Аналар, ардақтылар, аяулылар!

349 Views

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай ауданымызда көптеген ілкімді іс-шаралар ұйымдастырылды. Өзіміз куә болған дәл сондай мерекелік шара аудандық Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің ішіндегі «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде өтті. Аталмыш іс-шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, ақ жаулықты аналарды мерекелерімен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде «Еркек үйдің иесі, әйел үйдің киесі» деген қарға тамырлы қазақтың ұлағатты сөзін тілге тиек етіп, келесі құттықтау сөз тізгінін аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановқа берді. Қожайхан Қазыбайұлы сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді.
«Құрметті асыл әжелер, ардақты аналар, көркем қыз-келіншектер! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын.

Дендеріңіз қуатты, өмірлеріңіз шуақты болсын деп:
Әйел сенің ақылшың да айбарың,
Ол барында естімейсің қайғы әнін.
Әйел сенің күзетшің де сақшың да,
Өміріңе қамқоршы боп қойғаның.
Барлық әлем аналардан жаралған,
Барлық адам аналардан таралған.
Барлық гүлден жұпар жинап бойына,
Әйел күннің шуағынан жаралған» деген жыр-жолдарын айтты.
Іс-шара дөңгелек үстел форматында өтті. Барлығы еркін. «Сөйлеймін» деген әйел азаматшаларға микрофон дайын. «Мына кісі мынадай мәтінде сөйлейді» деген бюрократия мүлде болған жоқ. Бауырсақпен шәй ішіп, барлығы емен-жарқын пікірлесіп, арасында қазақы қалжыңмен әзілдесіп, сондай бір керемет кездесу болды. Айтарға сөз жоқ енді. Әр түрлі салада еңбек етіп, зейнетке шыққан ақ жаулықты аналардың сөйлеген әрбір сөздерінен риясыз көңіл мен ниеттің тазалығы аңғарылып тұрды. Айталық, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, білім саласының ардагерлері Ғалия Өтеулиева, Тұрсынкүл Сағымбекова, Есенкүл Мұхтарова, «Сударушка» халықтық-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Любовь Левицкая және аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында ұзақ жылдар бойы еселі еңбек еткен зейнеткер Ұлту Жайлышева осындай кез­десу ұйымдастырып, халық­аралық әйелдер мерекесімен құттықтаған аудан басшысына зор ризашылықтарын білдірді. Кездесуге қатысқан барлық әйел азаматшаларға арнайы сыйлықтар таратылып, аудан басшысы Ернар Серікәліұлы соңынан ардақты да аяулы аналармен бірге естелік суретке түсті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: