«Сенім маршруты ҚҰЛАНҒА КЕЛІП ТОҚТАДЫ
Әр адам өз құқығын тиісті деңгейде қорғай алуы тиіс. Дегенмен, қазіргі қоғамда өзгені былай алғанда өз құқығын қорғай алмайтын жандар да жетерлік. Осыны ескерген болуы керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған соңғы Жолдауында аталмыш салаға серпін беру керектігін айтып, жұмысты жүйелеу үшін нақты шараларды қабылдау маңызды екенін ескертті. Бүгінде бұл тапсырмаға сәйкес облыс аумағында тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда. Соның бірі – «Сенім маршруты» жобасы.
Дәл қазір облыстық прокуратура қызметкерлері қолға алған бастама сәтті жүзеге асуда. Жоба аясында құрылған арнайы топ облыстың әр өңірінде болып, әкімдік өкілдерімен, кәсіпкерлермен, еңбеккерлермен және қарапайым ауыл тұрғындарымен кездесуде.
Апта басында ауданымызға жоғарыда атап өткен бастаманы іске асыру мақсатында облыс прокурорының орынбасары Әділ Кәрім бастаған топ арнайы келді. Әділ Әбдіқадырұлы ең алдымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиналысқа қатысып, аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған бірнеше сала басшыларының баяндамаларына құлақ түрді.
Жалпы ауданда саяси ахуал тұрақты екен. Дейтұрғанмен, кезегін күтіп, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер де баршылық. Соның салдарынан аудан аумағында 21 ыстық нүкте картасы түзілген. Бірақ оған арқау болған маңызды мәселелер дереу бақылауға алынып, бірқатары оң шешіліпті. Бұл туралы жиында аудан әкімі Ернар Есіркепов баяндады. Сондай-ақ, Ернар Серікәліұлы өз баяндамасында дін, саяси тұрақтылық, этносаралық байланыс туралы сөз етті.
Аудан әкімінен кейін мінберге аудан прокуроры Алмас Арыстанбеков, аудандық полиция бөлімінің басшысы Шалқар Дәулетқұлов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесі басшысының міндетін уақытша атқарушы Аслан Қожалиев шығып, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды жіпке тізді.
Жиын аяқтала салысымен-ақ облыс прокурорының орынбасары Әділ Кәрім аудан тұрғындарын жеке де қабылдады. Онда тұрғындар жердің жетіспеуі мен кәсіпкерлерді қорғау сынды мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, Әділ Әбдіқадырұлы іссапар барысында Луговой ауылында орналасқан «Рельс дәнекерлеу» зауытының қызметкерлерімен кездесіп, кәсіпорынның жұмысымен толық танысты. Сонымен қатар, облыс прокурорының орынбасары Жалпақсаз елдімекеніне арнайы барып, өткен жылы пайдалануға берілген теміржол өткелінің бүгінгі таңдағы жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарын толғандырған сұрақтарға заң аясында жауап берді.
Жәнібек СҰЛТАН.