Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау – басты назарда

314 Views

Қоғамдағы демократияның даму деңгейі биліктің тиісті халық­аралық-құқықтық құжаттарды ратификациялауды қоса алғанда, адамның құқықтары мен бостандық­тарын мойындауымен ғана емес, оларды іске асыру мен қорғаудың тиімді мемлекеттік тетігінің болуымен де анықталады.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне қарсы күрес мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру саласында бір­қатар маңызды реформалар жүргізді. Бұл республиканың адам құқықта­рын, жалпы адамзат және демократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге өзінің бейімділігін растады. Азап­тауға қарсы күрес – халықара­лық деңгейдегі проблема. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 39/46 қарарымен, азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар — намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлеріне қарсы конвенцияны қабылдады. Қазақстан аталған Кон­венцияға 1998 жылдың 26 тамызында қосылған.
Азаптауға қарсы Конвенцияның 5-бабында «ешкімді азаптауға немесе қаты­гез, адамгершілікке жатпайтын немесе оның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас пен жазалауға болмайды» деп белгілейді.
Халықаралық құқық азаптаулар мен оларға теңестірілген жазалау түрлерін қолдануға негіз болатын жағдайлар­дың болу мүмкіндігін жоққа шығарады.
Қазақстан Республикасы Конституция­сының 17-бабында адам­ның қадір-қасиетіне қол сұғылмай­тындығы айтылған. Ешкімді азаптау­ға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.
Осыған байланысты азаптауға қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.

ҚК-тің 146-бабының 1-бөлігіне сәйкес, азаптау ретінде тергеушiнiң, анықтауды жүзеге асыратын адамның немесе өзге де лауазымды адамның не олардың айдап салуымен не олар біле тұрып немесе олардың үнсіз келісімімен басқа адамның азапталушыдан немесе басқа адамнан мәлiметтер алу немесе мойындату, басқа адам жасаған немесе жасады деп күдiк келтірілген әрекет үшiн оны жазалау, сондай-ақ, оны немесе үшiншi тұлғаны қорқыту, мәжбүрлеу мақсатымен немесе кез келген сипаттағы кемсiтуге негiзделген кез келген себеп бойынша қасақана тән зардабын және (немесе) психикалық зардап шектiруi болып табылады.
Бұл қылмыстың белгілері төмендегідей:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) бiрнеше рет;
3) денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтiре отырып;
4) кiнәлi адамға жүктiлік жағдайда көрiну, әйелге немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет;
5) жәбiрленушiнiң денсаулығына ауыр зиян келтiруге немесе абайсызда оның өліміне әкеп соққан;

Т.Рысқұлов ауданының прокуратурасы ЕСКЕРТЕДІ:
2023 жылдан бастап қылмыстық-процестік кодексіне және «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына сәйкес азаптау туралы қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру прокурорлармен жүргізіледі.
Осыған орай, қылмыстық қудалау органының қызметкерлері тарапынан азаптау фактілері орын алған жағдайда, төмендегі әрекеттер тәртібін ұстануды сұраймыз:
– азаптау фактілері бойынша аудан прокуратурасына «4-15-12» нөмірі арқылы немесе кезекші прокурордың телефонына хабар беруді;
– кезекші прокурордың келуін күтуді;
– азаптау көрсеткен қызметкерлер, орын мен уақыт туралы оқиғаның нақты мән-жайларын көрсете отырып, арыз жазуды;
– келтірілген дене жарақаттарын бекіту мақсатында медициналық куәләндіруді өтуді;
– айғақ заттарды сақтауды (киім, жыртылған немесе бүлінген заттар, бейнекамера жазбалары және т.б.).

Т.Рысқұлов ауданының прокуратурасы.

Поделиться ссылкой: