Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
ОРАЗА ДЕГЕН НЕ?
Ораза дегеніміз – белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсілік қалаулардан тыйылу.
Оразада ішіп-жеу және құмарлық сезімдерден сақтану – парыз. Оразаның уақыты – қою қараңғы кезде көкжиекте таң екінші рет жылт етіп, қылаң бергеннен басталып, күннің батуына дейінгі уақыт. Жалпы, сақтық үшін алғашқы таң қылаң бергенде ішіп-жеуді тоқтатқан жөн.
ОРАЗА ҰСТАУ СІЗГЕ ПАРЫЗ. ӨЙТКЕНІ СІЗ?
1. Кәлиманы айтқан мұсылмансыз;
2. Балиғатқа толдыңыз, ақыл-есіңіз бүтін;
3. Ораза ұстауға күшіңіз жетеді, тұрғылықты азаматсыз.
ОРАЗАМ ДҰРЫС БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ:
1. Етеккір мен нифастан тазаруыңыз керек. Етеккір мен нифас жағдайында болсаңыз, уақыты өткесін оразаның қазасын өтейсіз.
2. Оразаға ниет етуіңіз керек. Барлық оразаға шын көңілмен ниет етуіңіз – жеткілікті. Түнде ертең ораза екенін біліп, ораза ұстауға ниеттенсеңіз немесе сәресіге тұрсаңыз, ниет еткенге саналады. Тілмен айтсаңыз, тіпті жақсы.
АУЫЗ БЕКІТЕРДЕ ОҚИТЫН ДҰҒАҢЫЗ:
«Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамадана минәл фәжри иләл мәғриби хәлисән лилләһи тәғәла».
Қазақша мағынасы: Бір Алланың ризалығы үшін таңнан күн батқанға дейін Рамазан оразасын ұстауға ниет еттім.
АУЫЗ АШАРДА ОҚИТЫН ДҰҒАҢЫЗ:
«Аллаһуммә ләкә сумту, уә бикә әмәнту, уә аләйкә тәуәккәлту, уә алә ризқикә әфтәрту, фәғфирли мә қаддәмту уә мә аххарту би рахмәтикә иә архамәр рахимин».
Қазақша мағынасы: Уа Алла! Сен үшін ораза ұстадым. Саған иман келтіріп, бір Өзіңе тәуекел еттім. Сен берген ризықпен ауыз аштым. Менің алдағы да кейінгі күнәларымды кешіре гөр, уа қамқоршылардың қамқоршысы, Сенің мейірімділігіңе сүйеніп сұраймын.
ОРАЗАНЫ НЕ БҰЗАРЫН БІЛГЕНІҢІЗ ЖӨН:
1. Әдейі біле тұра, бір нәрсені жеп-ішу;
2. Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
3. Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту. Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза шыққаннан емес, кірген нәрседен бұзылады».
4. Жұбайымен қосылу, (яғни таң намазынан ақшам намазына дейін қосылу оразаны бұзады).
5. Себепсізден-себепсіз қоректік қасиеті бар заттарды біле тұра, әдейілеп жеу оразаны бұзады;
Мұндай жағдайларда кәффарат оразасын ұстау қажет. (Кәффарат деп рамазан оразасын себепсізден-себепсіз әрі біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейге ас беруді айтады).
ОРАЗАНЫ НЕ БҰЗБАЙТЫНЫН БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ:
1. Ұмытып ішіп-жеу бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде, жеп-ішуді дереу доғару керек;
2. Ұйқыдан жүніп (поллюция) күйінде ояну;
3. Ауызға келген қақырықты жұту;
4. Түкіріктің және мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
5. Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
6. Ауызға түтін, топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қар ұшқыны, жаңбыр тамшылары еріксіз кіруі;
7. Тістің арасында қалған тамақ қалдығының ноқаттан кішкене болуы. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу;
8. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның еріксіз ішке қайта кетуі;
9. Қан алдыру, сүлік салдыру;
10. Көзге, құлаққа дәрі тамызу, көзге сүрме жағу;
11. Ішке суын жұтпай, мисуакты, тіс пастасын қолдану (Мүмкіндігінше таң намазына дейін қолданған дұрыс);
12. Тіс жұлдыру. Бірақ ауыздағы қан яки дәріні жұтпау керек;
13. Ауыз бен мұрынға су алып, жұтқыншаққа жібермей шайқау.
14. Душқа жуыну, теңізге, көлге, бассейнге түсу. Бірақ су жұтып қоймау керек.
ЕГЕРДЕ СІЗ, ОРАЗА КЕЗІНДЕ…
1. Жолаушылап, сапарда жүрсеңіз, ауыз бекітпеуіңізге рұқсат, бірақ басқа күндерде қазасын өтейсіз;
2. Жүкті болсаңыз немесе бала емізіп жүрсеңіз, сондай кездерде денсаулығыңыз бен балаңызға зиян тиюден қорықсаңыз, ораза ұстамауыңызға рұқсат, кейін қазасын өтеп аласыз);
3. Науқастанып ауырсаңыз, сенімді дәрігер егер ораза ұстаған жағдайда денсаулығыңызға зиян келетінін жан-жақты зерттеп барып айтса, ораза ұстамауыңызға рұқсат. Кейін жазылған соң қазасын ұстайсыз;
4. Ораза кезінде етеккір көрсеңіз немесе босансаңыз, – оразаңыз бұзылады. Ондайда, кейін қан тоқтағасын қазасын өтейсіз;
5. Қартайып, әл-дәрменнен айырылсаңыз, яғни оразаны ұстауға денсаулығыңыз көтермесе, фидия бересіз, яғни бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп, бір ай бойы тамақтандырасыз. Оған шамаңыз келмесе, Аллаға тәубе етесіз.
Қазіргі уақытта фидияның шамасы 3000 теңгеге тең келеді. Орта есеппен алғанда таңғы және кешкі кешенді астың бағасымен есептелінген. Фидияны берудің жолы көп. Мәселен, бір мезетте 60 кедейге ас берумен немесе 1 кедейге 30 күн бойы таңғы және түскі асын алып берумен орындалады.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы.