздың кітап оқуға деген талпынысы мені ұдайы ойландырады. Біздің алдымыздағы аға ұрпақ өкілдері, менің замандастарым кітапты жарғақ құлағымыз жастыққа тимей оқыдық десем артық болмас. Өкінішке орай, қазіргі буыннан ондайды байқай бермейсің. Бір жағынан, жас ұрпақты жазғыра да алмайсың. Өйткені, қазір жаһандану заманы. Мына қолымыздағы смартфон барлығын өзгертті. «Алдымен өзіңді таны, сонда ғана әлемді тани аласың» деген Сократтың сөзі бар. Сондықтан, біз, алдымен жастарымызға өзімізде бар ұлт жауһарларын дәріптеп, олардың назарын мәдениет пен руханият саласына аударуымыз керек.
Менің №3 сайлау округінен өз-өзін ұсыну тәртібімен депутаттыққа түсудегі мақсатым да – сол. Егер де депутат болып жатсам, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға барынша үлесімді қосқан болар едім. Құмарық ауылдық округінде көптеген жиналыстар өтіп жатады. Айталық, осы ауылдық округке қарасты Қаракемер елді мекенінің тұрғындары сондай келелі кездесулерде балабақша салу мәселесін көтеріп жүр. Иә, рас, қазір балабақша салу тек жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында жүргізіледі. Көп жағдайда кәсіпкерлер бұл мәселеге құлықсыздық танытып жатады. Белді кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жасап, осы мәселеге шама келгенше ықпал етсем деймін. Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің айлық жалақысы жылдан-жылға көтеріліп келеді. Шүкір дейміз. Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтар мен азаматшалардың еңбектері ұшан-теңіз. Олардың еңбектері лайықты деңгейде бағаланса деймін.
Депутат болсам, аудан экономикасы мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлесімді қосатын боламын. Атқарушы билік өкілдерімен бірлесіп, өзім сайлауға түсіп отырған округ халқының мәселесін шешу – менің басты мақсатым. Осы жолда бар күш-жігерімді сарқа жұмсауға дайынмын.
Мен Сіздермен біргемін.

Республикалық бюджеттен сайлауға бөлінген қаражат есебінен төленді.

Поделиться ссылкой: