Наурыз шуағы
Ерте заманнан бері әр халықтың көпшілік болып тойлайтын мерекелері болған. Сондай мерекенің бірі – әз-Наурыз мейрамы. Қытымыр қыстан аман-есен шыққан халық, күн мен түннің теңесіп, нұр шуағын төгетін Наурыз мейрамын тағатсыздана күтеді. Осы бір көктемнің керемет мерекесіне дана халқымыз әрқашан жақсылық пен молшылық бастауы деп қараған.
Жуырда «Наурыз шуағы» тақырыбы аясында Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының оқушылары мен педагогтары көп балалы және аз қамтылған отбасыларды аралап, көктем мейірімімен бөлісуге тырысты.
Сондай шараның бірі Тереңөзек ауылында жалғасты. Нақты айтар болсақ, Жамбыл орта мектебінің базасында құрылған «Футбол» үйірмесінің белсенді оқушылары мен жетекшілері аталған ауылдың аз қамтылған тұрғынының үйіне барды. Аз қамтылған отбасының отағасы Жусанбай Емберген ат әбзелдерін жасаумен айналысады екен. Алайда тапқан табысы отбасын асырауға жетпейді. Үйірме оқушылары мен жетекшілері осынау көктемнің керемет мерекесінде аталмыш отбасына моральдық және материалдық көмек көрсетті. Көмек көрсетуге барған оқушылар ұстаның қолынан шыққан ат әбзелдерін көріп, құнды жәдігерлерге айналып бара жатқан бұл бұйымдарда сайын даланың, ата-бабамыздың, еркіндіктің лебі бар екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізіп қайтты.
Балалар мен жасөспірімдердің
туризм және өлкетану орталығы.