Тәрбиенің бастау көзі – балабақшадан басталады

111 Views

Алаш зиялысы Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты еңбегінде: Әрбір ұлттың баласы өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті» деп жазған.
Өзім қызмет істейтін «Балауса» бөбекжай-бақшасындағы әрбір тәрбиеші алаштың алдаспан ақыны Мағжан Жұмабаевтың осы бір ұлағатты сөзін жұқамыр жүрекке мықтап сақтаған. Біздің балабақша қызметкерлері ұлттық үрдістерді түрлі іс-шаралар барысында, серуен уақытында, ойын іс-әрекеттерінде үнемі пайдаланып, баланы ұлтжанды етіп тәрбиелеуге өз үлестерін қосып келе жатыр. Оған ешқандай күмән жоқ.
Айталық, әз-Наурыз мерекесіне орай «Балауса» бөбекжай-бақшасында жыл сайын іл­кімді іс-шара ұйымдастырылады. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, Ұлыстың ұлы күніне орай «Қарлығаш» ортаңғы тобының бүлдіршіндері­мен «Қош келдің, әз-Наурыз» деген тақырыпта мәні мен маңызы зор іс-шара ұйымдастырдық. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекелік шарада «Бесікке салу», «Тұсау кесер» секілді тағы да басқа салт-дәстүрлеріміз сахналық көрініс тауып, оның құндылықтары түсіндірілді. Бүлдіршіндер тақпақ оқып, би билеп, шараның көрігін одан әрі қызықты етті.
Біз осы «ұлттық» деген сөзді көп айтамыз. Бірақ астарына терең үңіле бермейміз. Меніңше, «ұлттық» деген сөздің астарында елге, жерге, тілімізге, дінімізге деген зор құрмет жатыр. Ал «Осы құндылықтарға баланы үйрететін кім?». Әрине, балабақша тәрбиешісі. «Театр – киім ілгіштен басталады» деп, Станиславскийдің өзі айт­пап па еді. Сол айтқандай, тәрбиенің бастау көзі – балабақшадан басталса керек. Балаларымыздың рухы асқақ, мәртебесі биік болсын десек, ұрпақ тәрбиесіне сергек қарамауымыз қажет. Балабақшада ұйымдастырылған кез келген іс-шара баланың ойлау деңгейін жетілдіріп, сана-сезіміне айрықша әсер ететіні сөзсіз.

Гаухар Байтүгелова,
«Балауса» бөбекжай-бақшасының «Қарлығаш» ортаңғы тобының тәрбиешісі.

Поделиться ссылкой: